Home » Мақалалар » Ата-ананың тәрбие беру стиліндегі дәстүр және жаңашылдық

Ата-ананың тәрбие беру стиліндегі дәстүр және жаңашылдық

Алматы қаласы
Тұран университеті 2 курс журналистика
Медетбек Мөлдір

 Сіз ұлыңызды немесе қызыңызды тек қана өзіңіздің ата-аналық қуанышыңыз үшін ғана дүниеге әкеліп, тәрбиелеп жатқан жоқсыз. Сіздің отбасыңызда және сіздің басшылығыңызда болашақ азамат, болашақ қайраткер және болашақ күрескер өсіп келеді.

Антон Макаренко

Қай заманда, қай елде өмір сүрсек те отбасының адам өміріндегі маңызы мен жауапкершілгін басқа нәрсемен алмастыра алмаймыз. Отбасы — адам өмірінің ең үлкен ажырамас бөлшегі. Отбасы — адам баласының нәр алып көктейтін, өсіп-өнетін алтын ұясы. Дүниеге шыр етіп келген кезден бастап барлық қызықты да қуанышты шақ осы жанұя ішінде болары белгілі. Бала дүниеге келе сала ата-ана өздерінің негізгі борышы — тәрбие беру жұмысын атқара бастайды. Тіпті ғалымдардың зерттеуі бойынша тәрбие бала құрсаққа бітпей жатып, сәбилі болу жоспарланған уақыттан басталу керек екендігі дәлелденген. Бала тәрбиесінің күре тамыры — отбасы. Осы шағын әлеуметтік топ бала болашағына, тұлға болып қалыптасуына, өмірден өз орынын табуға тікелей ықпал етеді. Сол себепті «Тәрбие — тал бесіктен» — деген халық даналығы да текке айтылмаса керек. Бала алдындағы ата-ананың ең үлкен міндеті де сол — дұрыс тәрбие беру.

Ежелден келе жатқан қазақ халқының ұлттық тәрбиесінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Келешек ұрпақтың болашағы үшін алаңдап, тамыр жайған тектілікті бала бойына сіңіру — үлкен жауапкершілікті, асқан шыдамдылықты талап етеді. Ұлттық болмысты, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты ұрпағының  бойына сіңіруді мақсат тұтқан қазақ отбасылары баласына жастайынан елінің мәдениеттілілігін, халықтың таным-түсінігін тәрбиенің бұлжымас құралы ретінде қолданған. Заман жаңарып, адам түсінігі мен қабылдауы өзгеріске ұшыраса да дәл осы ұлттық болмысты қанға сіңіру үрдісі өз күшін жоғалтқан жоқ.

Ал, осы тақырыпты әлемдік деңгейде алып қарайтын болсақ, бұл әлеуметтік бастама ХХ ғасырдлың жиырмасыншы жылдарында толықтай зерттеле бастаған. Сол тұжырымдарда айтылғандай,  ата-ананың балаға деген махабатты туа біткен биологиялық құбылыс болып саналады. Бала мен отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынас тікелей мейірім, махаббатқа байланысты екенін де алға тарқан жөн. Себебі ата-анасының сүйіспеншілігіне бөленіп, аялы алақанының жылуын сезінбеген бала лайықты тәрбие алады деп айту шындыққа жанаспайды. Қазіргі таңда отбасы туралы жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, жанұя бала болмысының туыла сала қалыптасуының ең алғашқы сатысы болып есептеледі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» — деп дана халқымыз айтпақшы, бала  жанұясында қандай тәрбие алса, өсе келе айналасына соны көрсетеді.   Сол себепті перзент ата-ананың айнасы деп бекер айтылмаған.

Адамзат баласының отбасылық тәләм-тәрбиесі қай ғасырдың болмасын өзекті мәселесінің бірі болды. Сонау антикалық дәуірден бастап ғұламалар отбасылық тәрбие стиліне ерекше мән берген. Бұл тұжырымға грек ойшылы Платонның пікірі дәлел бола алады. Оның ойынша ер мен әйел отбасын құрмас бұрын болашақ өміріндегі серігінің қандай жанұядан шыққандығын, оның арғы ата-бабасының тарихын толық білуі қажет. Ал, белгілі ғұлама Аристотель болса,  «отбасы – адамдардың арасындағы қарым-қатынастың ең алғашқы түрі және ол мемелекеттің бірінші кішігірім бөлігі» деген.

