Home » Мақалалар » Әлем мойындаған қазақтар

Әлем мойындаған қазақтар

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері әлемге тарыдай шашырап кеткен  қандастарымыздың  елге оралып ата-жұртымен қауышып, елдің өміріне белсене араласа бастағанына отыз жылдан асыпты. Сол елге оралған қандастарымыздың тағдырымен тереңірек танысу үшін мектебімізде қоғамдық-гуманитарлық пәндер бірлестігінің   тарих пәні мұғалімдері педагог-зерттеуші  Минахунова    Керимхан  Изетаевна мен педагог-модератор  Сатиева  Зульфияның ұйымдастыруымен   8 сынып оқушылары  «Әлем мойындаған қазақтар» атты сыныптан тыс іс-шара өткізді. Ондағы мақсаты, қандастарымыздың ата-жұртынан қоныс аударып шетелдерде «диаспора» атанып жүру себебін білу еді. Осы мақсатта оқушылар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қолдарына түскен материалдарды ортаға салып сұрыптап, негізінен ата-жұрттан қоныс аудару кезеңі Кеңес үкіметінің алғашқы жүргізген ұжымдастыру саясаты жылдарымен байланысты екенін, әсіресе мал-мүліктерін тәркілеп өздерін туған жерден тыс жерлерге қоныс аудартуы кезінде орын алғанын түсінді. Түрлі тарихи деректермен танысу барысында, әсіресе шекараға жақын жатқан аумақтардың халқы мал-мүлкі, ауыл-аймағымен жансауғалап шекара асуының куәсі болды.

   
Сондай бір оқиғаның куәгері, қазақты әлемге танытқан даңқты спортшы, таэквандодан 6 дүркін әлем чемпионы Мұстафа Өзтүріктің өмірі жайлы қызықты деректермен таныса отырып, қазақтың басына түскен қиын кезеңдерді көрсететін сахналық қойылым көрсетілді. Мұстафаның ата-анасы Шығыс Қазақстаннан Қытайдың Барқакөл деген жеріне қоныс аударған. Әкесі Кәбеннің қажы болғанын және аталарының ел басқарған би болғаны жайлы деректерді келтірді. Қытайда көп тұрақтамай олар отбасымен Түркия жеріне қоныс аударған екен. Мұстафа Өзтүрік сол Түркия жерінде 1954 жылы дүниеге келген. Ол жас кезінде Стамбұлдағы орта мектептердің бірінде білім алса, кейіннен Тайваньдағы халықаралық университеттің журналистика факультетінде білім алған. 1975-1980 жылы Тайбей қаласындағы халықаралық саясат университетінде халықаралық журналист мамандығы бойынша білім ала жүріп корейдің көне спорт өнері таэквандоны үйренгенін, осы өнері арқылы өзі ғана емес бүкіл қазақ халқын әлемге танытқанын  жеткізді. Сахналық қойылымда Мұстафа әлемнің түкпір-түкпірінде жүріп өзінің туған елге деген сағынышы болғанын, Қазақстанға келген соң қазақ балаларын спорттың осы түріне баулыйтын мектеп ашқаны, оның шәкірттері осы күнге дейін Мұстафа Өзтүрік салған даңғыл жолды жалғастырып келе жатқанына тоқталды. Осындай іс-шаралар арқылы оқушылардың бойына қазақты әлемге танытып жүрген тұлғаларға, жалпы шетелде жүрген қандастарға деген сүйіспеншіліктерін қалыптастыруға тырысты.

Айтақынова Гауһар Алдабергенқызы,
Алматы қаласы, Түрксіб ауданы,
Д. Бабаев атындағы №115 жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық пәндер бірлестігінің жетекшісі,
орыс тілі пәнінің мұғалімі,
педагог-зерттеуші.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.