Home » Балабақша » Абайдың рухани әлеміне үңілген ұжым

Абайдың рухани әлеміне үңілген ұжым

Қалың қазақтың ой алыбына айналған Ұлы Абайды тану қазақты тану. Рухани тағылымды шара  ақынның  175 жылдығы аясында өтіп жатқаны «Рухани жаңғырудың» дәл өзі. Өлеңдерін зерделеп, шығармашылығын жаңғыртып, өскелең ұрпақ бойына елжандылық  пен Отансүйгіштікті дәріптеуді мақсат еткен ұжымның шығармашылық кеші  нұр үстіне нұр емес пе?
Алдымызда келетін Абай жылына арнап Абай сөзін бойтұмар етіп, ақыл мен әділдікке сыналған ешқашан ескірмейтін мәңгілік жырын жаттап, ойшылдың ғажап дүниелерін бойына сіңіру тәрбиешілердің  тағылымды жолы. Желтоқсан айының 20 жұлдызында Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы Кулхожаева Эльмира Байгожаевна басқаратын №40 «Құлпынай» балабақшасының ұжымы орталық кітапханада тамаша бір кеш өткізді.
«Көркемдік –эстетикалық тәрбие беру» кластері аясындағы семинарын «Өнер әлеміне саяхат» деп «Абай-дана, Абай-дара қазақта» атты музыкалық қойылымға бізде куә болдық. Орталық кітапхана директоры Егенберді Жазира Қайратқызы келген қонақтарға Абай әлеміне шолу деп рухани ордаға саяхат жасатты.
«Абай жолы» үзіндісінен ақынның балалық шағынан көрініс көрсеткен педагогтардың қойылымын әріптестері ыждағаттылықпен тамашалап оң бағаларын берді. Арнайы киім үлгілеріне дейін сай келген тәрбиешілердің шеберлігіне, талғамына өздеріне берілген образды түсіне отырып шынайы жеткізгендеріне жиналған жұрт тәнті болды.
Іс шараның ұйымдастырушысы, балабақша әдіскері Мухамедина Роза Шамшиденқызы, Абай рөліндегі тәрбиеші Жұмажан Пакизат, Зере әжені сомдаған Айжанова Алтынгүл, анасы Ұлжанды Досанбаева Ботагөз, Батыр балада Кәрібаева Гүлімхан, Барлас ақынды тәрбиеші Бельгибекова Асель, Байкөкше ақынды Игисинова Динара айнытпай сомдаса, ән-күй жетекшісі Раушан Әбілқазықызы да өз үлесін қосты.
Балабақшаның түлегі «Гәкку», «Құлпынай» ұжымы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін нақышына келтіре орындады.
Өнермен шеберлікті қатар ұштастыра білген  кездесуде шынайы сыйластық, өзара тығыз байланыс, іс-тәжірибе алмасу, бүкпесіз әңгіме барлығы болды….
«Ұлттық бұйымдарды жасау» шеберлікті шыңдау сәтінде тәрбиешілер тоқудың, оюдың сан түрін көрсетті.
Үнемі ізденісті талап ететін, қиялдарында шек жоқ, сан қырлы тәрбиешілердің басқосуында таныстықпен әріптеске деген шынайы қарым- қатынас көрінді.
Бұл турасында балабақша меңгерушісі он саусағынан өнер тамған ісмер, көздің жауын алар ұлттық бұйымдарды тігудің шебері өнерден де алыс емес Эльмира Балғожаевнаның еңбегі ұжымына көрсеткен қолдауы басым болғанын айта кету керек.
Қаншама жыл басқарған ұжымы №61 «Шолпан» балабақшасының әдіскері мен тәрбиешілері өздерінің жылы лебіздерінде атай өтті. Қос ұжымға қатар сыйластықта болған меңгерушіге деген құрметті көргенде ұжымның сенімі болған жерде нәтижелі жұмыс боларына тағы бір мәрте иланасың.  Жетекші №31 «Ақсұңқар», серіктес №50 «Жұлдыз» балабақшаларынан келген тәрбиешілердің барлығы да үзіліссіз, бір-бірімен үйлесім тапқан ұжымның жұмысына барлық істің ұйытқысы Роза Шамшиденқызына алғыстарын білдірді.
Өткен жылы да қалалық деңгейдегі отбасылық өнер сайысын ұйымдастырған ұжымның талпынысы биылғы жылы да сол өнермен жалғасын тапты.
Құдіретті өнерге шығармашылыққа жаны құмар, қазақтың қара сөзіне қанық жанның ғана бойлай алатынын ескерсек осы ұжымнан болашақта әлі талай тамсандырар дүниелер жарыққа шығарына сенеміз.
Рухани жаңғыру білім орталығынан келген Смаилова Салиха Кежебекқызы да өнерлерін ортаға салып жатқан педагогтарға шығармашылық шабыт тіледі.
Бір күнге болса да сергіп шығып, рухани азық алар кітапхана шаңырағында өткен тағылымды кешке куә болған тәрбиешілер алған әсерлерін кезек-кезек жеткізді. Еркіндік, ой-пікір алмасу, алдағы күнге жоспар жайлы сөз қозғап, ағынан жарылған шынайы басқосу болды. Шабытқа шабыт қосу үшін,  жұмыстың нәтижелі болуы үшін де адамға көтеріңкі көңіл-күй, қолдау қажет. Мен ендігі бұл ұжымнан соны байқадым. Алдағы күндері қаладағы шағын ғана «Құлпынай» ұжымының тың туындыларына куә боларымызға сенеміз.

Әлия Ғалымбекқызы,
Нұр-Сұлтан,
«Білім айнасы»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.