Айгүл Бақбергенқызы Пралиева,
ТарМУ, 2-курс студенті,
Жамбыл облысы,
Сарысу ауданы ,
Тоғызкент ауылы
Мерзімді баспасөз – жазу мәдениетінің айнасы. Тіл мәдениетінің дамуына, мемлекеттік тіл мәртебесінің артуы үшін әдеби нормалар мен жазу емлесінің заңдылықтары маңызды. Осы заңдылықтар газет-журналдар да қалай орындалуда?
Мерзімді баспасөз беттерінде сөздердің жазылуында өрескел қателіктер жиі байқалады. Пунктуациялық, грамматикалық қателер кездесіп жүр. Бұл дегеніміз-мемлекеттік тіліміздің орфоэпиясы мен орфографиясын, грамматикасын жете білмеудің салдары. Мәселен: шай, жай, кітап, тәкаппар, көкөніс, шекара, қыркүйек деп жазылуы тиіс сөздер мерзімді басылымдарда шәй, жәй, кітәп, тәкәппар, көгөніс, шегара, қыргүйек деп жазылып жүргені жасырын емес. Көбіне сөз қалай естілсе, солай жазуға икемделудеміз. Бұл-өте өрескел қателік. Орфоэпия мен орфографиянының ара-жігін дұрыс ажырата білгеніміз жөн.
Мақаланың сауаттылығы-оқырманға құрмет. Газет-журналдарда «мал/көлік ұрлау» деп жазылуы тиіс сөздер, мал ұрлығы, көлік ұрлығы деп жазылып жүр. Күймен күмбірлеткен деген тіркесті де кездестіреміз. Күйін күмбірлеткен болып жазылуы тиіс. Әдебиет, мәдениет, кино, өнер, ауылшаруашылығы, малшаруашылығы деген сөздерге көптік жалғауы жалғанбайды. «Үнді кинолары» емес, «Үнді фильмдері». Фильм – кино өнерінің туындысы. Түрік актерлері, актерлары деп те жазылып та, айтылып та жүр. «Өнерпаздар шет елдік актершылармен өнер көрсетті. » деген сөйлем де кездесіп жүр. Негізінде, актерлар емес, әртіс, әртістер өнер көрсетті деген дұрыс болар. Айта берсең, грамматикалық қателер көп.
Сызықша (➖) мен (-) дефисті ажырата алмайтындар да жоқ емес. Күн, ай, жыл аттарымен тіркескен сан есімнен кейін дефис қойылмайды. 2000 жыл, 6 тамыз дегенді 2000-жыл, 6-тамыз деп жүргендер де бар. V том, ХХ ғасыр, 2-сынып, 25-үй, 2-курс, 10-даған, 5-терде, 10-10-нан, 15-тен, 25-ке деп жазылуы тиіс сөздер 2 курс, 24-інші наурыз, 2 қабат, 2 сынып, 10 даған, 5 терде деп жазылып жүр. Одан өзге қысқарған сөздерге де қосымшалар дұрыс жалғанып жүрген жоқ. ТМД-ға, АҚШ-қа, см-ге, Ту-154-пен деген сөздер см.ге, АҚШ-на(Америка Құрама Штаттарына), Ту-154 пен деп қате жазылып жүр. Толып жатқан өрескел қателерді тізбектей берсек, санына жете алмаймыз.
Мерзімді басылымдарда кеткен қателік қайта түзетілмейді. Оқырманды түзету үшін-мәтін сауатты, салмақты болу керек.
Қазақ тілі білімінің заңдылықтарын мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап үйреткен дұрыс. Орынды сөйлеп, дұрыс жаза білуді қолға алу керек. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады. Ұлттық тіліміздің жойылып кетпеуі үшін бүгіннен бастап әрекетке көшкеніміз абзал.