Джакаева Шынар Салимхановна
Атырау облысы
Атырау қаласы
И.Тайманов атындағы орта мектебі
бастауыш сынып мұғалімі
Мақсаты: «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген қағиданы ұстана отырып, жас ұрпақты тарихымызды тереңнен тануға баулу. Оқушылардың Отан тарихына деген сүйіспеншіліктерін арттыру, оны қорғауға баулу. Оларға патриоттық тәрбие беру. Балаларды Ұлы Отан соғысымен, қазақстандықтардың ерлік істерімен таныстырып, ой-өрісін дамыту. Балаларды үлкен адамдарды сыйлай білуге, оларды қадірлеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: слайд, бейнебаяндар, Ұлы Отан соғысы туралы кітаптар, гүлдер, шарлар, батырлардың суреттері т.б
Өтілу барысы: Сынып ішін безендіру. Музыка ойнап тұрады.
Мұғалім: 1941 жылы 22 маусым күні, таңғы сағат 4-те таң шапағы жаңа арайлап келе жатқан кезде фашистік Германия тұтқиылдан Кеңес Одағына опасыздықпен басып кірді.
Фашистік қарақшылар 1710 қала мен жұмысшы поселкелерін, 70 мың село мен деревняны құртып жіберді. Осы соғысқа Қазақстаннан 1млн. 70мың адам қатысса, олардың басым көпшілігі ұрыс даласында қаза тапса, кейбірі хабар- ошарсыз кетті. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Сондықтан Жеңіс күні әрқайсысымыздың жүрегімізге жақын. Аталарымыздың, әжелеріміздің ерлігімен келген бұл Жеңіс мерекесі ұрпағымыздың есінде мәңгі сақталады. Бүгінгі өткізілгелі отырған тәрбие сағатымыз да осы Ұлы Жеңістің келбетін насихаттауға арналған.
1-оқушы: Бүгінгі мерекелік шара Ұлы Отан соғысында құрбан болған аталарымыз бен әкелеріміздің, мәңгі жас болып, жадымызда сақталған жауынгерлер мен офицерлер рухына, бейбіт кезеңде дүниеден өткен ардагерлерге, бүгінде ортамызда жүрген Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне арналады.
2-оқушы:. Ұлы Отан соғысында Жеңіске жеткенімізге биыл 75 жыл толып отыр. Осы жеңіске жету жолында Қазақстандықтардың асқан ерлігі мен әскери жанқиярлығы Отан тарихындағы жарқын беттерге айналды.
3-оқушы: Ұлы жеңістің тарихтан алатын орны ерекше. Бүкіл Кеңес халқының 20-25 млн-нан астам ержүрек ұлдары мен қыздары құрбан болды. Бұл соғыста миллиондаған әйелдер жесір, балалар әкесіз қалды. Аналар ұлдарынан айырылды, оның құрбандығына шалынбаған отбасы қалмады.
4-оқушы: Бауыржан Момышұлы, Талғат Бегелдинов, Рақымжан Қошқарбаев, Мәлік Ғабдуллин сынды аталарымыз ерлік көрсетсе, Мәншүк Маметова, Әлия Молдағұлова сынды әжелеріміз Отаны үшін жандарын құрбан етті.
Мұғалім: Оқушылар енді осы сұрапыл жылдар көрінісін бейнебаяннан көрейік.
Бейнебаян көрсету
Мұғалім: Оқушылар өздеріңіз осы бейнебаянға қосымша қазақстандық батыр-майдангерлер жайлы шағын мағлұматтар дайындап келдіңіздер,с оны ортаға салайық.
5-оқушы:Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов — Авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, «Барыс» орденінің иегері. 1922 жылы 5 тамызда Сарыарқаның кең-байтақ даласында, Ақмола облысының Майбалық ауылында туған.
6-оқушы: Осы сұрапыл соғыста ер азаматтармен бірдей біздің апаларымызда өздерінің естен кетпес ерліктерін көрсетіп, Отан үшін қан майданда жараланған солдаттардың жанын сақтап өз көмектерін аяған жоқ. Сұм соғыстың өзі өрімдей жап — жас Әлия мен Мәншүк қыздарымызды ала кетті.
7-оқушы: Мәншүк Мәметова (Жиенғалиқызы) 1922 Батыс Қазақстан қазіргі Орал облысының Орда ауданында туған. Шын есімі Мәнсия. Анасы еркелетіп Моншағым дей бергеннен, Мәнсияның тілі келмей өзін Мәншүк деп кеткен.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде Мәншүк Алматы медициналық институтында оқып жүрді.
Мәншүк 19 жасқа келгенде соғысқа аттанды. Ол пулеметші, мерген болған. Мәншүк ерлікпен қаза болды, елі үшін отқа түсіп, жас өмірін Отан үшін қиды.
8-оқушы: Қазақтың жауынгер батыр қызы Әлия Молдағұлова 1925 жылы Ақтөбе облысы, Қобда ауданында дүниеге келген. Ол әке-шешесінен жастайынан айрылып, ағасының тәрбиесінде болады. Кейін Ленинградқа көшіп, сол жердегі балалар үйінде тәрбиеленеді. 1941 жылы Әлия 16 жаста болған. 1942 жылы өз еркімен соғысқа аттанады. 1943 жылы Снайперлер дайындау орталық әйелдер мектебін аяқтайды
1944 жылы 14 қаңтарда 19 жасында Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты. Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 жылы 4 маусымда Кеңес Одағы Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды.
