Home » Мақалалар » «ҰСТАЗДАР КҮНІ» МЕРЕКЕСІ – ХАЛЫҚТЫҚ МЕРЕКЕ

«ҰСТАЗДАР КҮНІ» МЕРЕКЕСІ – ХАЛЫҚТЫҚ МЕРЕКЕ


Қанат Едігетегі,
Алматы қаласы
№59 мектеп-гимназияның оқытушысы
«ҰСТАЗДАР КҮНІ» МЕРЕКЕСІ – ХАЛЫҚТЫҚ МЕРЕКЕ

Ғылым мен білім, мәдениет пен өркениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген ұстаздардың еңбегі зор екені баршаға аян. «Ұстаз болу – жүректің батырлығы, Ұстаз болу – сезімнің ақындығы..»-деп Ғафу Қайырбеков жырлағандай, жас ұрпақтың санасына нұр құйып, өмірде өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың бар болғаны қандай жақсы. Қоғамды алға сүйрейтін де, елді жарқын болашаққа жетелейтін де негізінен осы ұстаздарымыз емес пе?! Еңбектері сырттай қарапайым болып көрінгенімен, тарихтағы ең маңызды істердің бірін (Ушинский) атқарып жүрген ұстаздардың жұмыстарын басқа жұмыстармен салыстыруға мүлде  келмейді.  Ұстаз білім беріп қана қоймайды, жас ұрпақты алдағы үлкен өмірге  дайындап, саналы адам етеді. Елжанды, көзі ашық азамат болып қалыптасуы үшін тер төгіп, бүкіл саналы ғұмырын арнайды.  Әр елдің келешегі ұстаз еңбегіне байланысты. Сондықтан да ұстаз еңбегін әрдайым сыйлап, қолдан келгенше қолдап жүру, ұстаздарды құрметтеу – өсер елдің еншісіндегі міндет.

Негізінде, бала тәрбиесі мен біліміне ұстаз ғана емес, жалпы қоғам жауапты деп жиі айтамыз. Аталмыш міндетті жүзеге асыруда ұстаздар мен ата-аналардың, ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйымдардың иық теңестіре бірлесе еңбек еткендері маңызды. Атқарылатын тәрбиелік іс-шаралардың басты мұраты сол – игі қасиеттерді бойына жинақтаған саналы ұрпақ қалыптастыру. Бұл жауапкершілікті міндетті жүзеге асыруда әрине, барша қауым ұстаздарға иек артып жатады. Жас ұрпақтың рухани сәулеткері әрі үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі деп біледі. Ұстаздар расында да ұлттық, бүкіл адамзаттық мәдениеттің озық үлгілеріне сүйене отырып оқытады, ұлттық құндылықтар негізінде тәлім-тәрбие береді. Ұрпақтың ұлы мұраты жолында талмай еңбек етіп, бар қабілет-қарымын сарп етеді. Сондықтан да, «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін…» деп әлгі Ескендір қолбасшы айтқандай, ұстаздарға жалпы қоғам, ұрпақ қарыздар.

Бірлігі мықты ел ғана озады. Елдік, қоғамдық маңызы бар игілікті іс-шарада баршамыздың бірлік танытқанымыз аса керек. Әсіресе індеттің барша халыққа қауіп төндіріп тұрған қазіргі қиыншылық уақытында тіпті де. Жас ұрпақтың денсаулығы, білімі мен тәлім-тәрбиесі біздің бүгінгі іс-қимылымызға, береке-бірлігімізге тікелей байланысты.

1994 жылы ЮНЕСКО ұсынысымен 5 қазан – Бүкіләлемдік мұғалімдер күні (World Teachers’ Day) деп жарияланды. Содан бастап 5 қазан – ұстаздар мен оқытушылардың, білім саласында еңбек етіп жүрген барлық қызметкерлердің кәсіби мерекесіне айналды. Бүгінде Ұстаздар күнін жүзден астам ел атап өтіп жүр. Қазақстан бұл мерекені қазан айының алғашқы жексенбісінде тойлайды.

Жолы мен жөні бөлек ұлағатты ұстаздарымыздың мерекесі – жалпы елдік мереке. Жаңашылдық пен оқу-тәрбие ісін үлкен шеберлікпен жүйелі түрде жүргізе білетін, ортақ мақсатқа жұмылып, білімі мен тәжірибесін үйретуден жалықпайтын осынау ұлағат иелеріне деген құрмет күн санап арта берсін дейміз. Тәуелсіз қазақ елінің дамуына қосып келе жатқан еңбектері жемісті, жеңісті болсын! Жалпы халықтық мерекеміз құтты болсын, ағайын!

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.