Такежанова Бақыт Ақатқызы
№59 мектеп-гимназиясының оқытушысы
Мен бұл мектепке бесінші сыныптың екінші жартысында келдім. Сыныпқа алғашқы кіргенімде қақ алдымда сынап қараған сыныптастарым, мен екінші қатардың үшінші партасына отырғанша бақылады. Өн бойымнан өтіп бара жатқан жанары оттай көздер. Ана бір артында отырғаны көзінің қиығымен әбден қарады. Ішім сезеді, қоңыраудың ортасында менімен танысуға келеді. Өзімді ештеңеден қорықпайтын, батыл етіп көрсетуім керек екенін түсіндім. Сол сәтте бірінші қатарда отырған аққұба қыз жалт қарады да, басын қайта тақтаға қарай бұрып алды. Көзім жирен қоңыр шашына түсті. Сүмбүл шашты екен. Өзі де әрлі. Мен де жан жағымдағы балаларды бақылап, өзімше пайымдап отырмын. Анау біреуі жылпос сияқты. Ал мынау отырғаны момын. Он минуттың ішінде тез-тез қарап барлығын бір шолып шықтым. Сыныпқа Тоты Күмісбекқызы апайымыз кірді.
– Кәне, орындарымыздан тұрамыз, балалар. Менімен амандасқандарың өздеріңе амандық тілегендерің – деп екі қолын көтеріп, «тұрыңдар» деген белгі берді де, «отырыңдар» дегендей қайта түсірді.
– Сыныбымызға жаңадан келген оқушы бар екен. Біздің сыныпқа қош келдің! – деп маған бір қошеметін көрсетті. Мен орнымнан тұрып өзімді таныстырдым да, отыра бере: «Мен де сізді көргеніме қуаныштымын» демесім бар ма?.. Барлық сынып ду етіп күлді. Әлгі сөздің қайдан шыққанын құдай білсін. Бұған дейінгі оқыған мектепте осындай келеңсіз жағдайға жиі қалатынмын. Онда да сыныптастарым ыңғайы келсе мені келемеждеуге тырысатын. Мен өзімді ұстай алмаймын ба ? Әлде тұзым жеңіл ме , кім білсін? Әйтеуір осындай мазақтың ортасында ойыншық боламын да жүремін. Жаңа мектепке келерде әкем де, анам да екі жақтап мықтап ескертіп еді. Мен тағы өзімді ұстай алмадым. Алдыңғы мектептегідей елдің соңында қалар ма екем… Қатты уайымдадым. Екі алақаным терлеп кетті. Осы бір мінезімді жеңе алмай-ақ қойдым. Екі бетім қызарып барады.
– Олжас, отыра ғой – деді апай. Мен басымды төмен салбыратып орныма отырдым. Сыныпта ырду- дырду әңгіме мен мырс еткен күлкі әлі де болса ойнап тұр. Бір кезде маған бақылай қараған апайдың жанарын сезгендей болдым. Оның үндемей тұрғанын көрген сыныптастарым сап тыйылды. Апайымыздың «маған қараңдар» деген үнсіздігі бойымызды тез жинатып алды. Сыныпта тыныштық орнады. Олардың назары өзіне ауғанын күтте де:
– Әй, шіркіндер-ай, осы біреуді мысқылдағанға неге жақынсыңдар? Жалпы балалар, осы сендер күлкіге айналдырған «біреуге қуаныш сыйлау»дегеніміз не ? Айтыңдаршы кім біледі? Өз ойларыңды ортаға салыңдар. Қанеки, қайсысың қандай ой қосар екенсің?– деді. Жан жақтан әртүрлі жауаптар естіле бастады. Біреуі « Ол деген ата-ананы сыйлау» – деді. Енді біреуі « Апай, ол мысығыңды жақсы көру», « біреуді көргенде қуану» –деді манағы артымда отырып көзінің қиығымен қараған бала. Апай да іліп алғандай: « Кімді көргенде?» деп еді, оң жақ бүйірімде отырғаны «қызды» деп саңқ ете қалды. Сынып тағы да шу етіп күлді.
– Дұрыс айтасың Әлімжан. Біреуді көргеннен қуану дегеніміз балалар, ол адамгершілік қағидасы. Демек, сенің біреу үшін қуана білуің әуелі тәрбиелі бала екеніңнің белгісі. Тағы қандай қасиетті көрсетеді, кім айтады? – деді апай.
– Апай, мейірімді адам, – деді алдыңғы қатардағы аққұба сұлу қыз.
– Жүрегі кең, апай – деді енді біреуі. Дәл осы сөзді кім айтқанын байқамай қалдым. Осы сәтте апай қолын көтеріп «тынышталыңдар» дегендей белгі берді де, жаңағы баланың сөзін жалғап әкетті:
– Міне, балалар, біреуге қуана білу деген жүректің кеңдігінен шығады. Жүрегі кең адам біреуге жамандық ойламайды. Қайта қиын сәтте жанашырлық танытады. Досына көмектескені үшін өзіне риза болады.Біреуге пайдасы тигеніне қуанады. Жай ғана қарапайым күнделікті өмірде жүрген ортасын жоғары бағалайтын адамның бойынан табылатын асыл қасиет. Біреу үшін шынайы қуана білудің өзі парасаттылық, адамгершіліктен пайда болады. Ал енді өздерің айтыңдаршы, мені көргеніне қуанған Олжастың бағанағы жауабы күлкі етерлік жауап па ? Жоқ, балалар! Нағыз жоғары бағаға лайықты жауап. Ол мені көріп, сендерді көріп қуанышты. Неге дейсіңдер ғой ?.. Себебі, ол жаңа мектепке, жаңа сыныпқа келді. Ол үшін белгісіз жаңа орта. Сол үшін қуанды. Ал сендердің күлгендерің орынды болды ма ? – деді апай. Қызу талқы болған әңгіме тап осы жерден сап тыйылды. – Балалар, әрбір әрекетті ойланып, мән-жайын пайымдап барып шешім қабылдау керек, – деп апай сөзін аяқтады.
Осы оқиғадан кейін менің сынып ішіндегі абыройым көтерілді. «Кіммен, қалай тіл табысамын?» деген уайымымды бірден сейілтті. Сыныптастарыммен тез тіл табысып кеттім. Мектеп бітіргенге дейін де, кейін де бәріміз ажырамас дос болдық. Әлі де болса апайыммен, сыныптастарыммен араласым жақсы. Арамызда бір нық бекіген сенім бар. Бүгінде жасым отызға келсе де, осы апайымның жасаған жақсылығы санамда мәңгі сақталып қалды… Кім білсін, егер менің сол сыныпқа күлкі болған сәтімді Тоты Күмісбекқызы басқаша пайымдамаса, осыдан сабақ боларлық өнеге көрсетпегенде менің қоғамдағы орыным табылар ма еді?..
Айтайын дегенім, сынып ішіндегі бір 10 минуттық ұстаздың көрегендігі бала өмірінде үлкен із қалдырды. Биыл үлкен өмірге қанат қағып кеткелі 15 жыл. Бірақ осы оқиға ойымнан кетер емес…
Бүгін – ұстаздар күні. Бұл бала өмірінде үлкен келелі із қалдыратын ұлағатты жанның мерекесі. Құрметті ұстаздар қауымы, «Тарыдай баладан, таудай тұлға» қалыптастырудағы еңбектеріңіз жемісті болсын! Мерекелеріңізбен!
Мәңгілік өзіңе деген құрметпен тағзым етуші шәкірт естелігі хатынан…