9-оқушы: Қазақ арасында осы соғыста ерекше қаһармандық танытқан батырдың бірі әрі бірегейі – Бауыржан Момышұлы. Соғыс кезінде қолбасшы Рокоссовский лейтенант шеніндегі жап-жас қазақ жігітінің қабілетіне риза болып, полк командирлігіне тағайындаған. Б.Момышұлы соғыс кезінде 207 рет шайқасқа қатысып, 2 рет ауыр жараланды. Басшылық тарапынан бірнеше рет Кеңес Одағы батыры атағына ұсынылады.
10-оқушы: Жиырма сегіз гвардияшы Панфиловшылар – Ұлы Отан соғысы жылдарында Мәскеуді ерлікпен қорғаған қазақстандық жауынгерлер.
11-оқушы: Қазақстандықтар Брест қамалын қорғады, Мәскеу түбінде де өлімге бастарын тікті. Сталинград, Курск доғасындағы шайқастарда ерекше көзге түсті. Берлинге шабуыл жасады, Рейхстагқа қазақ жігіті Рақымжан Қошқарбаев Жеңіс туын 1945 жылдың 30 сәуірде тікті.
12-оқушы: Қошқарбаев Рақымжан (1924-1988 жж.) – Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақ азаматы, Халық Қаһарманы. 1924 ж. 19 қазанда Ақмола облысы Ақмола ауданында дүниеге келген. 1942 ж. әскерге алынған. Соғыс кезінде асқан ерлік көрсеткен. 1988 ж. 10 тамызда Алматы қаласында қайтыс болды.
13-оқушы: Сол сұрапыл соғыс жылдары ауыл-ауылдан сәбилер мен қарттардан басқа ер азаматтардың барлығын соғысқа алып кеткен. Ал ауылда қалған әйел адамдар тылда қызмет еткен. Яғни, оларға киімдер тоқып, тігіп, оқ дәрілер дайындап, біреулері егіншілікпен айналысып азық түлік жіберіп отырған. Ал ауылда қалған жастар Отан қорғап жүрген әкелеріне, ағаларына, әпкелеріне өздерін күтетіндерін, оларды үнемі қолдайтындарын, ауылдың жайын хат жазу арқылы жеткізіп отырған.
«Батыр бала Болатбек» әні орындалады.
14-оқушы: Төрт жыл бойғы қанды қырғыннан кейін, қырық бестің көктемінде дүние жүзі халқы бостандық алды. Халық Отан ұғымын терең сезіне түсті. Ерлік пен еңбек жеңіп шықты. «Ешкім де ұмытылмайды, ештеңе де ұмыт қалған жоқ». Осынау сөздер Жеңіс күнін мерекелеу кезінде жиі айтылады. Осынау сөздер соғыстан қаза тапқандар ескерткішіне де қашалып жазылған.
ˮКөрмеге саяхатˮ. Ұлы Отан соғысы туралы кітаптар, суреттерді тамашалау.
Мұғалім: Оқушылар, міне көрмені тамашалай отырып, Ұлы Отан соғысы және соғысқа қатысқан майдангерлер туралы біраз мағлұматтар алдыңдар.
Сонымен қатар, Қазақстандық сарбаздар жау тылында қоршауда қалып, партизандық күреске араласқан.
Ұлы Отан соғысы жылдары 3 500 қазақстандық партизан отрядтары қатарында болды деген мәлімет бар.
Тарихшылардың айтуынша, олар Украина мен Беларусь елдерінің батыс аудандарында, Молдавия мен Балтық жағалауларында фашистік Германияға қарсы соғысқан. Олардың ішінде Қасым Қайсенов, Тоқтағали Жанкелдин, Әди Шәріпов, Сәтімбек Төлешов, Нұрым Сыдықов, Ғалым Омаров, Ғалым Ахмедияров сынды батыр партизандармен қатар Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ақәділова есімді қазақ қыздары да жау әскерлеріне қарсы күрескен.
Ал, Қазақстанның ақын-жазушылары да өз шығармалары арқылы халықты фашистік басқыншыларға қарсы күресуге шақырды. 50-ден астам қазақстандық жазушы соғысқа аттанды. Ақын Жамбыл Жабаевтың «Мәскеу», «Ленинградтық өрендерім», «Отан бұйрығы» атты өлеңдері кеңес халқын рухтандырды.
Жалпы екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс Кеңес Одағына қымбатқа түсті. Елдің 27 млн астам адамдары соғыста қаза болды. Оның 603 мыңы (400 мың) қазақстандықтар. Міне, осылай Кеңес халқы мен оның Қарулы күштері бұдан 69 жылдан астам бұрын адам баласының қас жауы фашизмді осылай талқандады.
Хор. «Әр қашан күн сөнбесін»
Қорытынды.
Міне, ата-бабаларымыздың арқасында бүгінгі күні өз тәуелсіздігімді алып, егеменді ел болып, әлемге танылып отырмыз. Өз әнұранымыз, өз елтаңбамыз, әрқашан биіктен көрінер туымыз бар. Бұл біз үшін үлкен қуаныш, үлкен бақыт. Қуанышымыз, жеңісіміз ұзағынан болсын деп бүгінгі мерекелік шарамызды аяқтаймыз. Елімізде бейбітшілік болсын! Аналарымыздың зарлаған, сәбилеріміздің жылаған дауысы естілмесін! Айбынды азаматтарымыз аман болсын!