Бүгінгі болашақ ұрпақ үшін сыр өңірінің абызы Қорқыт атаның мол мұрасындағы: «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Менмен, тәкаппар  адамды тәңірі сүймейді. Ақылсыз балаға ата дәулетінен қайран жоқ. Қонақсыз қараша үйден, құлазыған түз артық» деген отбасы құндылығын ұғындыратын тәрбиелік өсиеті  әлі де үлкен маңызға ие.

Отбасылық тәрбие – бұл ата-аналардың белгілі бір қасиеттерді, бала бойына сіңіру үшін саналы түрде жүзеге асатын фактор.   Отбасылық тәрбиеде ана мен әке бала үшін бірдей тер төгуі өте маңызды. Себебі бала ата-анасынан теңдей тәлім алған кезде толыққанды тұлға болып қалыптасады. Ал қазіргі таңда біздің қоғамның ақсап тұрған тұсы – барлық жауапкершілікті үйде отырған анаға артып қою. Ер адам түзде, нан тауып жүр деген желеумен, отанасына барлық жүктің түсуі – ол үшін өте ауыр болады. Осындай жағдайдың әсерінен әйел адамда күйзеліске түсу, балаға көп негатив таныту әркеттері  жиі кездеседі. Бала екі жақты толыққанды тәрибие ала алмаса болашақта ол ата-анасы жасаған қателікті қайталауы бек мүмкін. Осы тақырыпқа  орыс ғалымдары И.Н.Галасюк пен Т.В.Шинина ана тәрбиесіне қатысты  жасаған зерттерулерінде баса назар аударған.

Ғалымдардың анықтауынша, қазіргі таңдағы ата-ана тәрбиесінің негізі стилі – эмоциялық қарым-қатынаспен тығыз байланысты. Сондай-ақ,  жаңа заманғы зерттеулерде махаббат, қабылдау, талаптар және бақылау деген сияқты сезімдер ерекше назарға алынған. Баланың толыққанды дамуының негізгі шарттарының бірі – өзін-өзі психологиялық тұрғыда қорғау болып табылады. Баланың ішкі әлемінің мамыражай тыныштықта болуы, ата-анасынан алған сезімдерге тікелей байланысты. Ол үшін отбасы мүшелерінің қарым-қатынасы формальды емес, эмоциноналды қанық болуы шарт.  Қазіргі біздің қоғамдағы тәрбиеге ауадай қажет бірнеше сезімдерге тоқталып көрейік:

Түсіну. Ата-ана мен одан туылған перзент әр түрлі заманға тиесілі. «Заманына қарай адамы» демекші, әр кезеңде адам қажеттіліктері мен қалауы өзгеріске ұшырап отырады. Бұл қалыпты нәрсе. Алайда, баласының қалауын түсінбей: «біздің кезімізде мұндай болған жоқ», «біз сендей кезімізде ата-анамызды мазаламайтынбыз» деген сияқты сөздер баланы өз жанұясынан алыстатады. Бала қалауына, бала сезімдеріне құрметпен қарап, түсіне білу бүгінгі күннің басты талабы. Десе де, әр жағдай өз деңгейінде қарастырылғаны жөн. Бала қалауы осы екен деп, шектен шыққан әрекеттерге де жол беруге болмайды.

Сенім. Бала үшін ең ұлы күш – ата-ананың оған деген сенімі. Қандай жағдай болмасын отбасы мүшелері өз перзентінің қасынан табылса, ол тау қопаруға дейін дайын болады – дейді ғалымдар. Өмірде кездесетін түрлі оқиғалар мен сынақтар адамды әлсіретуі мүмкін. Ал, әкесі мен анасының қолдауы мен сенім білдіруі оны қайта аяққа тұрғызады. Балаға сену – оның болашағына сену! «Мен саған сенемін!» деген бір ауыз сөздің өзі балаға таусылмас күш-қуат сыйлайды.

Қателіктер. Иә, бұл өмір қателіксіз қызық еместей көрінеді. Бала енді қалыптасып келе жатқан шағында көптеген қателіктерге жол беруі мүмкін. Ата-анасының ойында сызып алған шектеулерінен асып кететін жағдайлар да  болып жатады. Алайда, қателеспейтін пенде жоқ екенін ескерсек, баланың қандай да бір қателікке жол беруі – норма болып саналады. Бұл жердегі мәселе ата-ананың сол қателікті қалай қабылдайтындығында. Оны жазалап, ұрсып, меселін қайтаратын болса баланың түпсанасында қателесуге болмайды деген ой қалыптасып, әкесі мен анасына деген жеккөрушілік сезімі пайда болуы мүмкін. Ал егер, болған қателікті талқылап, жәймен алаға дұрыс-бұрысын ажыратып түсіндірген жағдайда, екеуара үлкен сенімділік пен сыйластық орнайды.

