Home » Мақалалар » Имам әз-Зәһәбидің Әбу Ханифа жайында жазған еңбегі

Имам әз-Зәһәбидің Әбу Ханифа жайында жазған еңбегі

Әз-Зәһәбидің атақты ұлы имам Әбу Ханифаның артықшылықтары мен өмір жолы жайында жазған «Мәнәқибу Әби Ханифа» атты еңбегі бұл салада жазылған еңбектермен салыстырғанда көлемі жағынан шағын болуына қарамастан өз заманында және кейінгі уақыттарда да танымал болды. Бұл кітап Әбу Ханифаның қос шәкірті Әбу Юсуф (182/798 ж.т.) және Мұхаммед әш-Шайбани (189/805 ж.ж.)  жайлы ақпараттармен де толықтырылып, «Мәнәқибу Әби Ханифа уә сахибәйһи Әби Юсуф уә Мухаммад ибн әл-Хасан» – деген атпен бірнеше мәрте Каир және Бейрут сияқты жерлерде басылымдарға шықты. (1)

Имам әз-Зәһәби еңбегін әртүрлі бөлімдерге бөліп, оларды бірнеше тақырыпшаларға жіктеген. Мазмұнына қарай кітапты «Әбу Ханифа жайлы деректер» және «қос шәкірті Әбу Юсуф пен Мұхаммедке арналған бөлімдер» деп екі үлкен тарауға бөліп қарастыруға болады. Имам Әбу Ханифаға қатысты тарауында келесідей тақырыптар немесе тақырыпшалар қамтылған:  Имам Әбу Ханифа биографиясы; оның мінез-құлқы мен тақуалығы; ұстаздары мен шәкірттері; құлшылығы; оның фиқһ іліміндегі дәрежесінің сипаты жайлы айтылған деректер; «райға» (ақылмен үкім шығаруға) қатысты көзқарастары; ғалымдардың оған айтқан мадақтары; тақуалығы жайлы қосымша мәліметтер; оның хадистері дәлел тұрғысында; ол жайында айтылған әртүрлі хабарлар; дүниеден өтуі; жеткізген хадистері; оны сүйіншілеген түстер жайында. Әбу Юсуф жайлы бөлімінде: Әбу Юсуфтың биографиясы; имамдардың оған айтқан мақтау мен мадақтары; оның артықшылықтары турасында тақырыпшалар келсе, ал Мұхаммед ибн әл-Хасан әш-Шайбаниға қатысты бөлімі: оның тегі, дүниеге келуі, білім жолы сынды өміріне қатысты мәліметтер; шешендігі, білімдегі орны мен зеректігі; Әр-Раққа қаласында (Сирияның солтүстігінде орналасқан қала) қазылық қызметін атқаруы; дүниеден өтуі сынды тақырыпшаларға жіктелген. Автор әр тақырыпта табиғиндер немесе атбаға табиғиндерден болған әл-Ағмаш, әл-Муғира, Шуғба, Саид ибн Әбу Аруба, ибн Уяина сынды беделді имамдардан жеткен деректерді келтіреді. Сондай ақ әрбір деректі жеткізілу жолдарымен бірге баяндап, тізбектерінің сенімділігіне аса мән берген.

