Home » Айтарым бар » Мен атамды мақтан етемін!

Мен атамды мақтан етемін!

Жеңіс туы желбіреген кездерде,
Қуаныштың жасы үйірілген көздерге.
Отан үшін отқа түскен аянбай,
Батырлықтың рухы мұра біздерге.

Ұлы Жеңіс тарихта да жырланған,
Тебіренер еске алса әр халық.
75 жылдық мерей тойы жеңістің
Ардагерлер рухына бағыштайық!

 

Біздің еліміз биыл 9 мамырда Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өткелі отыр. Жер бетіндегі адамзат баласының басынан кешкен ең бір қорқынышты жауыздықтың жойылғанына да 75 жыл.

Кеңес үкіметінің құрамында болып, соғысқа қатысқан елдерден 20 миллионнан астам жауынгер біздің бейбіт болашағымыз үшін құрбан болды. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы қалмады. Себебі, майданға әр отбасының әкесі мен балалары, аталары, аға-інілер мен апа-сіңлілері кетті.

Ұлы Жеңістің мерейтойы қарсаңында екінші дүнежүзілік соғысқа  қатысып, Отанымызды қорғағандардың арасында менің де туыстарымның болғанын біліп, мақтанышпен атап өткім келеді.

Менің атам – Шаймерден Естаев 1913 жылы Павлодар облысы Куйбышев (қазіргі Ақтоғай) ауданы Шілікті ауылында туған. Соғысқа осы ауылдан шақырылған.

 

1942 жылы 15 қаңтарда алғаш рет танк жүргізушілер механиктерін дайындау курсына арнайы оқуға жіберіледі. 1942 жылы 20 наурызда аталмыш курсты аяқтап,– өздігінен жүретін 1296 танк артиллериясының полкіне қабылданады, олар Варшава, Праганы және Еуропаның басқа да қалаларын неміс басқыншыларынан азат етіп, Берлинге дейін жеткен. 1943 жылы Орел-Курск шайқасына қатысты. 1945 жылдың 25 қыркүйегінде КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Қаулысымен, әскери қызметінен босатылып, елге оралды.

Шаймерден Естаев майданға көрсеткен ерен ерлігі үшін «Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі» ордені, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік қызметі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін 1941-1945» медальдерімен марапатталған.

Ардагер атамыз 1992 жылдың 25 сәуірінде дүниеден өтті.

«Ер есімі – ел есінде”, — демекші, біз бүгінгі ұрпаққа осынау бейбіт өмір мен жарқын болашақ сыйлаған батырларымыздың және ата-әжелеріміздің ерліктерін ешқашан ұмытпауымыз керек. Атамның қаһармандық рухы мен жауынгерлік ерліктері отбасымыздың ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болар ең құрметті мұрасы болып қалады. Мен атамды мақтан етемін!

Немересі Естаева Гүлбаршын Серікқызы және
 жиен шөбересі Азимбай Альтаир Болатұлы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.