Мұратбаева Мөлдір Мұратбайқызы
Қызылорда облысы, Арал қаласы
«Арал индустриалды-техникалық колледжі» КМҚК
«Техник-технолог»біліктілігі бойынша
өндірістік оқыту шебері
Қай мемлекеттің де негізгі тірегі — асқақтаған күмбездер де, ғимараттар да, экономикалық жағдай да емес, білімді де білікті, іскер де, белсенді адамдар. «Біздің балаларымыз білімі жоғары жұмысшылар мен фермерлер, инженерлер, банкирлер және өнер қайраткерлері, мұғалімдер мен дәрігерлер, зауыттар мен биржалардың иелері болады («Қазақстан-2030» бағдарламасы). Әрине, «Келешектің иесі — жастар». «Жастар өзінің ата-анасынан гөрі заманына көбірек ұксас келеді. (И.С.Кони). Сондықтан қоғам талабына сай, сол қоғамды көркейтетін, дамытатын жастар тәрбиелеу ең маңызды мәселе екені даусыз. Қоғамның дамуына қарай ғылым мен техниканың деңгейі де, оны басқару жүйесі де өзгеріп отыратыны белгілі. Осыған орай маман қызметінің мазмұны жаңарып, жаңа мақсат, жаңа көзқарас, жаңа шешімдер мен жаңа мүмкіншіліктерді қажет етеді. Ондай мүмкіншілік тек білім арқылы келеді.
Білім — қоғамды әлеуметтік, мәдени-ғылыми прогреспен қамтамасыз ететін ғажайып құбылыс, адам үшін де, қоғам үшін де ең жоғары құндылық. Оның ең негізгі қызметі — адамның менталитетін, адамгершілігін, шығармашылық қабілетін қалыптастыру, дамыту. Осыған орай егеменді еліміз өзінің дамуының ең басты алғы шарты — білім беру жүйесінің білім ғасырындағы міндеті мен мазмұнын айқындап берді.
Білім беру адамның дүниені тану процессін қалыптастыру арқылы жүйелі біліммен іс-әрекет тәсілдерін игеру, дағды, іскерлік, сезім және ақылын дамыту жеке тұлғаны қалыптастыру нәтижесі.
Білімді адам деп – қабілеті өте жоғары дамыған көп жағдайларды түсінетін кей кезде оқығанын қолдана білетін білімді дұрыс ойлай алатын жоғарғы қасиетті адам. Көріп отырғанымыздай білім беру ұғымы тек қана оқытудың нәтижесі білім, іскерлік және дағды ғана емес, сын көзбен қарап ойлай білетін айналадағы құбылыстарды адамгершілік тұрғысынан бағалай білетін адамның өзіне деген қарым-қатынас іс-әрекетін шексіз өрістету.
Оқушы қабілетін жан-жақты дамытып, шығармашылығын ұштай білу үшін ұстаз өзі шығармашыл тұлға болуы тиіс. Ол шығармашыл, жаңашыл, озық ойлы, кәсіби шебер маман болуы қажет. Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 07 желтоқсандағы №1118 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» қоғамның және экономиканың индустриялық-инновациялық даму сұраныстарына сәйкес техникалық және кәсіптік білім жүйесін жаңғырту қажеттігі тұжырымдалғаны тегін емес. Қазіргі заманғы білім беру жүйесіне оқытудың инновациялық әдістерін енгізу экономика мен әлеуметтік саланы дамытуда маңызды рөл отқарады. Демек, қазақстанда оқитындарды сапалы біліммен қамтамасыз етіп, халықаралық рейтингілердегі білім көрсеткішінің жақсаруы мен қазақстандық білім беру жүйесінің тартымдылығын арттыру үшін, ең алдымен, педагог кадрлардың мәртебесін арттыру, олардың бүкіл қызметі бойына мансаптық өсуі, оқытылуы және кәсіби біліктілігін дамытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ педагогтердің еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды арттыру мәселелеріне үлкен мән берілген.
