Маңғыстау облысы,
Түпқараған ауданы,
Ақшұқыр мектеп-лицейінің
бастауыш сынып мұғалімі
Мусина Айнур Темировна
Біліктілік санаты: шебер педагог
Қашықтықтан оқыту тәжірибесі республикамызда біршама уақыттан бері көрініс табуда. Бірақ, мектептердің бұл үрдіске жаппай көшуі бұрын болмаған жағдай. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен төртінші тоқсанда сабақ бастағанымызда оқушыларым жаңалыққа жатсынбай қарағанымен, сұрақтар өте көп қойылды. Негізінен «Бұл не?» деген сұрақтарға жауап берумен болдым.
Қашықтықтан оқыту дегеніміз — мұғалім мен оқушы арасында қандай да қашықтықта интернет ресурстарының сүйемелдеуімен өтілетін оқытудың формасы, яғни интернет желілерінің көмегімен белгілі бір арақашықтықта оқыту. Біз сабақты ұйымдастырудың екі түрін: онлайн – интернет ресурстарының көмегімен бір–бірімізді көру арқылы және оффлайн – электоронды пошта арқылы мұғалім мен оқушы арасындағы ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін форманы ұйымдастырдық.
Мұндағы басты ұстанымымыз – «Нәтижеге бағдарланған білім моделін қамтамасыз ету». Бұл орайда үлгерім мәселесін бірінші кезекке шығару арқылы, болашақта бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны бастауыш сатыдан бастап дайындауды мақсат еттік. Әрине, аталған іс мектептік тәрбиенің ежелгі дәстүрі болғанымен, қазіргі күні мұның мазмұны мен іске асыру жолы біршама жаңғырып, кешендік сипат алатындығы белгілі. Сол себепті мектептің бастауыш сатысында оқыту мазмұнын жаңалау және жаңа әдіс-тәсілдерді пайдалануға байланысты жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Жеке тұлғаны рухани тәрбиелеуге, адамның адамгершілік болмысының қалыптасуына баса назар аударылады.
Өз басым білім мазмұны мен жаңа ақпаратты болжауда оқушыларымның қойылған міндетті шығармашылықпен дамытуға талпынысы өскеніне қуанамын. Олар ақпаратты білімнің дәстүрлі тәсілдерімен, яғни, ауызша және жазбаша сөйлеу қабілеттірін компьютерлік құралдармен ұштастыра біледі. Мұны мен оқушыларымның жаңа үрдістегі белсенділігі мен жауапкершілігінің артқанымен байланыстырамын.
Мен жуырда оқушыларыммен өзім түсірген «Ас адамның арқауы және дыбыстар мен әріптер» деп аталатын бейнесабақ өткіздім. Балаларымның белсенділігіне риза болдым. Олар ұлттық тағамдарымыз, өздері сүйіп жейтін тәттілер туралы әңгімелеп, олардың атаулары мен дыбысталуы жөнінде жарыса жазып жатты. Мұнымен де шектелмей, бір-екі қыз баланың ас бөлмесінде өздері пісіріп жатқан тағамдар туралы бейне түсірілімді де менің компьютеріме жолдап жатты. Осындай сабақтар өткізуді сұраушылар да көбейді.
Жалпы, интернет желісіндегі қашықтықтан оқыту, бастауыш сатының өзінде, үздіксіз білім берудің барлық кезеңдерін қамти алады және ертеңгі күннің білікті азаматтарын тәрбиелеуге ықпал етеді дегім келеді.