Home » Мақалалар » Отан қорғаушылар – бүгінгі жас ұландар

Отан қорғаушылар – бүгінгі жас ұландар

Алматы қаласы
Түрксіб ауданы
№107 лицей директорының
тәрбие ісі — жөніндегі орынбасары
Досынбекова Бақытгүл Кашкынбаевна

Алматы қаласы, Түксіб ауданы, №107 лицейдің «Жас ұландары» рухани — адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіре отансүйгіштік қасиеттерді шыңдай, білім мен өзін-өзі жетілдіруге қашықтан оқу кезінде де құштарлық танытып келеді. Бір-бірімізді құрметтеуге, ерлік жасаған азаматтарды дәріптеуге, Отанымызды мақтаныш етуге, ата-анамызды қадірлеуге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, білімге табандылықпен ұмтылуға, салауатты өмір салтын ұстануға, табиғаттың қадірін білуге жас жеткіншек түсінді. Еліміздің басына түскен қиыншылық, короновирус індетінің қазақ жерінен тез арада жойылатындығына, ел азаматтарының аман-есен болуына тілектестік білдірген бүлдіршіндердің сайттардағы бейнефильм және слайд, суреттері әрбір азаматты бей-жай қалдырмайды. Бұл қашықтан оқыту үрдісі балалар мен жасөспірімдердің зияткерлік, шығармашылық және әлеуметтік дамуы үшін көп көмегін тигізуде. Жауапкершілік пен еңбексүйгіштік дағдысын қалыптастырып, өз бетінше іздену қабілетін дамытты.  Балалардың бойында Отан тарихына, Тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен болашағына деген жауапкершіліктері артқан.

Биыл Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына орай, қазақ тарихын білу негізінде өскелең жас ұрпақтың бойында рухани-адамгершілікті қалыптастырып, танымдық жұмыстарға ынталандыру жұмыстары жүргізілуде. Әрбір жас жеткіншек ерліктің туын көтерген жауынгерлерге өз тілектерін айтып, ризашылықтарын білдіруде. Сол қанқұйлы соғыстың қазақ еліне де көп қиындық әкеліп, 1млн 200 мыңнан астам жауынгер соғысқа аттанып, 600 мыңнан астамы соғыстан оралмағанын, жас өспірім ұрпақтың болашағы үшін күрескенін бүгінгі ұрпақ жақсы түсінген. Отаны үшін күрескен жауынгерлер артынан ерген жастардың жақсы өмір сүруін, бейбітшілікте өмір сүруін қалады. Сусылдаған снарядтардың ортасында өмір мен ажал арасында жүріп, қаймықпай өз өмірін беріп, біздерге бейбіт өмірді сыйлап кетті. Уақыт өткен сайын бұл Жеңістің маңызы артып келеді. Батырлар көрсеткен ерліктері бүгінгі ұрпаққа өнеге. Отансүйгіштік қасиет әркезде де қастерлеуге тұратын қасиеттердің бірі. Осы ұғым біздің үлкен құндылығымыз болуы керек. Тек майданда ғана емес, тылда жұмыс істегендердің де еңбегін жоғары ілтипатқа лайық. Себебі, олар соғыс кезінде майдан шебіндегі солдаттармен бірдей қиыншылық көрді, бірдей азап шекті. Ашаршылық пен ауыртпалықты бастан кешкен олар да Жеңісті жақындатуға көп үлес қосты. Сол бір қайратты да қайсар жандарға да бүгінгі ұрпақтың ризашылығы шексіз болса керек.Оттан да ыстық Отан үшін от кешкен майдангерлер өшпес ерлік көрсетті. Бұл тарихқа алтын әріптермен жазылды. Олардың қаһармандық өнегесі бүгінгі жас ұрпақтың жадында мәңгі сақталады.

Отаншыл болу – ең алдымен өткенді білу. Қазақ жері – киелі, қасиетті екенін әрбір жас сезініп, оны малмен, ақшамен, алтын-күміс, асыл тастармен бағалауға келмейтінін түсіну керек. Отаншыл болу – ұлтжанды болу. Ұлтсызда Отан жоқ. Болмақ емес. Ата салттың қадіріне жетпеген, ана тілін ардақтай алмаған бозөкпе отаншыл болып жарытпайды. Қай жерде «қарны тоқ, көйлегі көк» болса, сол жерді жайлы мекен санайды. Отаншыл болу – бір-біріңе бауырмал болу. «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейді дана халқымыз. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» дейді кемеңгер Абай. Осы уақытқа дейін осындай патриоттық тәрбие күн сайын мектепте жүргізіліп келсе, енді қашықтан оқыту сабағында да ата-ана, оқушы, мұғалім бірлесе отырып, патриоттық рухта тәрбие жұмыстарын жасап келеді. Қай кезде де азаматтың өз Отаны алдында парызы болады. Азаматтың қасиетті борышының бірі – Отан алдындағы парызын өтеу. Кез келген адам бейбіт заманда да Отанын қорғай алады. Ол дегеніңіз қолға қару алу емес, өз Отаныңның білімді, өркениетті, салауатты перзенті бола алу. ”Отан үшін отқа түс, күймейсің” деген екен батыр Бауыржан Момышұлы. Ол – Отан үшін еткен еңбектің ешқашан зая кетпейтіндігі.

Халқымызда «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болады» деген мақал бар. Жастар өз Отанының нағыз патриоты бола алу үшін үлкендер де өз соңынан ерген ұрпақты дұрыс тәрбиелеуі керек. «Отаным маған не бересің деп емес, Отаным, мен саған не бере аламын?» деп өсу керек. Сонда елімізде әрқашан да бейбітшілік болады. Себебі, ертеңгі елдің тізгінін ұстар азаматттар білімді болса, олар барлық қиыншылықтарды ақылмен шеше алатын болады.

Отан үшін отқа түсіп, Жеңіс сыйлаған ардагерлерге тағзым етеміз. Сұрапыл да жойқын соғыста қыршынынан қиылған жауынгерлер есімі ел есінде мәңгі сақталады. Қоғамдағы өзгерістерге мойымай, соған лайық бейімделген жеке тұлға – ертеңгі Отан қорғаушы болатынына анық. «Жас ұландар» әніндегі жалынды сөздермен аяқтағым келеді. Жас ұлан, қалыспа! Қырандай қарышта! Еліміздің абыройын асқақтатып, әлемге нық ұстайық байрағын! Көп білуге ұмтыламыз, Өнер, білім, ғылымға! Кеудемізде ар мен намыс жетелейді бізді алға!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.