Қазіргі аса қарқынды өзгерістерге толы әлеуметтік-экономикалық жағдайда білім беру жүйесінде педагогке қойылатын талап та ерекше екендігі түсінікті. Бұл мынандай фактілерге байланысты:
- оқытудың әр алуан түрлері мен әдістерін қолдану,
- топтық жұмыс дағдыларын дамыту,
- әрекеттерге үйрету,
- нақты ситуацияларды талдау.
Оқытушыға, өндіріс оқыту шеберлеріне өз ісінің маманы болумен қатар, оның бойында баланы жақсы көру, баланың көзқарасы мен пікірін сыйлау, тыңдай білу керек. Кез-келген ұстаз «Балалар құқығы туралы» Заңды және Конвенцияны әрқашан басшылыққа ала отыруы шарт. Бала құқығын сыйлау баланың құқықтық санасын көтеруге, құқықтық тәрбие беруде маңызы зор. Құқықтық мемлекет құруды мақсат еткен Қазақстан жағдайында баланың құқықтық түсінігін ерте қалыптастыру қоғамның болашақ тәртіпті, тәрбиелі азаматтардан тұратындығына кепіл болады.
Жақсы маман болу үшін – ең алдымен маманның мамандыққа қызығушылығы, икемі болуы керек. Өйткені, ол мамандық келешекте маманды асырайтын, көтеретін, атын шығаратын болуы керек.
Білім беру үрдісіндегі оқыту әдістемелерінің бұрын қолданылып жүрген барлық түрлері де өндірістік тәжірибе жағдайында оқушылардың таным үрдісін кеңейтуде, кейбір кәсіптерді есіне түсіруде кеңінен қолдау табады. Әсіресе, өндірістік оқытуда оқушылардың танымдық белсенділік әрекетін дамытатын, қабылдау-жаңғырту, иллюстративті-түсіндіру, еске алу, іздестіру, ішінара іздестіру (эвристикалық әңгіме) зерттеу және проблемалы оқыту әдістері бұйымды, затты сипаттау, мәнін ашу, оның жасалу я өңдеу технологиясын түсіндіргенде көбірек пайдаланылады. Сондай-ақ, өндірістік оқыту барысында оқушыларды ынталандыру, оқу мотивациясы, оқу-танымдық әрекеттерін жандандыру бақылау және өзін-өзі бақылау әдістерін де қажет кезінде тиімді пайдаланса, өз жемісін береді. Өндірістік оқыту шебері практикалық оқытуда оқушылардың творчествалық және ой-қиялын дамытатын, курсты оқу мазмұнын игерткенде білім, білік және дағдылық қасиеттерін проблемалы-іздестіру әдісіне бағыттаса, түпкі нәтижеге жету мүмкіндігі молая түсетіні байқалып жүр.
Өндірістік оқытудың әсіресе түрлі инструктаж (нұсқау беру) беру кезінде бұл тәсіл көбірек қолданылып, машықтану арқылы игертілуді қажет етеді. Эвристикалық әңгімелесу әдісі де өндірістік тәжірибеде сөйлеу әдісінің бір түрі ретінде кеңінен қолданылады. Бұл жерде оқытушы не шебердің білімі, оның педагогикалық экскурсиясы, тәжірибесі маңызды рөл атқарады.
Өндірістік оқыту процесінде көбінесе, қолмен және машинамен басқарылатын кәсіп салаларында шебер оқушыларға қайталау, «көшірме жасау» тәсіл арқылы іс-қимыл әрекетін көрсету жолымен үйретеді. Шебердің қимылының дәлдігі, шапшаңдығы және жұмысты сапалы атқаруда оқушыларға үлгі болады, олар да соны «дәл солай» етіп істегісі келеді. Әрине, бұл жерде өндірістік оқыту шеберінің кәсіби біліктілік деңгейі жөнінде айтып отырмыз, практикада бұл жай кейде басқа да болады. Кейде бұл іс-әрекеттерді көпшілікпен бірге мән бермей, қателіктер мен кемшіліктерге жол беруі мүмкін, қайталана берсе кейін ол дағдыға айналып, жұмысты сапасыз атқару әдеті пайда болады, бұл жас жұмыскерлердің қабілетіне, біліктілігінің қалыптасуына кері әсерін тигізеді. Сондықтан, ұжымдық үйрету кезінде шебер қимылы дәл әрі нақты, үлгі түрінде жасалынып, дұрыс қабылдануы тиіс. Алғашқы үлгі олардың санасында дағдының іргетасы ретінде қаланып, көпке дейін есінде қалып қояды. Бұл тек қолмен атқаратын жұмыстарға ғана емес, ол құрал-жабдықтармен, машиналар мен аппараттар арқылы істелінетін жұмыстарға да тиесілі.
