Досжанова Гулбагдат Муратбековна
Қостанай облысы Қостанай ауданы
Айсары жалпы білім беретін мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
«Өнермен қатар өрілген ғұмыр»
(жерлес ағамыз Әнуар Боранбаевтың рухына араналады)
Ақтаңгер актердің өмірі шын мәнінде өнерімен астасып жатыр. Оның өнері мен өмірі қыздың қос бұрымындай қатар өрілді. Бірін-бірі толықтырды. Сөйтті де актердің есімі өнер көгінің биігінде шоқ жұлдыздай жарқырады. Әнуар Боранбаевтың есімі өзі бағындырған биігінен түскен жоқ. Түспейді де. Өйткені, ол соңынан өшпес із, ұмтылмас қазына қалдыра білді. Оның мұралары кейінгі толқынға мирас болып қала бермек.
Әнуар Боранбаев Торғай жерпінің талантты да, талапты актері, «Қазақстанның Халық әртісі» атағын тұнғыш иеленген өнер иесі. Асқар тау алыстаған сайын биіктейді. Жақсы адамның есімі де уақыт өткен сайын сол бір таудың асқақтығындай ерекшелене түседі. Саф алтындай жарқырап, еске алған сайын беймәлім қызметтері көптің көңіліне шуақ болып қайта оралады. Өнер десе ішкен асын жерге қояр деген сөзді естігенде көз алдыма жерлесіміз Әнуар Боранбаевтың бейнесі елестейді. Өйткені актер атамыз ғұмырының отыз жылын өнер жолына, сахнаға арнаған. Қазақ кино, театр өнерінде атақты, талантты актерлар көп болған. Солардың ішінде кино өнер әлемінде ойып тұрып орын алатын Әнуар атамызды шыны керек бірі білсе, бірі біле бермейді. Отыз жылын сахнаға арнаған өмірінде Әнуар Боранбаев жайлы жазып, жастар арасында дәріптеу, мағлұмат жинап қайта жаңғырту, мен секілді жерлес ұрпағының міндеті деп білемін. Ерен өнер иесі 1948 жылы 14 — наурызда Амангелді ауданында дүниеге келген. Көпшілікті өзінің қоңыр дауысымен тәнті қылған жерлесіміздің еңбегі, театр мен кинодағы бейнесі ешқашан ұлт жадынан өшпейді. Әнуар Боранбаевтың өмірі қазақ елінің киноәлемімен тікелей байланысты. Талантты тұлғаның қойылымдағы әр бейнесі еліміздің өнердегі тарихи азығы. Өнерде өшпестей із қалдырған актердің кино әлеміндегі бірден бір жоғары көрсеткіші «Гауһартас» киносындағы «Тастан» бейнесі. Өз елінде емес, Кеңес Одағы үшін танымалдығы жөнінен «Қыз Жібек» филмьінен кейінгі екінші орында тұр.
Әнуар Боранбаев – ашық мінезді, қалжынбас, әрі өмірін өнеріне арқау еткен, халықтың жүрегінде керемет эмоция қалдыра білген өнер адамы. Небәрі 30 жылдық ғұмырында 60-қа жуық бейнені сомдаған. Әнуар атамыздың өмірі мен өнерін Қайсар Әлім зерттеу үстінде. Жазушының 2008 жылы «Актер тағдыры» деген кітабы жарық көрді.
Әнуар Боранбаев өзінің тағылымға толы өнер жолында қазақтың театрын жаңа биікке шығарған, ұрпаққа үлгі бола білген халық әртісі. Киелі Торғай жері өз перзенті- Әнуардай ұлдарын ешқашан ұмытпайды, есінен шығармайды.