Ұлттық биология пен биотехнология ғылымының киелі ошағы, айналаңды жіті тану жолындағы ілім-білімнің артын арнасына айналған қара шаңырағымыздағы Биология және биотехнология факультетінің ғимаратын беткейге ала бір азамат келеді. Ширақ жүрісіне, нық басқан сенімді қадамдары мен азаматтық болмысы биік тұлғасына қарап еріксіз таңданасың. Алыстан қарап-ақ, бесікке бөленген кезеңінен-ақ бойында біткен қазақы болмысты айқын аңғарасың. Тұмса табиғаттың киелі ортасы тәрбиелеп, ата өсиеті, ана әлдиі ғылымға қанаттандырған тұлғаның өнегелі өмір жолына еріксіз үңілгің келеді. Назар салып көргенімізде ерекше еңбек жолы, қажыр мен қайрат тұтастырған ғылымдағы табандылығы бізді ерекше таңдалдырды. Оның өмір жолы, расымен, өнегеге толы ғұмыр кезеңдері кез келген шәкірт пен ұстазды тәнті етпей қоймайды. Себебі, табиғатпен тілдесіп, өмірін өрелі өрнектеген ұстаз, тағдыры тағлымға толы тұлға – Болатхан Қазыханұлының өмірбаянында жарқын жетістік пен еңбекшіл қызметтің қызығы мен шыжығы жатыр.
Биология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Биология және биотехнология факультетінің деканы
Заядан Болатхан Қазыханұлы
биыл алқалы 60 жастың биігіне шығып отыр.
Қазақтың қаймағы бұзылмаған киелі ортасында талабын ұштап, табиғаттың құшағында ер жеткен бала ғалымның өмір өрнектері алғаш 1989 жылы өзгеріп сала берді. Дәл осы шақта оның өмірі мен ғылыми қызметінің жаңа кезеңі басталды, оның ғылыми қызығушылықтарының нысаны анықталып, тәуелсіз ғалым ретінде қалыптасуына ықпал етті. Содан да болар, болашағына көз салып, үмітін үкілеген ұстаздарының сенімін ақтап, Болатхан Қазыханұлы ғылымға деген мақсатты сапарын Мәскеуде, КСРО Ғылым Академиясының К.А. Тимирязев атындағы «Өсімдіктер физиологиясы институтынан» бастайды. Мәскеудің төрінде 1989 жылдан 1990 жылға дейін альгологтар мен биотехнологтардың танымал мамандары б.ғ.д., профессор В.Е. Семененко, Л.Н. Цоглин және М.Г. Владимированың жетекшілігімен зерттеуші-тәжірибе жинақтаушы болып қызмет істеді. Елден жырақта ілім жинап, ұлттық биология ғылымының дамуына қайтсем де үлесімді қосамын деген тегеурінді мақсат жас аспирантты одан әрмен қанаттандырып, ол ғылыми әлеуеті жоғары ортада шынықты. Ұстаздарының қолдауы мен шапағатын сезініп, ғылыми жаңалықтардың басында жүрді. Ленинград мемлекеттік университетінің биотехнологиялық орталығында 2 жылдық тағылымдамадан өттіп, профессор, КСРО ҒА академигі С.Г. Инге-Вечтомов, б.ғ.д., профессор К.В. Квитко, б.ғ.д., профессор Б. В. Громов, б.ғ.к., профессор А.С. Чунаев сияқты танымал ресейлік ғалымдармен бір ортада зерттеу жұмыстарын жүргізді. Тың бағыттардағы талапты ізденістер, іргелі ғылымның ішкі қыртыстарына тереңнен үңілу, жасампаздыққа, жаңалыққа құмар көңіл аңсары өзінің нәтижесін көрсетіп, өзінің жасынан жоғары жетістіктерге бастады. Жас болса да, жаңа тақырыптарға тереңнен бойлаған талапты ғалым еңбегінің көрсеткіші сол кездегі ірі жеңіс – «КСРО-ның микробалдырлар дақылдары коллекцияларының каталогы» жинағына енгізілген хлорелла мутантты штамдарын сипаттау және сертификаттау санатымен көрініс тапты. Ғылымдағы сирек кездесетін құбылыстарды жас ғалым тап басып, сол кездердегі биология саласындағы бұлыңғыр бағыттарға сәуле сыйлады. Байыпты зерттеудің бағдарында Spirulina platensis микробалдырларының фоторезистентті штамын алып, оның биологиялық белсенді заттардың өндірушісі ретіндегі биотехнология саласындағы маңыздылығын айқындады. Тағылымдама болса да, талап-талайымен сол кездерден авторлық қолтаңбасын айқын танытқан ғалым өмір өткелдеріне назар сала отырып: «Бұл мен үшін қиын, бірақ сонымен бірге бақытты кезең болды. Ізденіс пен үміт уақыты», — деп ерекше тебіренеді.
