Home » Мақалалар »  «Алтын Ұя — Еркеле» аутизм балалар орталығы

 «Алтын Ұя — Еркеле» аутизм балалар орталығы

 «Алтын Ұя — Еркеле» аутизм балалар орталығы 

Адамзат өз тарихында сан мыңдаған жетістіктерге жетіп, қандай салада болмасын белгілі бір зерттеулер жүргізе отырып, осы зерттеулерден нәтиже алу арқасында адам және оның болмысы, әлем туралы түсініктер қалыптастырған және әлі де қалыптастыруда. Көзбен көріп, қолмен ұстай алатын көптеген дерлік құбылыстар әр түрлі ғылым салаларымен зерттеліп, түсіндірілген, алайда кейбір құбылыстар тек сыртқы жәйттармен ғана емес, сонымен қатар адамның ішкі жай-күйімен, қоршаған ортасымен, жүйке жүйесінің төзімділігімен, күйзеліс  әсерлеріне берілу деңгейімен байланысты болып, ғылым тұрғысынан да, әлеуметтік тұрғыдан да жеткілікті түсіндірілмей, мәселе ретінде шешімін таппай тұрғандары қаншама. Осының ішінде күрделі де, әлі толықтай генетика тұрғысынан да, психология тұрғысынан да зерттелмеген мәселе — аутизм болып табылады.

Бүгінгі таңда аталған құбылыс халық арасында кеңінен танылып, оған себеп ретінде, бірі генетиканы айтып, оны генетикалық ауру ретінде сипаттаса, екінші бірі, бұны адамның ішкі жай-күйімен байланыстырып, ахуал ретінде сипаттайды. Кейінгі кезде, аутизм туралы жиі айтылып, ол туралы мәселе көп қозғалатын болды.

«Аутизм генетикалық сырқат па, әлде ахуал ма?»-деген сұраққа дұрыс жауап беру үшін алдымен аталған құбылысты толықтай зерттеп, оның белгілерін айқындап және нақты емін табу қажет. Қалай дегенмен де, аутизм  бұл қалыпты жай-күйден ауытқу, ми жүйесі мен жүйке жүйесіндегі қайтарымсыз процесстердің орын алуы болып табылады. Сол себептен де аталған ауруды ерте кезінде анықтап, оған қажетті емді табу, болашақта бұл сырқатқа ұшыраған адамдардың жарқын болашаққа, қоғамдағы орын алып жатқан құбылыстарға белсене араласуға деген мүмкіндіктерін арттырады.

«Аутизм» термині бізге неміс тілінен енген болатын, аудармасында «өзім» деген мағынаны білдіреді. Яғни, аутизммен ауыратын балалар қоршаған ортадан алшақ болады, өзінің ойлап тапқан әлемінде өмір сүреді, өзгерістерден қорқады, бір жасаған іс-әрекетін қайта-қайта қайталап отыра бере алады, атымен атап шақырғанда елемейді, белгілі бір затқа ден қойып, қарамайды, зеректігі өте төмен болады. Осылай дей отыра, біз аутизм ауруына шалдыққан балалардың барлығы қоршаған ортадан алшақ, мүлдем белсенсіз деп айта алмаймыз, себебі «аутизм» ауруы әр балада әрқилы өтіп,бір баланың сырқатына қарамастан, қоршаған ортаның белсенді мүше болуы әдбен мүмкін болатын болса, екінші бір бала ерекше күтім мен қарауға мұқтаж болады. Аутизм қарапайым тілмен айтқанда, кішкентай балалардың ми қызметінің бұзылуы салдарынан айналадағы адамдармен қарым-қатынас пен байланысқа түсу қиыншылықтарын тудыратын психикалық ауытқу.

Негізінен бұны ауру деп айту қиын, бұл психикалық дамудың бұзылуы. Бала миына келіп түскен ақпараттарды баланың миы қабылдамайды. Себебі миының сенсорлы жүйелері дұрыс жетілмеген.

Белгілерін қалай анықтаймыз?

Жалпы аутизм 2-3 жасқа дейінгі балаларда анықталынады. Аутизм белгілері ретінде 3 айдан 3 жасқа дейінгі балаларда келесі белгілерді атап көрсете аламыз:
— әлеуметтік әсерлесуі төмен, әлсін немесе мүлде жоқ;
— сөйлесу кезінде тек жесттерді көрсету арқылы сөйлесу, жиі сөздерді қажет етпейді;
— ата-анасына немесе басқа да оны алмастыратын адамдарға бауыр басу, гулеу, күлу, физикалық белсенділік жоқ болады;
— көзбен кездесу аз немесе мүлде жоқ;
— үлкендермен бірге ойындарға қызығушылық жоқ;
— дене, дыбыс, жарық әсерлеріне жоғары сезімталдық, мәселен қатты қорқу, үрейлену, айқайлау немесе керісінше бір іс-әрекетті қайта-қайта қайталауды сұрау;
— бала сөйлемейді, қандай да бір дыбыстар шығармайды.

Аутизм белгілері 3 жасқа дейін айқын байқалады. Әдетте ер балаларда жиі кездеседі. Құрдастарымен салыстырғанда кеш дамып, әлі сөйлемейтінің байқауыңыз мүмкін. Алғашында баланы керең секілді көрінуі мүмкін. Кейде сөйлеуін бастайды, бірақ  біраз уақыт өтісімен сөйлеу қабылетін қайта жоғалтады. Күнделікті қылықтары қайталанады, күнде бір ойыншықпен және жалғыз ойнайды. Тіпті ойыншықтың тек бір бөлігімен ғана ойнауы мүмкін. Күнделікті қайталанатын  тәртіптің өзгеруін бала өте қиын қабылдайды. Балаңыз көзге тіке қарамауы да мүмкін.

Осы белгілерді балаңыздан байқасаңыз тез арада психологтардың көмегіне жүгініңіз.

  • Біздің «Алтын ұя-Еркеле» орталығы осындай диагноздағы ерекше балаларға тегін көмек қолын созу үшін ашылған.

«Алтын Ұя-Еркеле» орталығының қалашығы 2021 жылы Астана қаласында «Ерке» балабақшасында қаланып, бастапқыда төрт түзету кабинетімен бастау алған орталығымыз бүгінгі таңда жеке бір орталық болып отыр. 2022 жылдан бастап ата-аналар мен бүлдіршіндерге «Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау Басқармасының» қолдауымен тегін қызметтер көрсетілді. Бастапқыда 15 баламен бастаған орталығымыз 1 жыл көлемінде 120 шақты балаға қызмет көрсетті. Бұл жылдары орталығымызда аутизм дертіне шалдыққан балаларға психологпен түзету жұмыстары, АВА терапиясы, Floortime ойыны, Йога, қызмет түрлері тегін қызмет көрсетілді. Ата-аналармен де тегін кеңес, психологиялық кеңестер, тренинг жұмыстарын да өткіздік. Бір бала аптасына екі рет, екі сағаттан түзету-дамыту жұмыстарына келіп жүрді.  Соның ішінде АВА терапиясы 1 сағат, Floortime ойыны 30 минут, Йога  30 минутты құрады.

2023 жылдың 5 сәуірінде «Алтын Ұя-Еркеле» орталығымыздың Жаңа орталығы ашылды. Жаңа орталықтың ашылуына көптеген көмек қолдары созылды. Қазіргі таңда жаңадан ашылған орталығымыз 300 баламен жұмыс жүргізуге арналған, жоғарыда аталып өткен терапия түрлерімен қоса жаңадан Адаптивті дене шынықтыру (АФК), Арт терапиясы қосылды.Аутист балаға ең үлкен көмек — аутизмді ерте жасында анықтау болып табылады. Аутизмді ерте диагностикалау аутизм диагнозы қойылған баланың қоршаған ортаға тез арада бейімделіп кетуіне алғышарт болады. Сол себептен де қазіргі таңда педиатрлар мен психиатрлар аутизмді ерте диагностикалау мәселесімен айналысуда. Бүгінгі таңда аутизм дертіне шалдыққан көп адамдар оқу орындарын сәтті аяқтап, қалаған жұмыстарына тұрып, ұнаған істерімен айналысуда. Бұл адамдардың қоғам өміріне белсенді араласып кетуіне толықтай мүмкіндік бар.Осылайша, аутизммен ауыратын адамдарға қоршаған орта, жақындары, достары тарапынан оларға деген сенім, сүйіспеншілік және қолдау ғана қажет етіледі. Аутизм – бұл үкім емес және аутизммен ауыратын адамдар да қоғамда өз орындарын тауып, бақытты ғұмыр кеше алады, ал осы жолды жеңілдету және оларға көмек қолын созу біздің қолымызда.

Орталығымыз таңғы 10:00-ден кешкі сағат 17:00-ге дейін қызмет көрсетеді.

«Алтың Ұя-Еркеле» орталығымызда балаларға көрсетілетілген тегін қызметтер:

  • Психологпен түзету жұмыстары
  • АВА терапиясы
  • Арт терапия
  • Жазу жұмыстары, бетті бояу (раскраска)
  • Логопед-дефектологпен жұмыс
  • Логомассаж
  • Тыныс алу жаттығулары
  • Дыбысты қою, айту жаттығулары
  • Сөйлеу тілін дамыту
  • Ұсақ моториканы дамыту
  • Имитация
  • «Floortime» әдістемесі
  • Пазлдар
  • Құм терапиясы
  • Тұзды бөлме
  • Йога
  • Сенсорлық интеграция

Осы терапиялар мен әдістерді пайдалана отырып, балаларға жас ерекшелігіне сәйкес  түзету-дамыту жұмыстарын тегін жүргіземіз. Осы диагнозбен көмек іздеп жүрген болсаңыз біздің орталығымыз сіздерді күтеді.

Мирамгалиева Маржан Джангелдіқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.