Home » Мақалалар » Хоумскулинг: Жақтаймыз ба, даттаймыз ба

Хоумскулинг: Жақтаймыз ба, даттаймыз ба

Соңғы кезде әлемді дүр сілкіндірген індет еліміздегі білім саласына үлкен реформаның қажет екенін дәлелдеп берді. Біз үйде оқытудың қандай екенін енді көріп жүргенде, әлемнің өркениетті елдері өткен ғасырда-ақ «хоумскулингті» (ағыл. Home scooling — «үйде оқыту») қолға алған. Сөзімізге тұздық болуы үшін бәрін рет-ретімен саралап көрсек…

 Мадияр Арстанбаев
Алматы қаласы
Алатау ауданы
114 жалпы білім беретін
мектептің химия және биология пәні мұғалімі.
Филолог

Францияда ХХ ортасында пайда болған оқытудың бұл түрі қазір қарыштап дамыған. Оқушы лар 6 жастан бастап, 18 жасқа дейін білім алады. Тіпті басқа елдерден оқуға жылына 300 мыңға жуық өтініш те келіп түседі.

АҚШ-тың Ұлттық технологиялық университетінде 1980 жылы алғаш рет қашықтан оқыту ұғымы қалыптасса, араға жеті жыл салып, Қашықтан оқыту ассоциациясы құрылды. Тек ол кезде мүмкіндігі шектеулі балалар ғана үйде оқитын. Қазір бәрі керісінше. Үйде оқудың рахатын көріп отырғандар қаншама!

Ұлыбританияда қазіргі кезде кешенді білім беретін аккредитацияланған онлайн-мектептер бар. Бұлар, негізінен Secondary School және Sixth Form , қазақшаласақ, орта және жоғарғы мектептер деп аталады, алайда Primary (бастауыш) бөлімінен бастайтын оқушылар да бар.

Сондай-ақ Канададағы отбасылардың көбі балаларын үйде оқытқанды жөн санайды. Ол үшін көптеген ыңғайлы виртуалды мектептер ашып қойған. Есесіне балалардың уақыты үнемдеулі.

Ал әлемде білімі мен ғылымы жөнінен озық елдердің бірі саналатын Израильде бәрі басқаша. Мұнда көбінесе дінді қатаң ұстанатындар балаларын қашықтан оқытуды қалайды. Үйде оқыту дәстүрлі оқытудың баламасы іспеттес. Әр хоумскулер сабақты қалай оқып жатқаны туралы үйге келіп тексеретін білім жөнідегі офицерге есеп беріп тұрады.

Міне, онлайн оқытудың маңыздылығын осыдан қарап бағалай беруге болады. Тек медальдің екі жағы бар екенін де ұмытпаған абзал. Коронавирус пандемиясы қазақстандық студенттер мен оқушыларды  қашықтан оқуға мәжбүрлеп отыр. Елдегі білім саласы тосыннан келген «тосынсыйға» дайын болмай шықты. Бұл түсінікті де еді. Ата-аналардың да алғашқыда абдырап қалғаны анық. Себебі оқуға қажетті технологиялық құралдардың жетіспеуі тығырыққа тіреп отыр. Көпбалалы отбасылардың жағдайы тіпті қиын. Бір смартфонмен үш немесе төрт баланы оқытудың қандай болатынын көзге елестетудің өзі сұмдық.

Әлі есімде, 2000 жылдардың басында Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті сырттай оқу бөлімінің орнына дистанциялық оқуды қолға алды. Кейіннен ол эксперименттің сәтсіз шыққаны анық көрінді. Ол кезді қазіргімен салыстырсаң жер мен көктей айырмашылықты табасың. Смартфон, планшеттер атымен жоқ. Ғаламтордың ілуде біреуін кездестіресің.

Қазір интернет те, гаджеттер де қолжетімді. Дей тұрғанмен білім алудың өзі халықтың менталитетіне, ұлттық психологиясына байланысты ма деп қаласың кейде. Сөзіміз дәлелді болуы үшін Алматы қаласы Алатау ауданында орналасқан №114 жалпы білім беретін мектепті пікір алаңы еттік. Бірнеше ұстаз бен ата-ананың ойын білдік. Солардың біразына тоқтала кетуді жөн көріп отырмыз.

