Қанат Едігетегі,
Алматы қаласы
№211 мектеп-гимназиясының мұғалімі
«Бұл күн қырқаларға гүл тұнады,
Бар әлем бір-ақ сәтте құлпырады.
Әлемге дос құшағын жая келген,
Армысың, бар халқымның ынтымағы!» деген жыр-жолдармен осы аптада Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай Алматы қаласындағы №211 мектеп-гимназиясының ауласында үлкен іс-шара ұйымдастырылды.
Еліміздегі халықтар достығын дәріптеп, татулық пен бірлікті нығайтуға бағытталған аталмыш іс-шараны мектеп әкімшілігі мен мұғалімдер ұйымдастырып, мерекелік сахына құрастырылып, ашық аспан астында, айырықша ахуалда өткізілді. Әр халықтың ұлттық киімдерін киген балалар мен дастархандағы тәтті тағамдар, әдемі музыкалық әуендер мен домбырашылар тобының орындауындағы «Балбырауын» күйлері іс-шараға мән-мазмұн беріп, мерекелік орта қалыптастырылып, жоғары көңіл-күйде өтіп жатты.
«Бейбітшілік – ел тілегі» тақырыбында өткен мерекелік концертті жүргізушілер қызу жүргізіп, сынып сыныптар өздеріне тиесілі әр халықтың ұлттық билерін кезек кезегімен билеп, сахнада мың бұралып, қазақ, өзбек, қырғыз, татар, ұйғыр, түрік, азербайжан және тағы басқа да халықтардың ұлттық билерін көрсетіп, өздерін нағыз өнерпаз, биші, әнші екендіктерін көрсетумен болды. Ақниет, Аделия, Райымбек секілді әнші ұл-қыздарымыз сахнаның сәнін келтіріп, әндерін орындап, көрермендердің қошеметіне бөленіп жатты.
Осылайша өзара түсіністік пен ұстамдылық танытуға, әр түрлі ұлт өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарауға бағытталған игі қадамдар біздің мектепте де жүзеге асып, Қазақстан халықтарының бірлігі күні аясында, әрі «Ұлттар достығы» фестивалі өткелі жатқан кезде оқушылар мен мұғалімдер игілікті іс-шараға барынша атсалысып, әр ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлері мен өнерлерін паш етіп, бірлігін нығайтуға үлесін қосты. Біздің сұлу да сымбатты жүргізушілеріміз: «Ынтымағы жарасқан береке күн, Білдіреді болашақ ел ертеңін. Татулық пен достығың арта берсін, Құтты болсын бүгінгі мереке күн!» деп, мерекелік іс-шараны әдемі өлең жолдарымен түйіндеп жатты.