Абильдинова Салтанат Сыздыковна
Қарағанды облысы
Шет ауданы Ақжал кенті
Ш.Батталова атындағы ЖОББМ
базасындағы ТМ (РО)
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Абай аудармаларының тарихи-әлеуметтік мәні үлкен. Өйткені, ең алдымен қазақ жұртшылығы Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков тәрізді дүниежүзілік әдебиетінің ірі тұлғаларымен бірінші рет Абай арқылы танысты. Екінші, өзінің зор талант, асқан шеберлігінің арқасында, ұлы ақындардың ұлы еңбектеріндегі үлкен идея, әдеби сұлулықты қазақ оқушыларының ой-сезіміне жеткізе аудара біліп, оларға жалпы қазақ халқының жүрегінен жылы орын әперді. Оларды қазақ өз ақындарындай сүйді. Абайдан кейін әдебиетті сүйетін қазақтардан хат білсін, білмесін «Татьянаның хаты», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қанжар» («Кинжал»), «Жалғыз жалау жалтылдап» өлеңдерін білмейтін адам аз шығар. Сөйтіп Абайдың аудармалары мәдениетті, үлкен идеяны қолдаушы басқа елдердің ұлы ақындары мен қазақ жұртшылығы араларындағы дәнекер болды. Абайдың ұлттық шеңберден шығып, жалпы адам баласына ортақ идеяны көксеген, интернационалдық жүректің иесі ақын екендігін орыс жазушыларына көзқарасының өзі-ақ дәлелдейді. Жастарға үлгі ал, өнеге үйрен дегенде қазақтан емес, Толстой, Салтыков-Щедрин сияқтыларды мегзеді:
Ойында жоқ бірінің
Салтыков пен Толстой,
Я тілмаш, я адвокат
Болсам деген бәрінде ой.
Бұл сөзден Абай өз халқын жек көрді деген ұғым тумайды. Абай айналасындағы әлеумет өмірін, «ел еркесін» сынағанда, өмір уын ішіп, бүк түсе қайғырғанда сол халық үшін қайғырып, халық қамы үшін өмірден тыныштық көре алмайды. Бар өмір, бар асылын сол халық үшін жұмсады. Бірақ ол кезде қазақта Салтыков пен Толстой жоқ еді. Ендеше өмірге адамгершілік көзбен қараған, интернационалдық жүрегі бар Абай сияқты ақынның объективтік көзқарасы Салтыков, Толстойды қазаққа үлгі еткізді.
Енді аударманың құрылысы жағына келсек, Абай аудармаларын негізінде екі түрлі деуге болады. Біріншісі – дәл аударма, екіншісі – ерікті аударма. Дәл аудармалары шумақ, бунақ, буын ұйқастарына қарай өзара және екіге бөлінеді. Кейбір өлеңдерді аударғанда, Абай шумағын да, ұйқас түрлерін де берік сақтайды. Орыс өлеңдерінің ырғақ, буындары қазақ өлеңінің буындарына дәл келе бермейді. Өйткені орыс өлеңі тоникалық, не силлабо-тоникалық өлең құрылысына жатады да, қазақтікі силлаболық өлең құрылысына жатады. Сондықтан Абай аударған өлеңдерінің буынын қазақша дәл беруге мүмкін болмаса да, саны жағынан соған жақын келетін өлеңмен аударады. Кейде ұйқастырып, кейде тіпті образдарын да дәлме-дәл шығарады.
Мен Абайдың өзге ел әдебиетінің туындыларын аударуға не себеп болғанын білгім келді? Қандай жағдай Абайды тамсандырды? Сонау Батыс Европаның ақыны Гетемен қазақтың Абайы арасында қандай байланыс болуы мүмкін?
Гете мен Абай… Абай мен Гете… Қаншалықты екі түрлі өркениет, екі түрлі халықтың өкілдері бір-біріне жақын? Әрқайсысы өз елінің ұлы ақындары, даналары, шығармашылықтарында халықтың үні мен зары, қайғысы мен қуанышын, табиғат құбылыстарын әсерлі бейнелеген…Екеуінің де туындыларын өз тілінде тамсанып оқитын оқырмандары баршылық… Бәлкім, осы аударма арқылы екі ел бірін-бірі түсінісіп, жақындауға негіз болған шығар.