Ұлболсын Жанбаева, мектеп директоры: Қашықтан оқыту процесімен алғаш рет бетпе-бет келіп отырмыз. Қиындықтарының көп болуы осының кесірінен деп ойлаймын. Ал тиімділігі мұғалімнің де, оқушының да шығармашылық қыры ашылып, жетіле түсті. Оған қоса, тұлғаның ізденімпаздық ой толғау сияқты қасиеттері дамиды.

Ата-аналардың да жауапкершілігі артты. Баласының білім деңгейін, танымын көзімен көріп, саралай алды.  

Күлбадан Жанпейісова, 114 ЖББМ жанындағы кешкі бөлім меңгерушісі: Менің түйсінуімше, үйде оқытудың  артықшылығы да бар, кемшілігі де жоқ емес. Тиімділігі – қазіргі болып жатқан жағдай кезінде оқу тоқтап қалған жоқ. Оқыту үрдісі сәтті жалғасып жатыр. Оқушы өзін жан-жақты дамыта алады, мұғалімімен онлайн сөйлесіп, интернет желісін пайдалануды үйренеді. Әсіресе ұяң, жасық мінезді және мүмкіндігі шектеулі балаларға таптырмас дүние болды. Педагогтар үшін бұл бір үлкен тәжірибе алаңына айналып отыр. Өзіміздің ақпараттық платформамызды жетілдіре түстік.

Сан жылдық жұмыс өтілі бар, аса тәжірибелі ұстаз ретінде айтайын, кемшілік те жоқ емес. Мұғалім – оқушы, оқушы – оқушы байланысы үзіліп қалғандай болды, бетпе-бет әңгімелесу, сөйлесу болмаған соң, тәрбие жұмысы да ақсап қалады. Ал тәрбиесіз алған білімнің қандай болатынын Әл Фараби бабамыздан артық айтқан ешкім жоқ.

Ең басты кемшілігі, оқушының мектепте ойлануға, таным-түйсігімен жұмыс істеуге мүмкіндігі бар, ал үйде отырған бала қиындық туса ғаламторға жүгінеді, басын қатырып ойланғысы да келмейді.

Зәуре Кебенбаева, педагог-зерттеуші: Қашықтан оқыту туралы айтқанда, алдымен оның қиындығы еске түседі, алайда бұл басқа елдерде де қайталанып жатқанға ұқсайды. Бір отбасыда 4-5 бала болса, 1 компьютер немесе 1 планшетті пайдалану нендей ыңғайсыз?! Өзімнің тәжірибемнен білем, кейбіреулерде тіпті интернет байланысы да жоқ болып шықты. Ал теледидардан сабақ өтудің де өзіндік кемшілігін көзіміз көріп отыр, себебі ұстаз оқушының жан-дүниесін түйсініп, сезінбейді. Оның симпатикалық ынтасын оята алмайды. Осыдан кейін сапалы білім туралы айтудың өзі артық. Бір сөзбен айтқанда дистанциялық оқыту балаға да, ата-анаға да, қала берді мұғалімге де оңай соғып отырған жоқ. Отандық білім жүйесі үлкен сынға түсті.

Мәрзия Шәріпқызы, ата-ана: Қашықтан оқыту — бұл процесс баршамыз үшін тың нәрсе. Қыруар қаржыны талап ететін жүйені біз пайдалана аламыз ба? Кейбір электрондық жүйеге кіру оңайға соғып жатқан жоқ. Қашықтан оқытуды толыққанды жүзеге асыру үшін педагогикалық және техникалық тұрғыдан жоғары талаптар қажет. Ең бастысы — интернеттің жылдамдығы жақсы болуы керек. Аталмыш жүйенің елімізде жемісін бере қоюы екіталай. Себебі бізде компьютерлендіру мен коммуникациялық кеңістік дұрыс дамымаған. Тиімділігі жағынан уақытты үнемдейміз, жол шығыны қалтамызда қалады. Қазақстанда қашықтан оқытуды дамыту үшін әлі талай жұмыстар қажет.

Міне, онлайн оқытудың рахаты мен машақатын азды-көпті зерттеп көрдік, Қашықтан оқыту заманның бізге қойған талабы ма, әлде халықтың алға басқан оң қадамы ма, оны уақыт көрсетер. Әзірге біздің еншімізде қандай да болмасын, білім түрімен өскелең ұрпаққа ілімнің ең оңтайлысын беру, тәрбиенің ең дұрысын беру міндеті тұр.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.