Home » Мақалалар » Белсенді оқыту және оқылым дағдысын қалыптастыруға арналған әдіс-тәсілдер

Белсенді оқыту және оқылым дағдысын қалыптастыруға арналған әдіс-тәсілдер

Габдрахимова Арайгуль Кубисултановна

Атырау облысы,  Атырау қаласы

№17 мектеп- лицейі

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

 

Белсенді оқыту және оқылым дағдысын қалыптастыруға

арналған әдіс-тәсілдер

Сабақ барысында оқылымды жүзеге асыру оңай емес. Ұсынылған мәтінді ынтамен оқуға, ақпараттарды анықтап, білетіні мен енді үйренгендерін саралай алуға үйрету және оны оқушылардың уәжі мен белсенділігі төмендемейтіндей етіп ұйымдастыру мұғалімдер үшін маңызды әрі жауапты.  Төменде ұсынылып отырған әдіс- тәсілдер жоғарыда аталған мәселелерді жүзеге асыруға мүмкіндіктер ұсынады.

Ойлан, жұптас талқыла – ой қозғау стратегияларының негізгілерінің бірі. Сабақтың бірінші кезеңінің мақсатына сәйкес келеді. Себебі кез- келген оқушыға өзінің алғашқы білетіндеріне оралып, оның ішінде осы түсінік пен сөзге қатысты білетіндерін таңдап алуға мүмкіндік береді. Оның тізімін жұбымен бөліскенде, көбірек сөздер мен идеялар алуға көмектеседі, сонан соң топта талқылау, соңғы тізімін нақтылау үшін қажет, мәнсіз деп есептелген керексіздері алынып тасталады. Ол былай орындалады:

  1. Әр оқушы өз бетімен ойланады және жазады. ? уақыт беріледі.
  2. Оқушылар бір- біріне бұрылып жазғандарымен бөліседі.
  3. Мұғалім бағыттауымен топта  жұмыс істейді, ортақ тізім жасайды.
  4. Әр топ кезекпен- кезек ортақ тізімге бір- бір сөзден қосады. Мұғалім барлық айтылған ойларды, соның ішінде пікірталас туғызатын ойларды да жазып отырады.

Терминдер арқылы болжау – оқушылардың оқығалы отырған мәтіндерін болжауға итермелеуге бағытталған тәсіл. Ол үшін мұғалім:

—         Мәтіннің мазмұнымен байланысты 4-5 сөз таңдап тақтаға жазады;

—         Оқушыларға болжауға бағытталған сұрақ қояды;

—         Өз беттерімен ойлануға және жұбымен өз әңгімелерін құруға мүмкіндік береді.

Ой қозғау – сабақ басында оқушыларды қызықтыру және оқитын мәтінмен танысуға дайындау. Осы тақырып бойынша оқушылардың нені білетіні анықталады. Қажетті тұжырымдар мен сөздердің тізімін енгізу үшін қойылған сұрақ бойынша шешім қабылдауға көмектеседі.Сөйлеуге аз ғана уақыт беріледі, жетелейтін сұрақтар қойылып, пікірлері мадақталады.

«Ассоциация» әдісі оқушылардың бұрыннан білетіндерін естеріне түсірте отырып, мәтінді  қызықтыру мақсатында пайдалануға болады.

Ол үшін:

—   мәтіннен  түйін сөзді айтып, «Осы сөзді естігенде ойларыңызға не келеді?    Көз алдыңызға не елестейді? Осы сөз туралы білетініңді жекелеген сөздермен, сөз тіркестерімен жаз», — деген тапсырма беріледі.

2 минуттай уақыт беріледі

Жазғандарын жұптарымен бөлісіп, ақпараттарын толықтырады

—                     Топта талдайды

—                     Әр топтың ақпаратын мұғалім тақтаға жазады. Сабақ соңында осы жұмысқа қайта оралып,  қатысы жоқ артық ақпараттарды алып тастап, қатысы бар жаңа ақпараттармен толықтыруға болады.

Енді мәтінді оқуға арналған әдіс- тәсілдерге тоқталар болсақ:

«Түртіп алу» әдісі — әр оқушының мәтінді түсінуіне,белсенді оқытуда оқушының өзін- өзі бағалауына мүмкіндік ұсынатын тиімді стратегия.

  1. Түртіп алудың түсініктемесін тақтаға немесе қағазға жазып қою керек.
  2. Оқып болған соң өздері қойған белгілеріне сәйкес кестесін толтырады.
  3. Жұпта талқылайды
  4. Кестелерін топта талқылап, сыныптың жалпы кестесіне не енгізу керек екенін анықтайды.
  5. Сыныптың ортақ кестесі жасалынады.

