Алматы қаласы Әуезов ауданы №104 жалпы білім беретін мектеп қаламыздағы мектептер арасынан ойып орын алып келе жатқан мектептердің бірі. Олай дейтін себебіміз де көп. Мектеп ұжымы қала әкімінің ұйымдастыруымен өтетін «Үздік педагогикалық ұжым-2018» байқауында жүлделі 2 орынды ұтып алды. Жыл сайын өтетін қалалық «Ең үздік кәсіподық ұйымы» байқауан да 2018 ж, 2019 ж қатарынан бірінші орын жүлдегерлері атандық. Мектепте білімді, тәжірибелі ұстаздар көп. Өздерінің арттарынан еріп келе жатқан жас мамандар да білімнен, өнерден кем емес. Шәкірттердің бойына білім мен тәрбие беруде аянбай еңбек етуде. Оқушыларымыз да түрлі олимпиада, байқауларға, конференцияларға қатысып аудан, қала, республика деңгейінде танылып жүр. Мектепте түрлі іс- шаралар ұйымдастырылып, аудан, қала көлемінде үнемі таратылып тұрады.
Ал, бүгінгі еліміздегі жағдайға мойынсынбай, шәкірттерге бар білімдерін, тәрбиелерін беруде ұстаздар шаршамай еңбек етуде. Жас та болса білімді, тәжірибелі басшы Айза Алпамысқызының бастауымен түрлі жұмыстар қашықтықтан атқарылуда. Барлық уақытта көмегін аянбай, ұстаздармен де, ата- аналармен де онлайн- конференциялар ұйымдастырып, байланысын үзбеуде. Мектептегі азқамтылған отбасы балалары компьютермен, интернетпен қамтамасыз етілді. Барлық оқушы оқумен қамтылып отыр. Қашықтықтан оқуға да үйренді, біз қазіргі таңда балаларымыздың жан- жақты білім алуына ықпал етіп отырмыз. Қашықтықтан оқып қана қоймай, түрлі байқаулардан да қалысып жатқан жоқ. Атап айтса, биылғы ең ірі мерекелер — Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы. Осыған орай жоспарланған іс- шаралардан да қалыс қалмай, өз кезегімен іске асырылуда. Оқушылар арасында Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу жарысы, өздерінің шығармашылықтарынан арнаулар, сурет байқаулары қашықтықтан ұйымдастырылуда. Оқушыларымыз сабақтан бос уақыттарында тақырыптарға арналаған бейнебаяндар түсіріп, жолдап отырады. Барлық іс- шаралар мектептің әлеуметтік желісінде жарияланып тұрады. Шәкірттеріміз республика, қала, аудан деңгейінде қашықтықтан ұйымдастырып отырған түрлі байқауларға бейнематериалдарын жолдап, қатысуда.
Сонымен қатар, оқушылар қашықтықтан ұйымдастырылған олимпиадаларға, байқауларға да қатысуда. «Дарын» РҒПО ұйымдастыруымен қашықтықтан өткен 7-8 сынып оқушылары арасындағы жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық жасөспірімдер онлайн олимпиадасына қатысты.
Биыл мектепті бітіруші 11 сынып оқушылары да ҰБТ-ге жоғары деңгейінде дайындықты жүргізіп жатыр. Білімдерін тегін онлайн тест тапсыру арқылы шыңдауда. Біз шәкірттеріміздің биіктерді бағындыратындарына сенеміз және сәттілік тілейміз!
Еліміздің болашағы – жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тәрбиесі — ұстаздардың қолында. Олай болса, Егемен еліміздің тұтқасын ұстар білімді, тәрбиелі оқушылар тәрбиелеуде талмай еңбек етейік!
Оразақынова М.Б., Төреқұлов Т.Т.
Алматы қаласы Әуезов ауданы №104 жалпы білім беретін мектеп
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары