Балабақша – бақытты балалықтың мекені
Балабақша – балалардың мөлдір бұлақтай сыңғырлаған күміс күлкісінің, алаңсыз пәк сезімінің, шат – шадыман қуанышының ордасы. Жас ұрпақты жан-жақты дамыған, ой-өрісі биік, көзі ашық азамат етіп өсіру үшін тәрбие жүйесінде әр түрлі қызықты додалардың маңызы басым. Балаларға күз мезгілі туралы ақпарат беріп, жемістер мен көкөністердің пайдасын түсіндіру мақсатында Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылы «Ботақан» балабақшасында «Күз ханшайымы мен ханзадасы» атты сайысы өтті. Мерекелік кештің шымылдығы балапандардың орындауындағы «Күз тамаша» әнімен ашылды. Сахнаға шыққан бүлдіршіндер жұптарымен өнерлерін ортаға салды. Олар Елемес Ислам мен Рұсқұлова Айша, Бекбосын Ерсұлтан мен Рұсқұлова Айзере, Дайрабек Ержан мен Тұрар Інжу. «Өнерлі бала – елдің көркі» бағыты бойынша бірі бұлбұлша сайрап ән айтса, енді бірі тамсандырып би биледі. Жиналған көрермендер тәтті балақайлардың бойларындағы қарым-қабілеттеріне ерекше қуанды.
«Шеберлі өнер тамған қолынан,
Жаңылмаған ата-баба жолынан.
Шебер қолдар өз өнерін көрсетсін» деп «Үй тапсырмасы» кезеңінде бүлдіршіндердің үлкен шеберлікпен дайындаған көлөнерлерін әкелді. Әр түрлі қиял-ғажайыптан туған жұмыстар әділ-қазылар алқасының оң бағасын алып үлгерді. Сайыстағы нағыз жүйріктерді анықтауда «Ботақан» балабақшасының меңгерушісі Айгерім Шайгөзова, педагог-модератор Айгүл Алпысбаева, педагог-сарапшы Гүлнұр Тамабаева төрелік етті. «Берекесін сыйлауға, Өлкемізге күз келді». Өлең шумақтарын жатқа оқыған бүлдіршіндер күз туралы сырға толы өлеңдерін мерекені тамашалауға келген қонақтарға мәнерлеп оқып берді. Күз кешінде, жарыса би билеген «Айгөлек» тобының сұлу қыздары сахнанын сәнін келтірді. «Қолшатыр» биімен ортада айнала билеп, мың бұралған биші екендіктерін көрсетті. Күз молшылықтың бейнесі. Барлық жеміс-жидектер, көкөністер пісіп, жемісін беретін бұл мезгілде балаларға материалдардан киім пішіп, әзірлеу қызықты болды. «Сұлулық сыры» кезеңінде жаңаша сән үлгісін ұсынған жұптар рет-ретімен әр түрлі кейіпте көпшілікті таңқалдырды. Қазақ ертеден-ақ өнерлінің өрісі кең деп,еңбекқор жанды бағалап,өнерін ұлықтап,шығармашылық жұмысы сарқылмасын деп ерекше құрметтеген. Өнерімен талайды өзіне баурай білген бүлдіршіндердің болашағы жарқын.Ақылды да парасатты «Күз ханшайымы» мен арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты ер мінезді нағыз ханзадаға лайықты «Күз ханзадасы» анықталды. Өз ісіне жауапты, алғыр балақайлар тоғысқан бұл сайыста шын мықтыны анықтау қиынға түсті. Қатысушылар жоғары дайындықпен келгендіктерін байқатты.Әділ-қазылардың шешімімен Елемес Ислам мен Рұсқұлова Айша «Күз ханзада мен ханшайым» атағын иеленді. «Ең керемет шебер жұмыс» номинациясымен Дайрабек Ержан мен Тұрар Інжу марапатталды. «Ең керемет сән үлгісі» атағы Бекбосын Ерсұлтан мен Рұсқұлова Айзереге берілді.«Ең керемет өнерлі жұп» номинациясы Нұрлан Әлинұр мен Балтабек Мединаға табысталды. Кеш соңында ұйымдастырушылар жеңімпаздарға биік шыңдарды бағындырып, қонар тұғырлары биіктей берсін деген тілек білдірді. Балаларға қолдау көрсеткен ата-аналарға да алғыс айтылды.
Әзиева Гүлжазира Ізметқызы
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы,
Жарқамыс селолық округі
ЖШС «Инабат-С», «Ботақан» мектепке
дейінгі ұйымының тәрбиешісі