Әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясы Қазақстанға да өз әсерін тигізді. Қалыптасқан өмір сүру жағдайы өзгерді. Қалалар карантинге жабылып, кәсіпорындар мен сауда орталықтарының жұмысы тоқтап, қоғамдық шаралар кейінге шегерілді.
Инфекцияның таралуын азайту, балалардың денсаулығына қауіп тудырмау мақсатында әрі оқу процесі тоқтатпау үшін мектептер қашықтан оқытуға көшті. Қазақстан бұл шешімді барлық аспекті мен тәуекелді ой елегінен өткізе отырып қабылдады. Бұл — оқушылар мен ата-аналар үшін ғана емес, мұғалімдер үшін де жаңа технология. Көкейде сауал көп, қорқыныш пен үрей басым болды. Бірақ бүкіл әлемде 870 миллионнан астам оқушы осындай форматта білім алуда, өйткені карантин жағдайында сапалы әрі нәтижелі білім берудің бір жолы – қашықтан оқыту.
Оқыту Қазақстанде екі жол арқылы жүргізіледі: «Балапан» және «Ел Арна» телеарналары арқылы және тақырыпты түсіндіру, талқылау, тапсырмаларды тексеру, кері байланыс орнату үшін интернет-платформалар пайдаланылады.
Педагог-психолог маман ретінде өзім қызмет ететін №12 орта мектепте қашықтан оқу үрдісін ұйымдастыруға үлесімді қосудамын. Ұстаздарға, ата-аналарға және оқушыларға қашықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша төмендегідей кеңес ұсынамын.
Алдымен баланың күн режімін жасаңыз, дұрыс тамақтанып, жақсы ұйықтауын қадағалаңыз. Сабаққа күн сайын уақытында қосылыңыз және сабақ кестесін көрінетін жерге іліп қойыңыз. Баланың сабақ оқуы үшін жайлы және ыңғайлы орын таңдаңыз. Компьютерінің толық қуатталуын, интернетпен қамтылуын қадағалап, кешкісін бәрін дайындап қойған жөн.
Сабақ басталмастан бұрын:
- бөлмеде қатаң тыныштық сақталуы тиіс, басқа дыбыстарды өшіріңіз;
- сабақ уақытында отбасындағы басқа балалар мен үй жануарларының кедергі келтірмеуін назарда ұстаңыз;
- сабақ барысында балалардың бөлмеден шықпауы, орынсыз тамақтанбауы, басқа бөгде заттарға алаңдамауы, онлайн сабақтан шығып кетпеуін бақылаңыз;
Сабақ өтіп жатқанда:
- оқушы мұғалімнің нұсқауларын қатаң орындау;
- мұғалім сабақ түсіндіргеннен кейін ғана сұрақ қою;
- сабақ түсіндірген кезде ата-аналар мен балаларға чатта жазуға тыйым салынады (тек дыбыс болмай, естілмей қалған жағдайда ғана рұқсат беріледі);
- балаға жауап бергенде орнынан тұрудың қажеті жоқ;
- мұғалімнің рұқсатынсыз суретке, бейнетаспаға түсіруге, жүргізілген сабақты әлеуметтік желілерде жариялауға болмайды;
- сабақ барысында ата-аналарға араласпағаны жөн;
- сабақта оқушының себепсіз қатыспай қалғаны үшін ата-ана жауап береді.
Үй тапсырмасына көмек:
- балаңызды бөлмей тыңдаңыз, жаттауға, есте сақтауға берілген тапсырманы айтып шықсын;
- жазуға берілген мәтінді асықпай бірге оқыңыз;
- оқулықтағы сұрақтар бойынша сұраңыз;
- өзіңіздің бала кезіңіздегі жетістіктеріңіз туралы айтып, білімдеріңізбен бөлісіңіз;
- балаға баға емес білімнің маңыздылығын, не үшін қажеттігін түсіндіріңіз.
- балаңызды жан-жақты бақылау үшін және мүмкін көмектер көрсету үшін әрдайым балаңыздың қатысатын үйірмелерінің, факультативтерінің, қосымша сабақтарының, сабақ кестесімен танысыңыз.
- Балаңыздың аз уақыт онлайн болуын, көп уақытын өз бетімен жұмыс жасауын қадағалаңыз;
- үй тапсырмаларын уақытында орындап, мұғаліммен кері байланыста болуын қадағалаңыз;
- балаңыздың қосымша тапсырмалар орындауын, әдеби кітаптар оқуын, телеарна сабақтарын уақытында көруін қадағалаңыз
- баланың бос уақытын құр өткізбей, оны мазмұнды әрі, пайдалы етіп өткізуге көмектесіңіз.
Балаға қандай көмек керек?
— материалдық: баланы анықтама, сөздік, атлас, бейнетаспамен, мектептің оқу бағдарламасына сәйкес кітапшалармен қамтамасыз етіңіз.
— моральдық: баланың мүмкіндігіне сенім білдіріп, әрбір жетістігіне қуаныңыз. Балаңызды оқу үлгеріміне қарамай, жақсы көретініңізді сездіріңіз.
- эмоциональдық: бала үлгермей жатса қатты сөйлемеңіз. Сабырлы, шыдамды болыңыз.
Қазір ата-ананың үйде балаларымен тығыз байланыста болуына, сабақты бірге оқып, уақытты қызықты өткізуге мүмкіндік көп. Баланың бос уақытын тиімді өткізу үшін бірге таңғы жаттығу жасаңыз, билеңіз, оқыған кітаптарыңызды талқылап, бірге фильм көріп, өлең жаттаңыз.
Есіңізден болсын, балаға ата-анасы көшбасшы. Бала, білімді де білікті, қандай жағдайға да сабырмен қарайтын көшбасшының соңынан ереді.
Маңғыстау облыс,
Ақтау қаласы.
«№12ЖББОМ»КММ-нің педагог-психологы
Н.Ә.Исамбаева