Home » Мақалалар » Бастауыш сынып оқушыларының зерттеушілік мәдениетін дамыту

Бастауыш сынып оқушыларының зерттеушілік мәдениетін дамыту

Аккалиева Мейрамгуль  Сабитовна
Атырау  қаласы
И. Тайманов  атындағы  орта  мектептің
бастауыш сынып  мұғалімі

 Қазақстанның өркениетті мемлекеттердің қатарына ену стратегиясын жүзеге асыру жағдайында отандық білім беру саласының мазмұны әлемдік білім кеңістігіне кіріктірілуі мақсатында жаңартылуда.

Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасында  «адам капиталының сапасын көтеру, оқыту стандарттарын жаңарту т.б»  міндеттер көрсетілген [1].

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «…қазіргі қоғамның басты талаптарының бірі — зерттеушілік құзыреттілігі дамыған жаңа тұрпатты адамды қалыптастыру» — делінген [2].

Айтылған ойлар,  заманауи  білім беру үдерісінде туындайтын тың өзгерістер жағдайында шығармашыл, қабілетті  оқушының жаңа түрін қалыптастырудың өзектілігін айқындай түседі.

Үдемелі, үздіксіз дамып келе жатқан қоғам,  білім беру индустриясына  үлкен талаптар жүктейді. Н.Ә. Назарбаев «Біздің мемлекетіміздің жастары оқуға,  жаңа заманға сай ғылым – білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, ғылым мен технологияны күнделікті өмірде шебер пайдалануға міндетті» деген болатын [3].

Осы қажеттіліктерге байланысты, білім берудің жаңа парадигмалық жағдайында бастауыш сынып оқушыларының  зерттеушілік іс-әрекетін қалыптастыру оны тиімді дамытуға деген сұраныс артуда.

Кез-келген баланың табиғатынан зерттеуші болуға, танымдық мүмкіндіктерін жүзеге асыруға ұмтылысы жоғары болатыны сөзсіз. Оқушының  қабілетін ашудың және дамытудың жолы зерттеушілік іс-әрекет болып табылады.

Бастауыш сыныпта мұғалім оқушының зерттеушілік дағдысын дамыту барысында әртүрлі әдістерді қолданады. Пән мазмұнына байланысты зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Білім, ақпарат дайын күйінде берілмейді, оқушы үнемі ізденеді, сондықтан да  зерттеушілік жұмыс оның күнделікті іс-әрекетіне айналады.

Бастауыш мектеп бала тұлғасының қалыптасуында, оның ойлау үрдісінің дамуында, танымдық белсенділіктің қарқынды қалыптасуында, оқу іскерлігінде өте маңызды кезең болып табылады.

А.Н. Леонтович өз еңбегінде оқу үдерісіндегі зерттеу іс-әрекеті нақты оқушы орындайтын әрекет екенін атап көрсетті. Оның пікірінше, кез-келген белсенділік зерттеушілік әрекет бола алмайды. Оқушыда мотив, мақсат, болуы қажет [4].  А.Мұхаметжанова  бастауыш сынып оқушыларының зерттеушілік іс-әрекетіне теориялық талдау жасай отырып, былай дейді: «Алған білімін өздігінен толықтырып, өз идеясын дәлелдей алатын, саналы түрде әрекетке түсетін, өзі үшін жаңа болып табылатын, нәтижеге жету» [5].

Зерттеушілік іс-әрекетке бейім оқушыда төмендегі қабілеттері болады:

  1. Жұмысты орындауға деген талпыныс
  2. Жаңа білімді іздеуге деген мотивация
  3. Өз көзқарасын дәлелдеуге ұмтылу.

Автордың ойын тұжырымдайтын болсақ, зерттеушілікке бейім оқушының бойында ерекше шығармашылық мүмкіндіктері жоғары болады. Шығармашылық жұмысты орындау барысында оқушыға әсер ететін мотивтер болады. Ендеше, мотив деген ұғымға тоқталып көрелік.  Психолог  Выготский Л.С. «Мотив-іс-әрекеттің моторы, мотивсіз іс-әрекет болмайды»-деген болатын[6].

Педагогикалық үдерісте бастауыш сынып оқушыларының  зерттеушілік мотивтерін туындату үшін,   мұғалім оқытуды ұйымдастырудың формалары мен әдістерін меңгеру қажет. Олар:

  • мәселені көре білу;
  • сұрақтар қою;
  • болжамды ұсына білу;
  • дағдыларын анықтау;
  • топтастыра  білу;
  • бақылау ;
  • эксперимент жүргізу;
  • қорытынды жасау;
  • материалды сұрыптау;
  • өз көзқарасын дәлелдеу және қорғау.

1-2-сыныпта зерттеу жұмысы  ұжымдық сипатта болады, тақырыпты мұғалім өзі анықтайды, әрбір оқушы зерттеу жұмысына өз үлесін қосады, бұл балаларды,  ұжымда жұмыс істеуге, ортақ мүдделерді өздерінен жоғары қоюға үйретеді. 3-4-сыныпта оқушы жеке жұмыс жасауға әрекеттенеді. Өзіне пән таңдау арқылы, оның белгілі бір ғылымға деген қызығушылығы мен зерттеушілік дағдысы қалыптасады.

Жаратылыстану пәні оқулығында оқушылардың зерттеушілік  дағдыларын дамытуға  ерекше назар аударылған.   Пәннің мазмұны биологиялық пәндердің кіріктірілген негізін құрайтын болғандықтан, сабақ беру барысында тәжірибе жасау, зерттеу жұмысын жүргізу, сарамандық жұмыс түрлері басым болады. Сабақта бақылау, эксперимент әдістерін қолдана отырып, зерттеу жұмысының қағидаларын игереді.

