Home » Балабақша » Игі қасиеттің бәрі балабақшада қаланады

Игі қасиеттің бәрі балабақшада қаланады

«Бас бармақ, балаң үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкене бөбек» деп бес саусақты санату, таныту, баланы ойната отырып күлдіру, күлдіре отырып өмірге үйрету сияқты аса қажетті дағды-қабілеттерді бүлдіршін бойына сіңіруді мақсат еткен қазіргі мектеп жасына дейінгі білім беру мекемелері жас ұрпақ тәрбиесіндегі негізгі міндетін жоғары деңгейде атқаруды, халықтық педагогиканың үздік үлгілеріне иек артып, ұл-қыздарымызды ұлттық тәрбиенің негізінде өсіп жетілуін көздейтіндігі анық. Балабақша – бала тәрбиесінің негізін қалап дамытушы, бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастырушы орда десек, ал ондағы қызмет жасаушы тәрбиеші-педагогтар, «Тәрбие деген Тәңірдің» құдіретін танытушы, адам жанының нәзік инженерлері, адами қасиеттер мен өнегелі қылықтарды бала бойына сіңіруші айырықша ізгі жандар.

Абай атындағы университеттің «Педагогика және психология» факультетінде оқып жүріп, тәжірибе алу мақсатында балабақшаларға барып, практикадан өтіп тұратын жайымыз бар. Бұл жолы мені, қасымдағы курстас достарыммен бірге Алматы қаласындағы №144 балабақшаға жіберген еді. Ахметова Раушан Мешітбайқызы басқаратын бұл мекеме кәсіби шебер педагогтардан құралған, тәрбиенің ұлы мұратын ұмытпай, қоғамның іргетасын нығайту мақсатында, ең алдымен, балаға адамгершілік, ізгілік, имандылық тәрбиесін беруде аянбая еңбек етіп келе жатқан бірден-бір қастерлі жер екенін байқадық. Утегенова Салтанат Батырханқызы, Нұржанова Балзия сияқты білікті де білгір мамандардан құралған бұл балабақшаның алға қойған мақсаттары да биік, мұраттары асыл екені көрініп-ақ тұрды. Яғни, баланың бойында ұлттық сананы қалыптастырып, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді білетін, ана тілін қадір тұтатын жан-жақты азамат етіп тәрбиелеп шығару. Мен «Балдырған» тобында болып, ол жерде Әділжан, Қарлығаш, Зере секілді пәк көңілді бүлдіршіндермен танысып, бір-бірлерімізбен шүйіркелесіп, дос болып кеттік. «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда да ауыр өнер. Жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» — деп, алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев айтқандай, баламен жұмыс істеп, тіл табысуда біз бала да болып, дана да болып, жүрегіне жол табуға тырысып жатамыз. Иә, тәрбие қиын іс, бірақ ізгі мақсат жолында еңбек ету, тер төгу – біздің ең басты борыштарымыздың бірі. Университет қабырғасында менің Қыяқбаева Ұлболсын Қозыбайқызы, Манкеш Ақсәуле Ерженбайқызы, Каримова Разия Елеупанқызы секілді ұстаздарым мен тәлімгерлерім бізге қаншама білімдерін беріп, әдіс-тәсілдерін көрсетіп, «Тәрбиешілік – ұлы мамандық» деп ұқтырып кеткен еді . «Жақсы адамды көргенде оған теңелу жайында ойлан» деп шығыс данасы Конфуцийдің айтқанындай, біз осы ұлағатты ұстаздарымызға қарап, теңелуге тырысып жүрдік. Үмітін ақтайтын жақсы шәкірт болуды қаладық. Енді осы үмітті арқалап, балабақшаға келген бойда өз тобыма «Дені саудың – жаны сау», «Ғажайып қобдиша» сияқты тәрбие мен танымдық сабақтарымды өткізіп, балаларға түрлі қызықты ойындар ұйымдастырып, өзіме жақын тартып алып жаттым. «Балдырған» тобының тәрбиешісі Балзия деген апайым да маған бар білгендерін үйретіп, тәжірибесімен бөлісіп, баламен жұмыс істеудің көптеген қызықты да тиімді тәсілдерін көртесіп жатты.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, еліміздің болашағы бүгінгі балабақшада тәрбиеленіп жүрген балалар мен мектеп қабырғасында білім алып жүрген жас жеткіншектер екені анық. Еліміздің болашағы жарқын, келешегі кемел болуы үшін бала тәрбиесіне жастайынан ерекше көңіл берген жөн-ақ. В.А.Сухомлинскийдің бала тәрбиесінде ата-аналардың ролін айырықша атап: «Тек қана ата-аналармен бірге жалпы күш-жігерді біріктіру арқасында мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бағыт беруі мүмкін» деп жақсы айтқан еді. Балабақшада ғалым-педгогтың ұлағатты сөздерін басшылыққа лалып, «Жұмыла күтерген жүк жеңіл» дегендей, бала тәрбиесіндегі маңызды міндеттерді осындай жолдармен тиімді жүзеге асырып келеді. Әсіресе мереке қарсаңында, айтулы даталарда, таңертеңгіліктерде, спорттық эстафеталық жарыстарда ата-аналар мен балалардың қатысуымен өтетін игілікті іс-шаралардың тартымды, есте қаларлықтай өтіп жатуы қандай керемет. Бұл өз кезегінде балалардың рухани тұрғыда дамуына, ой-жүйесінің дұрыс қалыптасуына, дене бітімінің мінсіз жетілуіне зор әсер етіп жатады. Осылайша әр баланың тәрбиесі балабақша мен отбасының тығыз байланысы арқылы жүзеге асып жататыны бар. Отбасы баланың өмірінде басты роль ойнайтындығы белгілі ғой. Сондықтан да балабақшада іс-тәжірибеден өту барысында тәрбиеші –педагогтардың ата-аналармен жылы қарым-қатынас орнатып, ақыл-кеңестерін айтып, жиналыстар ұйымдастырып, осы игі бір игі дәстүрді қалыптастырып қойғанына да куә болған едім. Сайып келгенде, балабақшада өсіп-өніп тәрбиеленіп жүрген мына біздің кішкентай жүректі балапандарымыз барынша жетіліп, бойларында жақсы мінез-құлықтарды қалыптастырып, жаны таза, сөзі айқын, адал, еңбекқор болып есейсе екен деп тілейміз. Ал аталмыш игі мақсатты жүзеге асыруда №144 балабақша ұжымы барынша атсалысып, береке-бірліктерімен жемісті жұмыс істей бермек.

 

Балнұр Абдиманап,
Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің
3-курс студенті

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.