Е.Г.Благушкин мен В.Л.Титаренко отбасы тәрбиесінің ең негізгі  стилі  ретінде осы эмоционалдық қарым-қатынас факторын  атап көрсеткен. Бұл қатынас түрі ата-ана мен бала арасындағы, басқа да отбасы мүшелерінің қатысуымен жүретін  эмоционалдық жақындыққа негізделген. Яғни, бала ата-анасынан, туысқандарынан алған жылулық, махаббат сезімдерін түсініп, оны бағалап, кері реакция бере алады. Өз сезімдерін еш бүкпесіз, еркін жеткізе алады. Мұндай отбасында өскен балалар болашақта да өз ойын ашық жеткізетін тұлға болып қалыптасады. Ал, мұндай жақындықтың болмауы немесе жеткіліксіздігі баланың эмоционалдық жағдайын төмендетіп, оның әлеуметтік маңызды сезімдерінің дамымауына себеп болуы мүмкін.   Отбасындағы эмоционалдық қарым-қатынастың бұзылуы  — бала өміріндегі ең маңызды кезең «жасөспірім тұлғасының» қалыптасуына да теріс әсер етеді. Отбасылық жағдайдағы бұзылыстарды жіті зерттеген Э.Г.Эйдемиллер мен В.Юциский  ата-аналар мен жасөспірімдердің қарым-қатынасында жиі кездесетін бұзылыстардың нақты екі түрін атап көрсеткен:

Біріншісі: «ата-аналық сезімнің дамымауы». Мұндай отбасыларда әкесі мен анасы баламен тығыз қарым-қатынас жасағысы келмейді, өзіне берілген жауапкершіліктен қашады және бұйрық бергенді қалап тұрады. Ата-ана сезімдерінің дамымауының басты себебі, отбасылық тәрбиедегі ерекшеліктің болуынан. Мысалы қыз бала өзінің жанұясынан мейір-махаббат сезінбей, қолдау көрмей бой жетсе, кейін өзі балалы  болғанда ол  перзентін тәрбиелеу кезінде жазалау, ұрып-соғу сияқты әдістерді қолдатындығы дәлелденген. Сондай-ақ, өте жас ата-аналардың баласына деген сезімі де өте әлсіз  болып келеді. Бірақ өсе келе бұл олқылықтың орны толатындығы да зерттелген.

Екіншісі: «ата-ананың жасөспірімнің жынысына қатысты нұсқаулары». Бұл топқа баласын жынысына қарай бөлетін немесе баласының жынысына сай әркетеіне көңілі толмайтын ата-аналар жатады. Ұлына: «сенде қыз баланың қылықтары басым», қызына: «сен еркек балаға ұқсап барасың» деген сияқты сөздер жасөспірім шақтан өтіп жатқан балалар үшін өте ауыр соққы болады. Енді қанаты қатайып келе жатқан адам үшін мұндай сөздер оның ішкі тірегін әлсіретіп, өзін қоғамнан шеттетуге алып келеді. Ата-ананың балаға айтқан әр сөзінің үлкен күш-қуатқа ие екенін осы мысалдар арқылы түсінуге болады.

 

Сан қилы тағдырды басынан өткізген текті халқымыз ұл бала мен, қыз баланың тәрбиесіне ежелден-ақ үлкен мән берген. Қыз бала қылығымен, ұл бала ұлжандылығымен ұлықталған. Зейнеп Ахметова апамыздың «Бабалар аманаты» кітабында айтылғандай, қазақ ұл баланы еркелеткенде басынан сипамаған, арқасынан қаққан. Ұлды басынан сипаса мүсіркеу сезімі пайда болып, ынжық болып өседі деп түсінген. Ал, арқасынан қақса, жігерленеді, алға қарай ұмтылады, қайсар болады деп болжаған. Қыз баласын керісінше басынан сипаған. Қыз – жатжұрттық, болашақ тағдыры қалай болады, деп аялап, ерекше мейірімділік танытқан.  Бұл үрдіс қазіргі таңда біздің қоғамда аса үлкен өзгеріске ұшырай қойған жоқ. Десе де, заман ағымана сәйкес ыңғайланғанын айта кеткен жөн. Ақпараты мен экономикасы дамыған бүгінгі уақытта жетекші рөл ұлттық тәрбиеге берілуі тиіс-, деп санайды ғалымдар. Оған себеп те жоқ емес. Ұлттық тәрбиенің негізі саналатын сал-дәстүр мен әдет-ғұрыпты меңгеру арқылы өскелең ұрпақ ұлтын сүйетін, еліне қызмет ететін  тұлға болып қалыптасады – дейді мамандар.