Тарихи отан, қастерлі атажұртқа жетелеген арман-мұрат ағысының қуатымен Болатхан Қазыханұлы 1991 жылы Қазақ елінің қасиетті топырағына аяқ басты. Оның елімді көркейтуге қайтсем де ат салысамын деген ізгі мұрат туған ел топырағында айрықша көктеп, ел мен жердің даму жолына жұмсалды. Алатау етегінде орналасқан арман қала Алматыдағы қызмет ғылым саласымен өрбіп, Болатхан Қазыханұлы Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, қазіргі уақытта РМК «Микробиология және вирусология институты» бас директоры А.К. Садановтың шапағатына бөленді. Олардың бірлескен ғылыми жұмыстарының нәтижесінде Б.К.Заяданның жетекшілігімен микробалдырлардың экологиясы бойынша алғашқы кандидаттық диссертация қорғалды. Шәкіртін баулыған мерейлі ұстаз мәртебесі, ғылыми ортаның ерекше қолдауы Болатхан Қазыханұлының тағдыр торабын Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі А.А. Жұбанованың жетелеуімен Қазақ Ұлттық университетінде түйістірді. Қазақ ұлттық университетіндегі биологиялық зертханалар, мол кітап қоры ғалымның ғылыми тегеурінін жетілдіріп, оның «биоәлеміндегі» алтын қазыққа айналды. Зерттеу нысанасына дөп тиетін ғылыми көзқарасының арқасында ұстаздық баспалдаққа аяқ басып, сол кездердегі Қазақстан микробиологиясындағы тың қатпарлардың бірі фототрофты микроорганизмдердің биотехнологиясын дамытуға күш-жігерін салды. Осылайша, Қазақстанда алғаш рет әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің сол кездегі микробиология кафедрасында, Б.К. Заядан фотобиотехнология зертханасын құрды, оның базасында қазіргі уақытта микробалдырлар мен цианобактериялардың молекулярлық-генетикалық таксономиясы, микробалдырлар биологиясы мен экологиясы, фототрофты микроорганизмдердің физиологиясы, биохимиясы және биотехнологиясы бағыттары бойынша ғылыми зерттеулер табысты жүргізіліп келеді.
Жоғарыда аталған ғылым жолындағы соқпақтар мен жарқын жетістіктер, оқу-білім санатындағы маңызды тарихи даталар – Болатхан Қазыханұлына тиесілі өнегелі өмірдің бір парасы ғана. Әрқашан берекелі істерге бастамашы ғалым «Фототрофты микроорганизмдер, оларды биотехнология мен биоэнергетикада қолдану» бағыты бойынша Қазақстанда тұңғыш ғылыми мектеп құрды. Жасампаз мектеп іргесінде қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институтының биотехнология зертханасы жұмыс істейді. Осы зертхана базасында ғалым микробалдырлар мен цианобактериялардың биологиясы мен биотехнологиясына арналған ҚР БҒМ және ҰҒА қаржыландыратын 18 ғылыми-зерттеу жобасына басшылық жасады. Командалық ғұмыстарды тиімді ұйымдастыра білген зерттеуші мектептегі ғылыми бағыттарды биотехнологиялық маңызды факторлаға орайластыра құра білді. Аталмыш санаттардың ішінде: фототрофты микроорганизмдердің перспективті дақылдарын іздеумен және зерттеумен, атап айтқанда медицинада биологиялық белсенді заттар (ББЗ) және ауыл шаруашылығы үшін биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) алу, биоотын және биотыңайтқыштар алу, ластанған қоршаған орта объектілеріне биомониторинг және биоремедиация жүргізуден тұратын бірнеше бағыттар бар.
