Алматы қаласы, Әуезов ауданы КМҚК
№28 бөбекжай-балабақшасында аудандық “Бірлігіміз жарасқан” мерекелік іс-шарасы өтті.
Мерекелік іс-шарада “ҚББЖТҒӘО” мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің жетекшісі — Тумаева Р.К , Әуезов аудандық білім бөлім басшысы — Саттарова Г.Р, Әуезов аудандық білім бөлім әдіскері — Ногайсарина Г.Ж,
Әуезов ауданының балабақша музыка жетекшілері қонақ болды.
Іс-шара №28 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Исембаева Ардак Келисовнаның құттықтау сөзімен басталды.
Мерекелік іс-шараның шымылдығы “Жаса Қазағым” әнімен түрілді.
Салт-дәстүрін ұлықтаған халықпыз ғой.
Мереке басын тәрбиеленушілер мен әжесі “шашу” дәстүрімен бастады. Шашу – қуаныш айғағы ретінде жасалатын өте сұлу да салтанатты дәстүр. Бүлдіршіндер асық биін билеп, көрерменнің ду қол шапалағына бөленді. Бір шаңырақ астында тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстардың достығы көрініс тапты. Әр ұлттың ұлттық тағамдары таныстырылып, билері биленді.
Мерекелік іс-шараның тағы бір ерекшелігі — бүлдіршіндерден бөлек ата-аналар да бір кісідей ат салысты. Сонымен қатар шара барысында қазақ биі биленіп, балалар әуелетіп ән салды. Мерекелік іс-шара соңында
бейбітшілік пен тыныштықтың, берекенің символы болып табылатын “көгершін” құстары ұшырылды.
Сондай-ақ мерекелік шара барысында балабақшаның психологі қатысушылардың көңіл-күйлерін көтеру, оларға шығармашылық шабыт беру мақсатында тренинг өткізді.
— Біздің басты мақсатымыз — 1 мамыр — бірлік күніне балалардың жүрегіне достығымызды, ынтымақтастығымызды, татулығымызды, әр ұлттың бір-біріне бауыр екенін баланың жүрегіне жеткізу. Бейбітшілік құсы еліміздің көгінде қалықтай берсін, қазақтың әні қазақтың елінде шырқала берсін. Ең бастысы балалар бақытты болсын. Көк туымыз мәңгі желбіресін, — деді бүгінгі іс-шара ұйымдастырушыларының бірі Избанова Гульмира Раматовна.
“Пікір алмасу-рефлексия” сәтінде әрбір қонақ №28 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі мен ұжымына, іс-шараның ұйымдастырушыларына алғыстарын білдіріп, мерекелік көңіл-күйде тарқасты.
1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. 1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Қазақтың байтақ даласы бүгінде 130-дан артық ұлт өкілдеріне ортақ отан болып тұр. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған.
«Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерек.
Мереке құтты болсын!
“BILIM AINASY”,
Алматы қаласынан,
Ақерке Аманқызы