Әз-Зәһәби Әбу Ханифаның көркем мінезділігі мен тақуалығына қатысты мәліметтерді бір бөлек тақырыпта жинақтауымен қатар, басқа да бірнеше тақырыпшаларда оның кішіпейілділігі, жомарттығы сияқты бойындағы асыл қасиеттері мен құлышылығындағы ыждахаттылығы жайлы деректерді келтіргендігін байқаймыз. Әл-Хасан ибн Исмаил ибн Мужалид өзінің әкесінің былай дегенін жеткізеді: «Бірде мен Һарун ар-Рашидтың қабылдауында болған кезімде, оған Әбу Юсуф келді. Ол одан ұстазы Әбу Ханифаның мінезін сипаттап беруін сұрайды. Сонда Әбу Юсуф: «Алланың атымен ант етейін, ол арам нәрселерден қатты тыятын, дүниеқоңыз адамдардан аулақ болатын, әрдайым үнсіз әрі терең ойда жүріп, көп сөйлеуді ұнатпайтын, егер біреу одан бір нәрсе сұраса, білгенімен ғана жауап беретін. Иә, мұсылмандардың әміршісі, ол тек қана өзінің бойындағы кемшіліктермен және дінімен ғана шұғылданып, басқа адамдар жайлы жақсы сөз ғана сөйлейтін», – деп жауап береді. Оны естіген Һарун ар-Рашид: «Бұл салиқалы адамдардың қасиеттері», – дейді. Әл-Қасим ибн Ғассан Исхақ ибн Әбу Исраилдің былай дегендігін жеткізеді: «Бірде Ибн Уяинаның (танымал мухаддис) көзінше біреулер Әбу Ханифа жайлы әңгімелесіп отырып, олардың бірі ол тұрғысында жағымсыз нәрсе айтып қалады. Оны естіген Ибн Уяина: «Олай демеңдер! Әбу Ханифа адамдардың ішінде намазды ең көп орындайтын еді, басқалардан қарағанда аманатқа өте берік, сондай ақ адамгершілік тұрғысынан да өзгелерден жоғарырақ болатын», – дейді». Белгілі мухаддис, фақиһ, жеті қырағат риуаят етуші қарилардың бірі Әбу Бакр ибн Ияш : «Адамдар Әбу Ханифанының көпшіліктен жырақ жүруін тәкәппарлықтан деп ойлайтын, әйтсе де ол оның жалғыз қалғанды ұнататындығынан еді», – деген. Сонымен қатар, еңбекте Әбу Ханифаның жомарттығына қатысты деректер де кезедеседі. Әбу Ханифаның немересі Исмаил ибн Хаммад: «Менің әкем Хаммад Фатиха сүресін дұрыс оқуды үйренген кезде, Әбу Ханифа оның ұстазына бес жүз дирхам берген еді», – деген. Бұл тұста Әбу Ханифаның жомарттығымен қатар, ұстазға деген құрметі мен оның еңбегін жоғары бағалай білгендігінің көрінісін байқауға болады. әл-Мусанна ибн Ража былай деп риуаят етеді: «Әбу Ханифа әрбір Алланың атымен ант еткен сайын бір динар садақа етуді өзіне міндеттеген болатын, сол сияқты отбасына қандай да бір қаражат жұмсаса сол мөлшерде садақа беретін еді». (2) Әбу Ханифаның саудагердің отбасында дүниеге келіп, өзі де өмір бойы сол кәсіппен айналысқандығы мәлім. Оның жомарттық қасиеті әсіресе осы салада ерекше байқалатын.

Имам Зәһәби сынды шафиғи мәзһабының беделді ғұламасы, һәм тарихшы, мухаддис, хадистанушы ғалымның Әбу Ханифаның артықшылығы жайлы келтірген деректерінен ақ оған деген көзқарасының қандай болғандығын байқай аламыз. Әбу Ханифаның өзге мәзһаб ғалымдары тарапынан мойындалып үлкен құрметке ие болуы, ол жайлы әртүрлі еңбектер жазып, өмір жолын зерттеулері, оның ғылымдағы дәрежесінің ұлықтығының үлкен бір айғағы болары сөзсіз.

Әдебиеттер

  1. Чекер Х. Ебу Ханифе менакибларынын иазма нүсхалары // Тахкик ислами илимлер араштырма ве нешир дергиси (ғылыми журнал), 2018. – 1/1 (Haziran / June 2018). – 277-бет.
  2. Шамсуддин Әз-Зәһәби М.А. Мәнәқибу Әби Ханифа уә сахибәйһи Әби Юсуф уә Мухаммад ибн әл-Хасан – Бейрут: Ләжнәту ихяил-маарифи ән-Нумания баспасы, 1999. – 16-18 бет.

Бағашаров Қ.С.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
философия және саясаттану факультеті,
дінтану және мәдениеттану  кафедрасының аға оқытушысы,PhD
Сақан Д.Д.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
саясаттану және философия факультеті,
дінтану және мәдениеттану кафедрасы
“Исламтану” мамандығының
1 курс магистранты
https://www.kaznu.kz/kz

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.