«v» — егер сіздің оқып отырғаныңыз сіздің білетініңізбен сәйкес келсе, бұрыннан білетін болсаңыз,

«+» — егер алынған ақпарат сіз үшін жаңа, бұрын естімеген болсаңыз,

«- « — егер оқып отырған ақпарат сіз білген ақпаратпен сәйкес келмесе,

«?» — егер бір ақпарат туралы тереңірек білгіңіз келсе

 v+?
    

Бағытталған оқу – оқушыларды оқу барысында сұрақтар арқылы түсінуге бағыттайтын стратегия.Оқушылар оқу үрдісін әр мағыналы абзац сайын тоқтатып отырады. Ол үшін:

—         Мұғалім әңгімені мағыналы бөліктерге бөледі.Содан соң мұғалім түсінуге бағытталған әр үзінді бойынша әр бөлікті оқығанға дейін немесе оқығаннан кейін қойылуы мүмкін сұрақтарды дайындайды.

—         Соңында қайта қарауға және алынған білімді қолдануға ықпал ететін тапсырма берілу керек.

Енді жоғарыда айтылған әдістерді мәтіндерді оқытуда қолдану жолдарына тоқталайық.

Қазақ әдебиеті сабағында мәтінді оқыту үшін «Терминдер арқылы болжау», «Бағытталған оқу», «Еркін жазу» әдістерін қалай қолдануға болады? Ертегі бағдарламадан тыс, үлгі ретінде алынды. «Патшаның қызы неге бақытсыз?»

Оқылым алды кезеңде оқушыларды мәтінді оқуға дайындау, қызықтыру және мәтін мазмұнын жақсы түсінулері үшін сарай, патша, саяхатшы, қыздар деген сөздерді тақтаға жазып,(суреттерін де ұсынуға болады) тақтадағы сөздерге назар аударайық, мағыналары түсінікті ме? Қалай ойлайсыңдар, осы сөздер біз оқитын ертегіде қалай кездеседі? Ертегі не туралы болуы мүмкін? деген болжау сұрақтарын қоямыз. Уақыт алдымен жеке ойлануға, содан кейін жұпта талдауға беріледі. Жұптардың жауаптары сұралады. Осыдан кейін оқитын әңгіме немесе ертегінің тақырыбы айтылады. Ертегі «Бағытталған оқу» әдісімен оқылады. Ары қарай ертегіні оқу үшін  мәтінді мұғалім мағыналық бөліктерге бөледі.  Оқушыларға бірінші бөлігі таратылады, оқиды.

Патшаның қызы неге бақытсыз?..

Ертеде патшаның екі қызы болыпты. Патша екі қызын да жақсы көріп, қолынан келгенше оларды ештеңеден қақпай, қалағандарын жасап, айқандарын екі етпеуге тырысады екен. Дегенменде, екі қыз өсе келе мінездері өзгере бастапты. Бір күні білімді бір адам патшаға қонаққа келіпті. Патшаның қайғылы түрін көріп, себебін сұрапты. Патша: «Е-е-е… сұрама, күлмейтін бір қызым бар, дертін ешкім білмейді»-дейді. «Патшам, рұқсат етсең, сарайыңызға қонақ болайын. Мүмкін қызыңыздың қайғысының себебін табармын», — дейді жолаушы. Патша қуана рұқсат етіпті.

Бірінші бөліктен кейін қойылатын сұрақтар: Осы бөлікті оқыған кезде көз алдарыңа не елестеді? Нені көріп отырсыңдар? Қалай ойлайсыңдар әрі қарай не болуы мүмкін? Неге олай ойлайсың? Саяхатшы себебін қалай анықтауы мүмкін?Оқушылар өз ойларымен болжамдарымен бөліседі. Екінші бөлікті оқырдың алдында: «Келесі бөлікті оқимыз, өз болжамдарыңмен сәйкестігін анықтаймыз», — деп ынталандырып аламыз.

Сол күннен бастап саяхатшы екі қызды патша рұқсатымен жасырын аңди бастапты. Қараса екеуі түнде жатар алдында жастықтарының астынан бір дәптер шығарып, бір нәрселер жазып, таңертен жазғандарын оқып, орындарынан тұрады екен.

Екінші бөліктен кейін қойылатын сұрақтар: Болжамдарың сәйкес келді ме? Ол болжамды неге сүйеніп айтып едің? Қалай ойлайсыңдар қыздар дәптерлеріне не жазуы мүмкін? Неге олай ойлайсың?

Саяхатшы бір күні қыздар ұйықтағаннан кейін дәптерлерін алып оқыса, кіші қыз өзіне жасалған жақсылықтарды, ал үлкен қыз тек болмашы әділетсіздіктерд і жазыпты.Ертеңінде саяхатшы кіші қыздан рұқсат алып, оның дәптерін үлкен қыздың жастығының астына қояды. Таң атысымен патшаның үлкен қызы жастық астынан дәптерді алып оқыпты.

