Сенімдері серік болған, іс әрекеттері бірлігімен ұйымдасқан ұжымның жұмысына тағы бір мәрте куә болдық. Жарты ғасырдан астам тарихы бар іргелі білім ордаларының бірі Нұр-Сұлтан қаласындағы №16 «Шағала» балабақшасы. 10 топта екі тілде тәлім-тәрбие беретін білім ордасының 300-ден аса тәрбиеленушісі қалыптасқан ұжымдағы тәжірибелі педагогтарға қайтара келіп жатқан түлектердің іні-қарындас,сіңлілері…
Өз мамандығына деген сүйіспеншілік, ісіне деген жауапкершілік, ата-анамен тіл табыса білу тәрбиеші мамандығын жан дүниесімен қалайтын жандардың ғана қолынан келері сөзсіз.
28 ақпан жұма күнге жоспарланған «Балалармен жұмыс жасаудағы креативті әдіс-тәсілдер» тақырыбындағы қалалық семинар қаладағы 12 балабақша педагогтарының басын қосты.
Өз ісіне жетік маман алдын-ала жасалған арнаулы жоспар бойынша тәрбие жұмысын мақсатқа бағыттап, тәрбие құралдары мен әдістерін және формаларын іздестіреді және тиімді пайдалана отырып әріптестеріне еркін көрсете алады. Сондықтан да «Шағала» балабақшасының тәжірибелі тәрбиешілерінің алған тақырыптарын аша алатындығына күмән болған жоқ.
Алғашқы сөзді балабақша меңгерушісі Түктібаева Гүлнәр Қалиасқарқызы алып, өзара тәжірибе алмасуға келген тәрбиешілерге, оқу қызметтеріне белсене қатысып, өзара пікір алмасып отыруға шақырды.
Семинар «Сәлем, керемет әлем!» биімен басталды. Жұмыртқаны енді жарып шыққан балапандардың алғашқы өнері, өмірге сапары жайлы сыр шерткендей болған бүлдіршіндердің өнері, тәтті қылықтары жиналған жұртқа қуаныш сыйлады. Өздері шыққан жұмыртқа қабығын тастамай алып кеткен балапандардың қылығы тағылым тәрбиенің алғашқы көрнісі іспетті …
«Литотерапия» пайдасы жайлы, балалармен қалай жұмыс жасауға болатындығын, пайдалы жақтарын көрсеткен Алимжанова Светлана Болатовна таспен емдеу түрі балалар үшін де қызықты екенін тамаша жеткізді. Әуелі аяқтарына массаж ретінде қолданудан бастады.
Түрлі жануарлар биін музыкаға сай қимылмен билеген ересек топтың тәрбиеленушілері түсі айтылған тасты алып пішіні, түсі жайлы мәлімет берді.
Марблс тастары арқылы түрлі бейнелер жасаған балалардың қолөнер туындылары да көздің жауын алады. Өзге балабақшаларда кездесе бермейтін бұл денсаулық сақтау технологиясының түрі барлық қатысушыларға ұнады.
Байшина Айгүл Жакуповна, Калиева Гульдана Кабдырашевна, Хивренко Наталья Юрьевна балабақшада «Литотерапиясын» қолданатын және жан жақты дамытып отыратын педагогтар.
Жастармен қатары толыққан ұжымдағы «Креативті жастар» Мукажанова Назерке Абзаловна, Бейбитова Ақерке Әбдіғалиқызы, Мырзахан Жанерке Талантовна стэп аэробикасын көрсетті. Жаттығу түрлерін келген әріптестеріне де көрсетіп, музыка әуенімен бірлесе жаттығу жасады. «Робототехника –заман талабы» тақырыбында даярлық тобының тәрбиешісі Шынгысова Айжан Нурболатовна балалармен ұжымдық жұмыс түрін көрсетті. Робот тышқандардың көмегімен білім беру реформаларының басты мақсаты жаңа технологияларға сүйене отырып, бала бойындағы шығармашылық қабілетін, ой-өрістерін дамытуға мүмкіндік беретін тәрбиелеу процесінің жаңашаландыру жолын аша түсті
«Ақпараттық технологиялар арқылы балаларды болашаққа бағдарлау» мақсатында жеке және ұжымдық жұмыс жүргізіп келе жатқан ұжымның ізденісі көпшілікті қызықтыра білді.