Мен зерттеушімін, Тірі табиғат, Заттар және олардың қасиеттері, Жер және ғарыш, Табиғат физикасы сияқты оқу бөлімдерін зерделеу барысында оқушылар қарапайым да қызықты тәжірибелер жүргізіп, табиғат құбылыстарының даму үдерістерін сипаттап, болжап,  түсіндіреді. Осындай тәжірибе түрлері зерттеу қызметінің бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.

Зерттеу бірнеше кезеңдерден тұрады. Олар:

  1. Тақырыпты таңдау
  2. Мақсаты мен міндетін анықтау
  3. Болжамын жоспарлау
  4. Әдістерді іріктеу
  5. Тақырыптың өзектілігін айқындау
  6. Дереккөздерін жинақтау, талдау
  7. Интернет ресурстарын сұрыптау
  8. Жоспар құру

Бастауыш мектептің оқыту үдерісінде зерттеушілік қабілетті дамыту үшін дәстүрлі емес әдістер кеңінен қолданылады. Зертханалық сабақ, жоба сабағы, сараптама сабақ, саяхат сабақ, іскерлік ойын сабағы т.б.

Оқушылардың зерттеу қызметін дамытудың ең жиі қолданылатын әдістерін талдап көрейік. Педагогикалық әдебиеттерде ең жиі қолданылатын әдістердің бірі -жоба.

Жоба жазу оқушының аналитикалық ойлау қабілетін дамытады, шешім қабылдай алу іскерлігін қалыптастырады. Оқушыны ізденушілікке баули отырып, ғылым мен техниканың жетістігіне сәйкес өзінің кәсіби бағдарын айқындауға көмектеседі. Жоба әдісінде мына міндеттер  жүзеге асады.

  1. Оқушылардың танымдық іскерліктері мен дағдыларын дамыту;
  2. Ақпараттық кеңістікте бағдар ала білу;
  3. Өз бетінше жоспар құра білу;
  4. Ғылымның түрлі салаларынан білімді біріктіре білу;
  5. Сын тұрғысынан ойлау қабілеті.

Келесі әдістердің бірі — саяхат. Саяхат сабағы көбіне Жаратылыстану пәнінде жүргізіледі. Жыл мезгілдерінің ерекшеліктерін, табиғатта болатын әр түрлі құбылыстардың өзгерістерін анықтау барысында «Күздің белгілері», «Күз мезгіліндегі өзгерістер», «Жыл мезгілдері» т.б тақырыптарда саяхат өткізуге болады. Оқушылар тақырып барысында ақпарат ресурстарын жинау арқылы белгілі бір сұрақтарға жауаптар табады. Бақылау нәтижелерін қағаз бетіне түсіреді. Оқытуды ұйымдастырудың бұл формасы ұжымдық қарым-қатынасты дамытады. Саяхат сабағының нәтижесі оқушылардың шығармашылық жұмыстарында жалғасын табады.

Математика сабағы оқушылардың зерттеушілік қабілеттерін дамытатын негізгі интеграциялық пән болып табылады.

Сандық заңдылықтармен жұмыс жасай отырып, оқушылар өздері үшін қызықты мәліметтер табады, сыныптастарына стандартты емес шешім іздеуде белсенді түрде көмек көрсетеді. Қызықты тапсырмаларды орындау оқушының шешім қабылдау, іздену, ақпарат жинау, салыстыру сияқты қасиеттерін шыңдауға мүмкіндік береді.

Зерттеушілік іс-әрекет арқылы оқушылардың ғылыми дүниетанымы дамиды. Ғылыми дүниетаным тек теориялық білім алу арқылы емес, сонымен қоса, дәйекті дәлелдер және зерттеушілік іс-әрекет нәтижесінде қалыптасады. Оқушылар өздігінен жүргізген зерттеушілік іс — әрекет нәтижесінде нақты шындыққа көз жеткізеді[7].

Қорыта айтқанда, зерттеушілік бүгінгі заманауи білім беру жүйесінде  оқушының танымдық іс-әрекетін, оның табиғи мүмкіндіктерін негізге алатын оқытудың жаңа моделі болып табылады.

Осыған орай, бүгінгі мұғалім,  әлeмдiк бiлiм бepу кeңicтiгiндe тек ақпарат жиынтығын меңгертумен шектелмей, іс-әрекетін өздігінен тиімді ұйымдастыра отырып, шығармашылықпен жұмыс жасауға, күнделікті сабақ үдерісінде белсенді әдістерді пайдалануға, интeгpaциялық оқытуда креативті ойлауды дамытуға  белсенді әрекеттер жасауы қажет.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Назарбаев Н.Ә. Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасы. — Нұр-Сұлтан, 2016 //www.akorda.kz/
  2. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. -Нұр-Сұлтан, 2019 //adilet.zan.kz/
  3. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қaзaқcтaн xaлқынa Жoлдaуы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. — Астана, 2012 //http:akorda.kz.
  4. Леонтович А.Н. Концепция развития исследовательской деятельностиучащихся М:Образование, 2014. -152с
  5. Мұхаметжанова А.О. Бастауыш мектеп оқушыларының зерттеушілік қабілеттерін дамыту //Бастауыш мектеп. -А., 2015. — № 5. -15б.
  6. Выготский Л.С. Педагогическая психология / под ред. В.В. Давыдова. — М.: Педагогика, 1991. – 480с
  7. Аманбаева М.Б. Болашақ биолог мұғалімдердің зертеушілік іс-әрекетін қалыптасу әдістемесі: пед.ғыл.канд….дисс.: Алматы, 2016. -161б.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.