Ғылым жолы – аса күрделі бағыт. Оның құдіреті сонда, атаулы жолдың кезекті нүктелерінен өтуде, белестерін еңсеруде төзімсіздік танытқандар болса, бірден жолда қалдырады. Ұшан-теңіз біліммен қаруланып, шыдам мен шыңдалудың шеберлігін болмысына қашағандар ғана шынайы ғылымның мінберіне шықпақ. Баршамыздың ұстазымыз, биология ғылымдарының докторы, профессор Б.К. Заяданның еңбегі де әріптестері, ұжымы, ұлтының тарапынан еш елеусіз қалмады. Оның ішінде ғылым докторлығынан бастап, халықаралық марапаттар тізбегі өнімді еңбегінің жарқын нәтижесін айғақтап, ғылыми-көпшілік қауымды, ізбасарларды жігерлендіреді. Мәселен, 2018 жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігі марапаттаған «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі көңілімізге ерекше қуаныш сыйлап, ғылым жолындағы жарқын жетістіктің эталоны ретінде ойымызға орнықты. Оқытушылық, ұстаздық қызметте биік белестерді еңсеріп, ғылыми-педагогикалық нәтижелерімен өнеге өрнегін салды. Қазіргі уақытта ол алыс және жақын шетелдерде және Қазақстанда 20-ға жуық патенттер мен 400-ге жуық публикациялар, оның ішінде 15 кітап пен 5 монографияның және International Journal of Hydrogen Energy, Journal of Biotechnology, Genome Announcements, FEMS Microbiology Letters, Photosynthesis Research, Russian journal of Plant physiology, Microbiology, Applied Microbiology and Biotechnology, Renewable and Sustainable Energy Reviews сияқты халықаралық, жоғары рейтингті журналдарда жарияланған 80-нен астам мақалалардың авторы. Расында, Болатхан Қазыханұлы біздің деректер нақтылағандай, ғылымда табысты ерен тұлға, ізденімпаз оқытушы, кәсіби ұстаз ғана емес, елінің қоғамдық-саяси өркендеуіне өз үнін қосқан азамат. 2017 жылы Б.К. Заядан Астанада өткен «Болашақ энергиясы» тақырыбына арналған EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысып, онда энергия үнемдеудің үздік әлемдік технологиялары, қолданыстағы баламалы энергия көздерін пайдаланудың жаңа әзірлемелері мен технологияларын ұсынды. Шетелдік Adunic АГ (Австрия) және EcologicStudio (Лондон) компанияларымен бірлесіп «ЭКСПО 2017 шеңберінде фотобиореакторларда биодизель алу үшін микробалдырларды жаппай дақылдау және мониторингілеу» жобасын басқарды.
Cонымен қатар, Б.К. Заядан жоғары білікті кадрларды даярлауға көп уақыт пен күш бөлетін ұлағатты ұстаз. Осы уақытқа дейін оның жетекшілігімен 6 кандидаттық және 9 PhD докторлық диссертациялар қорғалды. Шәкірттері республиканың және шетелдің жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерінде табысты еңбек етіп, жаһандық және Отандық жаңалықтардың ашылуына араласу үстінде.
Иә, қадірменді оқырман, шәкірті зерек ұстаз, ғылыми қадамдары қадау тұлға, адамдық болмысы биік азамат, қастерлі «ұстаз» атын биіктен түсірмей жүрген әріптес қауым! Биыл Заядан Болатхан Қазыханұлы мерейлі 60 жасқа келіп отыр. Біз де шама-шарқымыз жеткенше ұстазымыздың «Өнегеге толы өмір» картинасына үңіліп көрдік. Сыры мен сыны кетпеген, абыройы мен беделін биіктен еш құлдыратпаған ұстаздың өмірбаянынан табиғатпен біте қайнасқан айрықша болмысты аңғардық. Табиғатпен тілдесіп, оның қыр-сырына қаныққан ғалымға ұзақ өмір, баянды бақыт, ғылыми табыстар тілейміз! Жасай беріңіз, жақсы адам, жанашыр ұстаз!
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің биология және биотехнология факультетінің биофизика, биомедицина және нейроғылымдар кафедрасының профессоры, б.ғ.д. С.Т. Төлеуханов
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің биология және биотехнология факультетінің биофизика, биомедицина және нейроғылымдар кафедрасының аға оқытушысы, б.ғ.к. Г.К. Атанбаева