Home » Мақалалар » Қашықтықтан оқыту –заман талабы

Қашықтықтан оқыту –заман талабы

Шуренова Гульмира Дандибаевна
Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы
Ақшұқыр мектеп-лицейінің
бастауыш сынып мұғалімі 

Елімізде төтенше жағдайға байланысты барлық республика мектептерінің оқушылары қашықтықтан оқытылып жатыр. Казіргі таңда білім жүйесінде жаңа ақпараттық технологиялар кеңінен қолданыла бастады. Ұстаздарымыз интернеттік  желі арқылы жаңа білім әдістерін пайдаланып, әр түрлі платформадағы бағдарламаларды үздік игеруде.    

         Қашықтықтан оқыту – ақпараттық құралдар және ғылыми негізделген тәсілдер арқылы білім алу жүйесі. Бұл —қолайлы уақытта, кез келген жерде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар көмегімен қашықтықтағы оқытушыдан  білім алу. Мұғалімнің біліктілігін көтереді және оқушының өз бетімен білім алуын қалыптастырады. Сонымен қатар ата-аналардың жаңа технологияға деген көзқарасын өзгертіп, ұстаз, ата-ана және оқушы арасында үштік байланыс орнатуға септігі мол.

Қазіргі білім жүйесінің заман талабына, уақыттың сұранысына қарай  дамуы, әрбір педагогтан сабақты ғылыми жобада жасауын талап етеді. Сабақты дқрыс жасай білген ұстаз оқушы жүрегіне жол тауып, оның сабаққа деген қызығушылығын арттырып, ұстаз бен оқушы арасында түсіністік пайда болады. Мұғалім өз тарапынан, оқушыларды тыңдау, олардың көзқарасын түсіне білу, сын жасай білу, әңгіме, ұйымдастыра білу керек. Әрбір ұстаз балаларды оқытуда өзінің шеберлігін қолданып, қиын жағдайларда шешімін тауып, ситуациядан шыға білуі керек.

Бұл бағытта ұстаздың рөлі мен қызметіне, кәсіби шеберлігіне талаптар күшейді. Олар оқытудың жаңа әдістемесін дайындап қана қоймай, «қашықтықтағы» аудиторияны біліктілігімен, іскерлігімен, шешендік өнерімен баурай білуі тиіс. Аудиторияны қашықтықтан онлайн-режимде басқару, ұйымдастыру шеберлігі, қызықты, мазмұнды жобаларды дайындап, білім алушылардың білімін объективті бағалау, оқушылардың үлгерімін талдау және кері байланысты қалыптастыру – бұлардың бәрі ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктейтін міндеттемелер.

Қашықтықтан оқытуды екі негізгі бөлікке бөлуге болады: техникалық және дидактикалық. Оның құралы  аудио және видео жазбалар, жергілікті және ауқымды интернеттік желілер.

Мектеп ұстаздары мен оқушылары қашықтықтан оқыту барысында Bilimland, mektep.edu. платформаларын пайдалануда. drive.google.com платформаcында оқушының білімі, әр-түрлі деңгейлік тапсырмалары тест арқылы тексеріліп отыр. Тест тапсырған әр оқушыға баллдық жүйеде бонустар беріліп, оқушының сабақ оқуға деген ынтасы артты. Бұл платформаның бір ерекшелігі барлық пәннен, барлық сынып оқушыларының тапсырмаларды орындауға болатындығы.

Елімізде төтенше жағдайға байланысты жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептерде Zoom конференциясы арқылы жұмыс жасау ұсынылып,  ұстаздар мен ата-аналар арасында жалпы мектепішілік жиналысты қашықтықтан өткіздік.

Қашықтықтан оқытуда WhatsApp желісі ұстаз бен оқушылар бір-бірімен байланыс жасай алатын басты мессенджер болып отыр. Ұстаз оқушыларымен пікір алмасып, өткен сабақты талдап, кері байланыс жасауға  тиімді

Жалпы, бүгінгі күні қолда бар платформалар ұстаздар  мен оқушылар арасында тығыз байланыс орнықтыруға мүмкіндік берді, әрі нақты дәріс беру үрдісін қамтамасыз етті. Бұл білім беру тікелей ұстаздың сабақ беру шеберлігін, тәжірибелілігін арттырып қана қоймай, ғаламтор жүйесіндегі білім беру ресурстарымен сауатты сабақ өткізуге дағдыландырды. Мұндай формат сабақ сапасын да жоғары деңгейге көтерді, өйткені әрбір сабақтың үдерісі оқушының да, ұстаздың  да жауапкершілігін арттырды. Онлайн-білім беру арқылы оқушылар дәріс оқып тыңдауды, тапсырмаларды уақытылы орындап ok.edus.kz-ке жүктеуді меңгерді.

Қашықтықтан оқытуда проблемалар аз емес. Әсіресе ауылдық жерлерде интернет байланысының әлсіздігі. Бірақ осындай кедергілерді жою мақсатында, балаларымызға күнделікті теледидар арқылы тиісті сабақтар беріліп жатыр. Республикалық екі телеарнамыз «Балапан» және «Ел арна» арқылы кесте бойынша күнде сабақ беріліп отыр.

Ата-аналар тарапынан да ұстаздарға көптеген қолдаулар беріліп жатыр, балалардың сабаққа белсене қатысуына ата-анасының да жауапкершілігі көп көмегін тигізуде. Ата-аналарға алғысымыз шексіз!

Қортындылай келе бүгінгі өсіп келе жатқан жас ұрпағымыздың денсаулығын сақтап қана қоймай, осы індеттің созылып кетпеуіне, қашқтықтан оқыту арқылы оқушыларымыздың сапалы білім алуына, зор үлесін қосып жатқан еліміздің барлық ұстаздарына алғысымды білдіремін!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.