Екеуі екі әлемнің тұлғалары, екі түрлі дәуірдің өкілі. Тарихи, әлеуметтік жағдайы да екі түрлі. Олар өмір сүрген қоғамның даму деңгейі бір-бірімен қиылыспайды.
1732 жылы Гете 82 жасқа келіп халқының білдірген құрметі мен абыройы асқақтаған кезінде дүниеден озғанда, Абай сол дүние есігін әлі ашқан емес, ол тек 1845 жылы болғалы тұр… Екі тарланды, екеуінің шығармашылығы мен өмірін зерттеу деңгейі де екі түрлі. Егер сол уақыттағы тарихымызға үңіле қарасақ, Гетенің замандастары – Бұхар жырау Қалқаманұлы, Абылай ханның кеңесшісі, Күлеш ақын, Шал ақын деп аталған, Дулат, Шортанбай, жауынгер ақын Махамбет Өтемісұлы, мүмкіндік болғанның өзінде, Гетенің тек қартайған шағын көруші еді… Гетенің нақты құрдасы – Абайдың арғы атасы, батыр – көсем, беделді би Ырғызбайды атауға болады. Бұл уақыттық арақашықтық…
Екі ақынның шығармашылығын зерттеу деңгейі де екі түрлі. Гетені орыс, қазақ тіліне аударған поэзия өкілдері баршылық. Ал, Абай болса, орыстың өлең сүйер қауымына, батыс оқырманы үшін әлде болса жұмбақ, толық танылмаған тарихи тұлға. Біздің өзіміз Абайдың әр бетін ашқанда, ұлы Абайды өзімізге жаңадан ашқандаймыз, Абайды ғана емес, өзімізді де енді танып, зерттегендей боламыз. Басқа ел өкілі болса, Абай шығармашылығының тереңдігі мен астарлығын ұғынуы –оған оңайға түспес.
Сонымен қатар, Абайды өзге тілге аударғанда оның ішкі дүниесінің байлығын, уайымы мен мұңын тура Абай сезгендей жеткізе алмайды-ау деп тағы да ойлаймын.
Профессор Х.Х. Махмудов «Простор» журналының 1972 ж. №5 нөміріндегі мақаласында: «Пах, шіркін, егер де Абайдың бірнеше ғана шығармасы Абайдың өз деңгейінде орыс, ағылшын, француз, неміс, поляк, басқа да тілдерге аударылса… Абай Европа, бүкіл әлем поэзиясының ұлы өкілдерінің арасында өзіне тиісті орынға ие болушы еді» деген екен.
Сонымен, Гете мен Абайды бірін-біріне жақындататын, байланыстыратын сиқырлы жібі қайда екен? Ұлы тұлғалардың рухани үйлесімдігі, ойлау қабілетінің жақындастығы, ой-өрістерінің қиылысатын жолдарын қайдан аңғаруға болады? Бар ма екен? Баршылық! Б. Пастернактың аудармасында «Фауыстта» Гете келесі ой түйіндейді:
Пусть мысль твоя,
Когда она созреет,
Предстанет нам законченна чиста.
Наружный блеск рассчитан
На мгновенье,
А правда переходит в поколенья.
Абай болса өз өлеңдерінде «көкірегінде оты бар ойлы адам», «бойы бұлғаң , сөзі жылмаң» емес, керісінше, «әр сөзін бір ойланып, салмақтасаң» дегенге көнетін, «іші алтын, сырты күміс» «жүрекке жылы тиіп» тұрған сөзі бар адамға үндеу бағыттап отырады. Тек қана ойланып, жүрекпен оқып отырып екі ұлы ақынның шығармашылығындағы ақиқатты, адалдықты, пәлсапалық-эстетикалық үндестік пен ұқсастықты аңғарамыз.
Абай Гетені білді ме екен?… Бір де бір поэзиялық туындылырында, не болмаса «Ғақлияларында», естеліктерінде, еш жерде Гетені Абайдың өзі де, оның замандастарының естеліктерінде Гетенің есімі кезікпесе?
Сонда да, Абай Гетені білгеніне негіз болатыны – Абайдың орыс поэзия туындыларын аудармаларынан байқалады, оның қазақ жеріне қудаланып келген, одан кейін Абайдың достары болып кеткен орыс зиялылармен таң атқанша жүргізген әңгімелерінен, сол уақыттағы орыс сыншылардың жарыққа шыққан мақалаларындағы цитаталар, сілтемелерінен анық көрінеді.