Бала үшін ең алғашқы ұстаз – ата-ана екенін ескерсек, жақсы ата-ана бола білу жаукершілігі мол іс. Қазіргі таңда кез келген саналы жұп өздеріне «Қайткенде жақсы ата-ана боламыз?» деген сұрақты қоюы керек. Себебі заман жаңарған сайын бала психологиясы да жылдам өзгеріп, жаңашылдыққа тез бейімделіп жатыр. Психология ғылымының осызаманғы зерттеуі бойынша ата-ана балаға 5 жасқа дейін аса мұқият қарап, психикасының дұрыс қалыптасуына жағдай жасауы тиіс. 3 жасқа дейін өздерінен жыраққа жібермеуге тырысқаны абзал. Бұл топқа балабақшалар мен ата-әжесіне беріп жіберу деген пунктер де жатады.

«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деп халқымыз бекер айтпаған. Әкесі әйелін жұмысқа шығарып қойып, өзі үйде шалқалап жатса, оны көрген ұл да кер жалқау болып өсері сөзсіз. Шылым тартып тұрып, ұлын темекіден тиятын ата-ана оның санасына сеніміздік ұялатады. Бала-шағасының көзінше күйеуіне айғайлайтын, зекіп сөйлейтін ананың үлгісін көрген қыз ертең өзі жар атанғанда бала күнінде көргенін қайталайтындығы да ғылыми дәлелденген. Бір қызығы, бала маскүнем әке-шешесінің қылығынан жиіркеніп, жеккөріп өссе де, есейген шағында қиын жағдайларда бейсаналы түрде ішімдікке салынып кетуі ықтимал. Осы орайда киносценарист-журналист Мұрат Есжанның: «Барлық бала жақсы компьютер болмауы мүмкін, бірақ барлық бала керемет ксерокс» — деген сөзі дәлел.

Қазіргі таңдағы тәрбие беру стилінің тағы бір формасы: баланы еш себепсіз құшақтау, жақсы сөздер айту, мотивация беру. Бала енді бүршік жарып келе жатқан ағаш секілді болғандықтан, көп баптау мен күтімді қажет етеді. Сол себепті оған ылғи да: «мен сені жақсы көремін», «сенің ойың мен үшін маңызды», «мен сенімен ақылдасқым келеді», «сенің қолыңан бәрі келеді», «сен менің өмірімдегі ең маңызды адамсың» деген сияқты сөздерді  күнделікті  айтып отыру керек. Сол кезде сіз баптаған ағаш мол жеміс беретін болады. Ондай ұлағатты сөздер тек фильмдерде айтылады деген ойды санадан шығарып тастайтын уақыт келді.

Қорыта айтқанда, қазіргі таңдағы бала тәрбиесінің ең негізгі күші – ата-ана жауапкершілігінде. Аумалы-төпелі уақытта ұрпақ тәрбиесімен айналысып отырған жандарға көп ізендіс, тоқтаусыз білім алу қажет. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген ұлы Мұхар Әуезов сөзі қазіргі заманда да үлкен маңызға ие. Демек, әр ата-ана өз баласына тәлім беру арқылы бүтін бір ұлтты  тәрбиелеп  отырғанын естен шығармағаны жөн. Ертеңгі елдің іргесін берік ұстайтын ұл мен қыз бүгін өз шаңырағында лайықты өнеге көруі тиіс. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, балаға берліген тәрбиенің қай түрі болмасын ата-анасының ізінен жүріп отырады.  Қазіргі таңдағы тәрбие беру стилі айтарлықтай ізендісті талап етеді. Иә, біздің  қоғамда өз саласының маманы жетерлік. Алайда, отбасы, ошақ қасының тәлім-тәрбиесіне келгенде сол мамандар ақсап қалып жатады. Сондықтан да, ел тұтқасы – отбасы тәрбиесі бірінші орынға қойылғаны жөн. Баланың тек материалдық жағдайына көңіл бөліп қана қоймай, оны моральдық тұрғыдан қолдап, психологиясын жіті түсінген кезде ғана  толықтай қажеттілітері өтелетін болады.  Отбасы – шағын мемлекет. Сол мемлекеттің керегесі кең, босағасы берік болғанда ғана  тұтас ел алынбас қамалға айналады.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.