Сопбекова Магира Байузаковна,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру Институтының аға оқытушысы, Тараз қаласы
Ұстаз беделі деген не? Бұл сұрақ бәрімізді де ойландырады. Қазіргі педагог теледидардан, кинодан, интернеттен біраз ақпарат алып, азды-көпті көкейіне сақтаған шәкіртпен, оқыған, сауатты, мәдениеті жоғары ата-аналармен жұмыс жасайды. Бұл оның жеке басына, зиялылығына биік талаптар қояды.
Педагогикалық процесс, оның жетістігі мен өнімділігі педагог пен оқушылар арасындағы өзара түсіністікке, өзара сенімге және ынтымақтастыққа байланысты. Мұндай өзара әрекеттесуге қол жеткізу көбінесе педагогке байланысты — оның ақыл-ойы, адамгершілік қасиеттері, кәсібилігі және әдептілігі, жалпы осының бәрін педагогтің беделі деп түсінуге болады.
Педагогтің беделі — педагогтің жеке басының маңызды сапасы, оқушыға жанама әсер етудің қуатты құралы. Педагогтің беделі неғұрлым жоғары болса, оның оқушылармен қарым-қатынасы жағымды, эмоционалды қанық болса, оларға қойылатын талаптар соғұрлым әділ болады.
Өз жұмысына бей-жай қарамайтын әр адам ерте ме, кеш пе өзінің лауазымдық міндеттерін орындауға байланысты өзінен не талап етілетінін ойланады.
Бедел дегеніміз — педагог еңбегінің айнасы. Педагог беделді болу үшін ең алдымен баланың ата-анасымен қарым-қатынасын дұрыс жолға қойып, олардың тұрмыс-тіршілігімен таныс болғаны жөн. Педагогтің көп ізденгіштігі, ата–анамен бірігіп жұмыс істеуі, тіл табысуы, терең білім бере білуі шәкірттеріне де әсер етіп, ыстық сүйіспеншілігін оятады.
Ұстазға қояр талап өте биік. Ол барлық жерде де жұртқа ұстазға лайық өнегелі ісімен ықпал жасауға тиіс. Той-думанда, кітапханада, дүкенде, шаруашылықта, қысқасы, қайда болса да ұстаздың ұстаз екені көрініп тұруы керек. Мысалы, жүрген жүрісінде, сөйлеген сөзінде, киген киімінде, тіпті, үй тұрмысының тазалығында осындай ерекше қасиеті білінуі өзгелерге ой салады. Ұстаз, қашанда қарапайым, айтқан сөзіңде тұратын, әдепті, салмақты, дауыс көтеріп, айқайлауды сүймейтін жан. Парасатты жан өз жолдастарына қатты реніш білдірмейді. Шәкірті ренжісе — ренжиді, қуанса — қуанады. Бос сөзден аулақ болады. Тек ата-анамен байыпты сөйлесіп, өз шәкірті жайында педагогтік инабатпен әңгімелесіп, пікір алысады.
Ең бастысы — әрбір педагог өзін-өзі тәрбиелеп, мінез-құлқындағы кемшіліктерді түзетуге тырысып, жақсы қасиеттерін жетілдіріп отыруға міндетті. Соны іс жүзіне асыра білсе, ол, сөз жоқ үлкен беделге ие болады.
Еліміз өркениетті елдердің қатарынан орын алып, ұрпағымыз қоғам қажеттілігіне сай болып жатса, бұл – ұстаздардың еңбегінің жемісі. Олай дейтін себебіміз ақынды да, батырды да, алыпты да, дананы да ұстаз тәрбиелейді. Мұғалімі қандай болса, қоғамы да сондай болмақ делінген бұлжымас заңдылық ерте уақыттардың өзінде-ақ белгілі болды. Адамзат өркениетінің даму тарихында жақсы мектебі мен мұғалімдері бар мемлекет қана озып шыққан.
Ұстаз үшін бақыт – алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәті. Ендеше, бүгінгі білім мен білік, бәсекелес заманында ұландардың биіктен көрінуіне күнделікті істегі жаңашылдық пен жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткізейік.
Барлық ұстаздарды алда келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтаймын, денсаулық, шығармашылық табыс пен қажырлы қайрат тілеймін.