Абайдың шығармашылығында Пушкин, Лермонтов, Л.Толстой, Белинский, Добролюбов, Некрасов т.б. орыс классиктерінің туындыларын зерттеу, аудармалау ерекше орын алатыны баршамызға мәлім. Олардың шығармашылығында Гетенің есімі берік орын алған. Олар оны аударған, онымен «дауласқан», тамсанған, үзінділер, сілтемелер келтірген, тіптен шығармаларында қаншама рет Гетенің есімі кезігетіні санап шығу оңай емес.
Абайдың рухани есеюі сол XX ғасырдың 80-90 жылдарына келеді. Тура сол уақытта ерекше қызығушылығымен Пушкин, Лермонтов, Крылов туындыларын аудара бастайды және тура сол кезде орыс журналдарында Гетенің өмірбаяны, орыс тіліндегі аудармаларға рецензиялар баспаға шығады. Гетенің шығармаларының топтамалары Ресейде жарық көреді. Мұндай алып ақынды Абай көрмегендей өтіп кете алмаушы еді.
Орыс ақындардың шығармаларын аударуда Абай үшін Лермонтов ерекше орын алған. Соның нәтижесінде Гетенің шығармасы Лермонтовтың «Горные вершины» арқылы «Қараңғы түнде тау қалғып…» болып жарыққа шықты. Лермонтовтың неміс тілінен аудармасында «Из Гете» деген маңдайшасында көрсетілгендіктен, Абай бұл туындының түп нұсқасы кімнің қалам астынан шыққанын анық білген. Ал, Гетенің есімі Абайдың жазбаларында көрсетілмегеніне таң қалып керегі жоқ. Сол сияқты «Кең жайлау – жалғыз бесік жас балаға» деген шумақтар Ф. Шиллердің «Дитя в люльке» деген өлеңінің аудармасы, бірақ еш жерде Абай Шиллерді атамайды.
Мұның барлығына себеп болғаны, Абай мүлдем ешкімге сілтеме жасамайды, ол көп нәрсені өз бетінше қайта қарастырып, қайта түсініп өз дүниетанымына салып ақындық шеберлігін қосып, қазақи күйінде Ұлы Даланың дәстүрінде оқырманына жақындатып ұсынады.
Ал, енді екі тарланның туып өскен ортасына қарасақ, уақыттың қашықтығына қарамастан, ұқсастық тағы баршылық. Гете 1749 жылы бытыраңқылық соғыстардан сорлап, өзара қырқысқа толы, сол кездегі дамыған елдерден қалыс берген Германияда туады. Өз ортасына, оның мещандық-тұрмыстық болмысына көңілі толмайды, өзіне дос, сырласатын адам да таба алмайды. Сондықтан, сырт әлемде көңілін табар серіктес, рухани жолдас болмағандықтан, өзінің еш көзге көрінбейтін жеке әлеміне үңіліп, мұңы мен ренішінен туған алғашқы поэзиялық тәжірибесімен айналысады.
Гете екеуінің де ішкі дүниесінде тыныштық жоқ, үрей мен мұң, болашаққа сенімсіздік, уайым маза бермейді. Гете де, Абай да, дәулетті отбасылар да өсті, материалдық жағынан ештеңеден таршылық көрмеді. Гете байлықта өссе де, сол байлыққа салқындықпен қарады, оны толғандырған басқа мәселелер болды. Абайда табын-табын жылқылар иесі болып, әппақ киіз үйде тұрғанымен, ағайындастарының көпшілігінің кедейшілігі мен жоқшылығын өз көзімен көріп, адал жүрегімен сезген, сол жағдайға жаны ауырған…Рухани үйлесімдікке жету үшін жан-жағында қаншама дүниені өзгерту керек еді. Қолдан келері бар ма? Қолдан келгені — қаламды алып сол өмірді шыншыл түрде, қанық бояумен суреттеу. Осы оңай емес жолды екеуі де саналы түрде таңдады.
