Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің
«№ 67 гимназия» шаруашылық жүргізу
құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны.
Директордың ғылыми әдістемелік істері жөніндегі
орынбасары Бектасова Асем Шоханқызы.
Қашықтан оқыту ұстаздарымызға жаңа дүниелерді меңгеруге, шығармашыл ізденіске шабыт, рухани баюға уақыт бергені анық, себебі бұл кезең ақпараттық технологияларды және компьютерлік желі арқылы жаңа білім әдістерін пайдалану көкжиегін кеңейтті. Сондай-ақ қашықтан оқыту үшін педагог компьютермен жоғары дәрежеде сауатты жұмыс істей білуі, ақпараттық құралдармен жұмыс істеуге іс жүзінде дағдылануы, қашықтан оқыту жүйесі бойынша сабақ өткізу үрдісінде үйлестіруші болуды үйренді. Ұстаздарымыз сабақтарына дайындықтан бөлек, әртүрлі бағдарламалар (google classroom, zoom, google meet, bandicam, және т.б) меңгеруде.
Осы ерекше кезеңде кедергілерден сүрінбей өтіп, бір-бірімізбен тәжірибе алмасуда ұжым арасында «Қашықтан оқытуда түрлі платформаларды қолдану арқылы тиімді сабақтарды жоспарлау, бағалау мен кері байланыс», “Қашықтан оқыту-заман талабы” тақырыптарында вебинарлар ұйымдастырылды. Ұстаздарымыз озат тәжірибелерімен бөлісіп, ойларын ортаға салып, өз пікірлерімен алмасты.
Ағымдағы оқу жылында үдеріске енгізілген SHARE жобасы аясында іс-əрекеттегі зерттеуінің (аction research) жұмыстары да ерекше форматқа ауысты. Бұл үлкен ауқымды жобаның аяқ алысы енді басталса да, зерттеуге қатысы бар тұлғалардың тәжірибесіне орасан өзгерістер алып келгені сөзсіз. Зерттеуді үдеріске енгізу нәтижесінде өз тәжірибеміздегі білім қоржынымызға «Құндылыққа негізделген білім» «Мектептің миссиясы жайлы ортақ түсінік», «Түйсігіңе түю», «Бірлескен команда», «Тыңдай білу», «Тереңдетілген оқу», «Рефлексивті орта», «Нақтылық», «Сенім», «Ұжымдық мəдениет», «Оқушы үні», «Икемділік» сөздерін нықтап алғандаймыз.
Бүгінгі ұрпақтың қалауы қаншалықты өзгеше болса, мұғалімнің оған берер жауабы да жаңашылдыққа, өзгеріске толы болуы талабын сезінген әріптестеріміз еріктілер тобын құрап, зерттеуші топтарда өз кәсіптерін шыңдай түскенін байқауға болады. Әрине ұжымның көзқарасын өзгертіп, бүгінгі күн талабына лайықты болу әрекетін енгізу оңайға соқпасы анық , десекте бірлескен команданың, ортақ ізденісі, кәсіби диалогы, рефлексивті орта құра білу, сындарлы кері байланыс пен тереңдетілген білім алуы күнен –күнге біріге әрекет етуге итермелеп отырары сөзсіз.
Зерттеу жұмыстарын жүргізуде ұққаным мұғалімдер арасында үздіксіз кәсіби тәжірибе алмасу мен тоқтаусыз ізденіс жұмыстарының жүргізіліп отыруы, командаға біріккен зерттеу топтырының жүйелі жоспары мен үнемі рефлексивті ортаға тартылуы аса маңызға ие екендігінде болды.
Зерттеуші мұғалім болу үшін өз іс-әрекетіңе талдау жүргізу арқылы баға беріп, күнделікті іздену, оқу, зерделеу жұмыстарын жүйелі жүргізу қажеттігі туындайды, осы ретте әрбір оқушы бойындағы ерекшелікті ескере отырып, мүмкіндігімен қажеттілігіне қарай оқыту-жобаның басты қағидаты деп білемін.
Дәстүрлі «Үздік ұстаз», «Үздік жас маман», «Үздік авторлық әзірленім», т.с.с байқаулар мен сайыстар да қашықтық форматта өз жалғасын тауып, мұғалімдеріміз белсенділікпен қатысуда.
Дегенмен, мектебімізде сахнада салтанатты түрде өткізген байқау, шараларға, оқушылармен бетпе – бет отырып, сабақ өткенімізге жетпейтіні белгілі. Бәрі де уақытша екенін білеміз, ендеше қашықтықтан оқыту да уақытша. Бұл кезеңнің бізге үйретері, болашағымызға берері көп болды. Мәңгілік елдің ұрпағы – біздің болашағымыз!