Үшінші бөліктен кейін қойылатын сұрақтар: Ертегі сен ойлағандай жалғасты ма? Сенің солай ойлауыңа не негіз болып еді? Жалпы ертегіде қандай мәселе көтерілгелі тұр деп ойлайсың? Неге? Ары қарай не болуы мүмкін?

Сарайдағылар екеуіне де бірдей қарағандықтан ол дәптерде жазылғандарды жатырқамапты. Өзіне жасалған жақсылықтар есіне түсісімен жүзі жадырап, қуанғаннан ән сала бастапты.Патша үлкен қызының қуанғанын көріп, өз құлағы мен көзіне өзі сенбепті. Бірден саяхатшыны шақырып, бұны қалай жүзеге асырғанын сұрапты. Саяхатшы: «Патшам, өмір айна сияқты, — дейді.

Төртінші бөліктен кейін қойылатын сұрақтар:Ертегі сен ойлағандай жалғасты ма? Енді қалай ойлайсың ертегі не туралы? Саяхатшы неге: «Патшам, өмір айна сияқты, — деді? Саяхатшы болсаң қалай түсіндірер едің?

Оның жақсы жақтарын ойласақ, бізге әдемі көрінер. Сіздің үлкен қызыңыз өмірінің жаман жақтарын ойлағаны үшін бақытсыз болған», — деп жауап береді.

Ары қарай не болады? Патшаның орнында болсаң қызыңа қандай кеңес берер едің?Дәптерлеріне жазады.

Патша үлкен қызын шақырып, оған енді дәптеріне тек жақсылықтарды ғана жазуға кеңес беріпті.
Сол күннен бастап, патшаның екі қызы да бақытты өмір сүріпті.

Сонымен әңгіме маңызды ма? Несімен маңызды?Әңгіме оқырман ретінде саған қандай ой салды? Бақыт дегенді қалай түсінесің?

Оқылымнан кейінгі кезеңде «Еркін жазу» әдісі арқылы топтарға: «Адамдарға бақытты болу үшін қандай кеңес ұсынар едің? Үш кеңес ұсыныңдар. Неліктен осы кеңестерді ұсынасыңдар?» деген тапсырма беріледі.  Оқушылар өз ойларын ұсынып, дәлелдейді.

Мәтінді оқытуға ұсынып отырған бұл әдістер тиімді деп ойлаймын. Мұғалімдер осы әдіспен жұмыс жасау барысында жеңіл сұрақтардан гөрі оқушыларды ойландыратын , талдауға жетелейтін сұрақтар мен тапсырмалар ұсынғаны дұрыс. Неге олай ойлайсың деген сұрақ жиі қойылуы керек, себебі оқушы ертегі оқиғасын дұрыс түсініп отыр ма, жоқ па соны да назарда ұстап отыруымыз қажет. Ертегі басынан аяғына дейін болжауға бағытталды. Бұл оқушыларды мәтінді оқуға ынталандырып, қызығушылықтарын жоғары деңгейде ұстап отырады және өз болжамдары ертегі сюжетімен ұқсас болған жағдайда олардың бойында сенім, сонымен қатар талпыныс күшейеді. Оқушылардың мәтінді өз бетімен оқып, талдауына мүмкіндік ұсынады. «Адамдарға бақытты болу үшін қандай кеңес ұсынар едің? Үш кеңес ұсыныңдар.Неліктен осы кеңестерді ұсынасыңдар?» деген тапсырма оқушыларды ойлануға, жауапкершілікке, өз пікірлерін дәлелдеуге, өзгелердің пікірін тыңдауға үйретеді.

Сонымен қатар «ББҮ», «Әдеби үйірмелер немесе топтық тергеу», «Жигсо» т.б. әдістер де оқылымың тиімді әдістері болып есептеледі. Тек шеберлікпен қисыны келтіре қолдану мұғалімдердің мүмкіндіктеріне байланысты.

ӘДЕБИЕТТЕР

  1. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы, 2017жылғы 31 қаңтар «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» http://adilet.zan.kz/rus/docs/K 1700002017
  2. 2018-2019 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін мектептерінде оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы. Әдістемелік нұсқау хат. – Астана: Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2018.
  3. Мұғалімге арналған нұсқаулық. Екінші басылым. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ, Педагогикалық шеберлік орталығы,2015
  4. Мұғалімге арналған үлестірме материалдар. Үшінші басылым. – «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ, Педагогикалық шеберлік орталығы,2017
  5. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы. Екінші басылым. – «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ, Педагогикалық шеберлік орталығы,2015
  6. Мирсеитова С. Оқыту ізденіс ретінде және ізденіс оқыту ретінде: Оқушылардың сын тұрғысынан ойлауын дамыту нысандары мен әдістері – Қарағанды 2011 – «Кәсіби даму мектебі» сериясы

«Ұстаз – өзгертуші тұлға. Педагогтердің санасын жаңғырту» әдістемелік ұсынымдамалары – Астана: Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА, 2018.-87 б.

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.

css.php