Қазақ тілінде еркін сөйлеу, ойын анық жеткізе білу бүгінгі күні ең өзекті мәселенің бірі. Егер ата-анаға өз тіліндегі рухты әнді толығымен түсіндіре отырып, баланың жаттауына көмектесуді талап ете білетін тәрбиеші болса бұл ойымыздың да жүзеге асар күні алыс емес екеніне көзіміз жетті. Оған дәлел жеке дауыста Тиышбай Нұрсұлтанның орындауындағы «Мен қазақпын» әнін орындаған мектепалды даярлық тобы тәрбиеленушілерінен құралған хор болды. Әр бала жан жүрегімен беріліп тұрып айтқан қазақ жыры әр жанның жүрегіне жетіп жатты. Бұл әуелі музыка жетекшісі Мұқылтаева Айнаш Айтмукашовнаның еңбегі. Әр шәкіртінің жоғары деңгейде өнер көрсетуіне қолдаушы болған тәрбиешілер Мендібай Айымкүл Сәтенқызы, Иманова Эльвира Бадияқызы, Макуова Жадыра Тиышбаевна, Кенебаева Жанна Ибрашымқызына өнегелі, өнерлі қазақ тілді ұрпақ тәрбиелеп келе жатқандары үшін мың алғыс білдіреміз.
Семинардың ең құндысын қорытындысына сақтаған «Жылдың үздік әдіскері» атағын иеленген Анопьянова Айгүл Ауталипқызының қысқа уақытқа барлығын қамтып кіргізе білген бағдарламасы- ізденіс пен оқыту –тәрбиелеу жұмыстарын ұйымдастырудағы озық тәжірибесінің нәтижесі.
Ұлттық құндылықтарымыздың қатарындағы ұлттық ойындарға деген оң көзқарас және қайта жаңғырған ұлттық ойынымызға жаңаша өзгеріс, халықтық тәрбиеге үлес қосуда аталмыш балабақшаның педагогтары алда келеді.
«Асық ойыны-тәрбие көзі» тақырыбында Бутинбаева Сәуле Сантиевна, Нұркина Гүлмира Марденовна асық ойындарын балабақша қабырғасында қолданудың мақсаты мен міндетін айта келіп, асық түрлері кеней, құлжа, сақа, жабайт, топай, шүкейт, ойлық, ешкімек жайлы түсінік берді. Асықтың атаулары алшы, тәйке, бүге, шіге, омпы, шоңқайды атап өтіп келген әріптестерімен бірге ұлттық ойын түрлерін ойнап көрсетті. Мергендікпен, ептілікке, шапшаңдықпен, табандылыққа, төзімділікпен қимыл қозғалыс арқылы жүйке жүйесінің тынығуына пайдасы бар асыққа өзінің жаңа ойын түрлерін қосқан Сүйіндікова Гүлім Төлентаевна шәкірттерімен бірге шықты. «Ойлан тап, сана», триз технологиясы негізінде пинг-панг ойынын, асық лотосын, дыбыстық талдау ойын түрлерін көрсеткен Гүлім Төлентаевнаның қазақ тобындағы орыс балаларымен еркін қазақ тілінде сөйлесуі өзге ұлт балаларының ұлттық ойынға қызығушылығын көргенде қуанышымызды жасыра алмадық.
Жан жүрегімен беріле қызмет ету, іздену, ұлттық ойынға өз үлесін қосқан осындай тәрбиешілердің еңбегін қалай бағаламасқа.
Семинар соңын «Қуаныш» гимнастикалық этюдімен аяқтаған ұжым шын мәнінде келушілерге қуаныш сыйлай білді. Оны жылы лебіздерін білдірген жетекші балабақша меңгерушісі №48 «Көгершін», серіктес №7 «Аққу», №37 «Арман» балабақшаларының меңгерушілері Ұлжан Әбенқызы, Айман Дахарқызы, Рәзия Елтайқызының жылы лебізінен байқауға болады. №95 «Алматы», №46 «Самал», №84 «Кәусәр», №93 «Айгөлек» жекеменшік балабақшаларынан келген әдіскерлер мен тәрбиешілерде білдірді. Семинардың өздеріне ұнаған тұстарын атап өтіп, пікірлерін білдірді.
Креативтілік- жаңашылдыққа ұмтылыс. Семинардағы әр бөлімде жаңашылдық, ізденіс, өзіндік қолтаңба бар. Демек жұдырықтай жұмылған №16 «Шағала» балабақшасы ойға алған істерін өз дәрежесінде атқара алатын абыройлы ұжым. Берекелі білім ордасы. Бізде әрқашан сіздерге шығармашылық шабыт, еңбектеріңізге табыс тілейміз.
Әлия Ғалымбекқызы,
Нұр-Сұлтан қаласы.