«Біздің стиль Қазақстан үшін таңсық. Кейбірі оны түсінеді, кейбірі түсінбейді, біздің басты мақсатымыз – Q-pop (Qazaq-pop) деп аталатын субмәдениеттің негізін қалау», — деп ағынан жарылған Ninety one-дық мемберлер, аталмыш музыкалық бағыттың тұсауын 2015 жылдың 8-ші қазанында, «Айыптама» сингліне түсірілген бейнебаянмен кесті.
«Біз барда, шоу бизнес тірі, біл. Абайла, жатса тілім тіліп», — деп отандық шоу бизнесте төңкеріс жасаған «тоқсан бірліктер», «бәрі батты кезекпен, олар тұншығады, ал бізде желбезектер», — дей келе, өнер алаңында орын алған «дағдарысты» батыл сөгіп, музыкадағы еркіндік, ізденіс, сапа ұғымдарын жандандырып, насихаттады.
Алайда, бұл жаңашылдықты жатсынған қоғам, наразылық шерулерін ұйымдастырды. Оған себеп, q-pop субмәдениетін тасушылардың түр-келбеті, сахналық кейіптері дәстүрлі қазақ мәдениеті мен болмысына кереғар еді. Орын алған дауға байланысты топтың продюсері Ерболат Беделхан: «Сыртқы түр-тұлға ерекшелігі, ол-Q-pop-тың шарты, яғни, рухани ішкі дүние мен сыртқы көріністің бір арнада тоғысуы, үндесуі. Қазіргі таңда сән индустриясында жүріп жатқан өзгерістер бойынша, әсіресе Азия стилистикасы, Азия келбеті бүкіл әлемді өзіне қаратып отыр. Сондықтан бұл-стиль, бұл-тренд», — деп өз ойын білдірген болатын. Сөйтіп, жаңа музыкалық ағым, өзінің аяқ алысын ел арасында орнаған үлкен резонанспен бастайды.
Сонымен, мен көтеріп отырған тақырып, қандай маңыз бен мүмкіншіліктерге ие? Аздаған уақыт ішінде q-pop субмәдениеті жастар тарапынан үлкен қолдауға қалай ие болды?
Аталмыш музыкалық бағыттың негізін салушылар q-pop-ты тек жаңа музыкалық бағыт емес, өмірлік ұстаным, өмірлік стиль ретінде қарастыруды жөн деп санайды. Тоқсан бір тобы берген сұхбаттарының бірінде: «Q-pop деген аты қалмаса да, q-pop-тың ұстанымы қалады. Сол үшін оның артынан келесі мәдениет шықса да, ол осы мәдениет арқылы шығады. Сол үшін ол-мәңгілік», — деп, оның шынайы бет-пердесін ашып көрсетеді.
Отандық музыка саласында q-pop субмәдениеті пайда болмастан бұрын, жасөспірімдер аудиториясын қамтитын контенттің болмағаны жасырын емес. «Көрінгеннен тілемсектің» күйінен азат болған жас жеткіншектер, «Тоқсан бір тобын қолдаймыз» ұранымен түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырған. Мәселен, 2016 жылы Атыраудан басталған қайырымдылық эстафетасы, 2017 жылдың ақпан айында Алматылық жанкүйерлерге табысталған. Өздерін «eagles» (қырандар) деп атайтын Ninety one-дық жанкүйерлер бұл бастама арқылы үлкен жастағы адамдарға, жалғыз басты аналарға, көп балалы отбасыларға қол ұшын созып, азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Тыңдармандарының сенімі мен махаббатына бөленген «тоқсан бірліктер», жастардың бұл ықыласын дұрыс арнаға бұра алды әрі бұл игі шара қолдайтын үрдіс. Сөйтіп, q-pop-тың адами құндылықтар мәселесін де дәріптейтініне көз жеткіземіз.
Бұдан бөлек ол жастарды қазіргі қазақ мәдениетімен жаңа тенденциялар арқылы таныстырып, патриотизмге тәрбиеледі, жастардың деструктивті өмір салтына дұрыс балама құрды және қазақ тілді қоғам құруда үлкен рөл атқарды. Мемберлердің пайымынша, қазақтың тілін-брендке айналдыру арқылы, төл мәдениетіміз бен өнерімізді әлемнің назарына ұсына аламыз.
Әлемнің 120 мемлекетінде, ресми тұрғыда тыңдармандары бар Q-pop жанры, шетел азаматтарының қазақ тіліне деген қызығушылығын оятты, әрі бұл, оның ең басты жетістігі деп білемін. Q-pop — қазақтың тілін танытуда насихат құралы.
Q-pop-ты тек музыкалық бағыт емес, сондай-ақ имидж бен ресурс тұрғысынан қарастыру қажеттегі бар деп есептеймін.
Мәселен, Корей елі k-pop субмәдениеті арқылы Корея Республикасын негізгі туризм көзіне айналдырған, мемлекет бюджетін жылына 500000000$ (млрд) – қа толтыратын үлкен бизнес. Неге? Себебі, ол мемлекеттің үкіметінен, мемлекеттік деңгейде қолдау тапқан. Меніңше, бұл да қолдайтын үрдіс.
«Биіктікті» оймен өлшейтін q-pop-тың өміршеңдігі ұзақ деп білемін. Біз тек өзіне лайықты бағасын әділ беруші есті тыңдарман болсақ жеткілікті…
Жұмажанова Еңлікгүл Дәулетқызы