Тиынтай Айгул
Астана қаласы әкімдігінің
«№24 орта мектеп» шаруашылық жүргізу құқығандағы КММ
директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары
Жас педагогтің кәсіби құзіреттілігін арттыру
Қазіргі таңда білім саласында өз қызметін жаңадан бастаған жас мамандарға жан-жақты қолдау көрсете отырып, мектеп өміріне етене араласуға, өзінің кәсіби құзыреттілігін жетілдіріп, заман ағымына сай білікті маман болып қалыптасуына жағдай жасау мәселесі маңызды орын алып отыр. Себебі мектепке жаңадан келген жас мамандардың оқушылар мен ата-аналар арасындағы байланысты қалыптастырып, үштік одақта ынтымақтастықта жұмыс жасауға төселе алмауы салдарынан мектепте ұзақ уақыт тұрақтай алмауы жиі кездеседі. Ал жас мамандардың мектепте тұрақтамауы, өз мамандықтары бойынша жұмыс жасаудан бас тартып, басқа салаға ауысып кетуі мектепте кадр тапшылығының орын алуына әкеліп соғуда. Сондықтан да жас педагогтерге мектепке жұмысқа орналасқан бірінші күннен бастап жағымды орта қалыптастыра отырып, әдісдемелік қолдау көрсету, өз мамандығына төселуге бағыт-бағдар беру жолдары барынша кең ауқымда жүргізілуі қажет. Аталған мәселені реттеу тәлімгерлік жұмысты сапалы жүргізумен айқындалады.
Жас маманның педагогтік жұмыс барысында қажеттілігіне сай күнделікті қолданатын материалдарын жинақтап, оларға жұмыс барысында басшылыққа алатын нормативтік-құқықтық құжаттарды ұсыну тәлімгердің басты міндеті болып табылады. Тәлімгерлер мен жас мамандар ынтымақтастықта нәтижеге жұмыс жасауы барысында туындаған мәселелерінің көкейкестілігі, қарама-қайшылығы, проблемасы, мақсаты, объектісі, міндеттері, әдіснамалық және теориялық негіздері жан-жақты сараланып отыруы қажет.
Тәлімгер тәлімгерлік жұмысты инновациялық бағытта жүргізе отырып, жас маманның мектеп өміріне, педагогтік қызметке жылдам бейімделуіне бағыт-бағдар беру жолдары бойынша әдістемелік материалдарды ұсынып, жас маманды үнемі дамытып, қолдап отыруы шарт. Бірлескен жұмыс барысында педагогикалық салаға қатысты, педагог қызметіне қатысты және оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруға қатысты нормативтік-құқықтық құжаттарды негізге ала отырып, тәлімгерлік жұмысты ғылыми тұрғыда жоспарласа, жұмыс оң нәтижесін береді. Сонымен қатар тәлімгер мен жас маман бірлескен жұмыс барысында жас мамандардың өз-өзіне бағалау жүргізу және бағалау нәтижесінде жіберген қателіктерін түзету жолдарын да қарастырып, рефлекция жүргізіп отырғаны абзал.
Жас маманмен жүйелі жұмыс жүргізілсе, тәлімгерлік бойынша жас маманмен атқарылатын істің нәтижесін жақсы жаққа өзгертуге мүмкіндік туады. Яғни жас мамандар мектепте тұрақтап, өздерінің кәсіби жолын жетілдіруге ұмтылады.
Мектепке жаңадан жұмысқа қабылданған жас мамандарға барлық педагогтер, сынып жетекшілер, мектеп әкімшілігінің мүшелері жан-жақты қолдау көрсетіп, әдістемелік бағыт-бағдар беру жұмысын жүйелі түрде жоспарлауы қажет. Сонымен қатар жас мамандарды үнемі оқыту семинарларына, отырыстарға, пәндік әдістемелік бірлестік отырыстарына т.б. қатыстырып, біліктіліктерін арттыруға жағдай жасалуы тиіс.
Бүгінгі жас маман – ертеңгі білікті ұстаз. Сондықтан мектепке жаңадан жұмысқа қабылданған жас мамандарды жан-жақты қолдай білейік.