Гете мен Абайдың әкелері қатал мінезді, ұлдарына салқын болғанымен олардың болашақта өз орындарын басатын, қоғамда лауазымды, мәртебелі орын иесі, беделді тұлға ретінде елестетті, сол үшін оқытты, білімді болып өсуіне жағдай жасады. Гетенің әкесі баласын заңгер болып, императорлық сот жүйесінде істегенін қаласа, Құнанбай да Абайдың өзінің қарамағындағы қара халыққа болыс болып басшылық етеді, өзі сияқты дау-дамайларды шешеді деп үміт етеді. Сондықтан біріншінің әкесі жас Гетені 1772 жылы Вецларға жіберсе, екіншісінің әкесі Семейдегі діни медресеге оқуға жібереді. Бірақ екеуі де әкелерінің үмітін ақтамастан жіберген жақтан көп ұзамай қайтып келіп, екеуінің әкесі өздеріне елестетпеген ақындық жолын таңдайды.
Аналары керісінше, балаларының рухани қажетін ашып, махаббат пен қамқоршылық көрсете өсірді. Гетенің анасы Катарина Элизабет Текстор өмірге ғашық, ақылды, мейірімді жан болған екен. Гетенің өзі поэзияға бейімділігін анасынан деп есептеген екен. «К моей матери » деген өлеңінде анасына деген үлкен сезім, сонымен қатар анасының елгезектігін, көпшілдігін, қиял-армандау қасиетін бойына сіңіргенін жеткізеді.
Абайдың анасы Ұлжан туған-туысқандардың ішінде құрметке бөленген, оның парасаттылығын Құнанбайдың өзі мойындаған, қиналғанда ақылдасып, пікірін тыңдаған. М.Әуезовтың «Абай жолында» Меккеге аттанғалы тұрған Құнанбаймен Ұлжан арасындағы сұхбат соған дәлел.
Алғашқы ақындық тәжірибелерін жарыққа шығарумен қатар, әкелерінің талабы бойынша сот жүйесінде екеуі де алғашқы қадамдарын жасайды. Бірақ бұл қызмет екеуінің де жандарына тыныштық, қанағат сезім сыйламайды. Керісінше, әділеттік шешім қабылдап, заң қабылдау үрдісіне өзгерістер енгізгенмен, сол дүниенің қарапайым адамға қатыгез болғанын, оның зары мен мұңын тыйа алмайтынын, жақсыға өзгерте алмайтынына көздері жетеді… Кеудеде күйік сезім туады, қаншама үміт еткен ойлар жүзеге асырылмайды…Гетенің Вертер деген кейіпкері өзінің соңғы хатында: «Барлығы бұл дүниеде ешпен аяқталады…» деп ренішпен Гетенің өз сезімін білдірсе, Абай тура сол ойын:
Өмірдің алды ыстық, арты суық,
Алды — ойын, арт жағы мұңға жуық,- деп білдіреді.
Гете мен Абай… Екуінің өміріндегі жағдайлар мен оқиғалар қайталанып тұрғандықтан, ең бастысы екі данышпан елдің ұлы ақындары болғандықтан, тағдырларында рухани ізденістері, ішкі дүниетанымы ұқсас болғандықтан, сол сиқырлы жіптер, бір-бірімен өрнектеліп ғажайып ой оюын қалыптастырады. Соның ішіндегі ең анық байланыс шығармашылықтарынан, ортақ сезімнен туындайтын, қысқа болса да мәні зор миниатюра: « Из Гете» Горные вершины
Спят во тьме ночной
Тихие долины
Полны свежей мглой;
Не пылит дорога,
Не дрожат листы…
Подожди немного,
Отдохнешь и ты.
(Лермонтовтың аудармасы)
Абайдың аудармасы:
Қараңғы түнде тау қалқып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт дел-сал қып,
Түн басады салбырап.
Шаң шығармас жол дағы,
Сыбдырылмас жапырақ.
Тыншығарсың сен дағы
Сабыр қылсаң азырақ.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Герольд Б. Гете и Абай. – Алматы. «Жалын», 1989.
- Есенбай Д. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы Шығармашылық екі томдық толық жинағы (І том) – Алматы. «Жазушы»-Т.,2016. Өлеңдер мен аудармалар. -296 бет.
3.Есенбай Д. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы Шығармашылық екі томдық толық жинағы (ІІтом) –Алматы. «Жазушы»-Т.,2016. Өлеңдер мен аудармалар. -336 бет.
- Ахметов З. Қалың елім, қазағым. Өлеңдер. -Алматы: Атамұра, 2002. -224 бет.