Ұлы педагогтар А.Дистервег, К.Ушинский, А.Макаренко, В.Сухомлинский, т.б. мұғалімдік еңбекті адамтану ғылымы, адамның жан дүниесі, рухани әлеміне бойлай алу өнері дей отырып, педагогикалық шеберліктің дамуына зор үлес қосқан. Осы тұрғыдан алып қарағанда педагогикалық шеберлік – кәсіби әрекетті жоғары деңгейге көтеретін мұғалімнің жеке қасиеттерінің, оның білімі мен білігінің жүйесі. Осы мәселені терең зерттеген А. Маркова мұғалімнің кәсіби деңгейге көтерілуінің төмендегідей психологиялық критерийлерін анықтаған.
Объективті критерийлер: Оқытушыға, өндіріс оқыту шеберлеріне өз мамандығына қаншалықты сәйкес әлеуметтік тәжірибеге қосар үлесі қандай екендігі. Жоғарғы еңбек көрсеткіші, әртүрлі мәселелерді шығармашылықпен шеше алу біліктері;
Субъективті критерийлер: адамның мамандығы оның табиғатына байланысты. Оның еңбегіндегі бұл критерийлерге кәсіби-педагогикалық бағыттылық, кәсіптің маңыздылығын, құндылығын түсіну, маман ретінде өзіне позитивті көзқарастың болуы;
Нәтижелі критерийлер: оқыту нәтижесінде баланың психологиялық функциясының жетіліп, алған білімдерін өмірлік мәселелерді шешу барысында қолдана білуі;
Шығармашылық критерийлер: Оқытушы, өндіріс оқыту шеберлері, мұғалім өз кәсібінің шекарасынан шыға алуы, сол арқылы өз тәжірибесін, еңбегін өзгерте алуы жатқызылады. Шығармашыл мұғалім үшін өзгенің тәжірибесін қайталағаннан гөрі өз тәжірибесі мен жаңалықтарын басқаларға ұсына алуының, шығармашылық бағыттылықтың болуының мәні зор.
Білім беруде кәсіби құзырлы маман иесіне жеткен деп мамандығы бойынша өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығына жағдай жасай алатын, тұлғалық-ізгілік бағыттылығы жоғары, педагогикалық шеберлік пен өзінің іс-қимылын жүйелілікпен атқаруға қабілетті, оқытудың жаңа технологияларын толық меңгерген, отандық, шетелдік тәжірибелерді шығармашылықпен қолдана білетін кәсіби маман педагогті атаймыз.
Шынында, кәсіп шеберлігінің негізін игеру үшін біртіндеп қарапайымнан күрделіге, оңайдан қиынға кезең-кезеңімен жаңа оқу-өндірістік міндеттерді игеру, оған машықтану, жаңа биіктерге көтерілу жаттығудың басты белгілірі. Әрбір жаттығудан соң белгілі бір дәрежеде өндірістік тәжірибе жинақталып, жетілдіріледі. Өндірістік оқыту процесі кезінде басты тірек болып тұрған, күрделі мақсаттарға жетуде және тұлғаның бойындағы еркешелікті көрсетіп тұратын – ол өндірістік өзіндік еркіндік, қандай жұмысты өз бетінше атқарушылық, одан туындайтын басты нәтиже – кәсіби шеберлік. Ол шексіз, оның деңгейі де, мүмкіндігі де жеке тұлғаның танымдық қасиеті мен творчествалық қабілетінің, ізденісінің жемісі болмақ.