Сейдахметова Кулжамила Ниязалиевна
Алматы қаласы Түрксіб ауданы
107 лицейдің орыс тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі
Бірлік — адамдар арасындағы ынтымақтың, жарасымды татулықтың көрінісі, ел болудың белгісі. Қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын “бірлік болмай тірлік болмас”, “бірлік түбі — береке”, “алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді” деп түйген. Бірлікті ыдыратып, ірітуші күш — күншілдік, іштарлық, араздықтық деп тауып, жұртшылықты мұндай жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ салуға шақырған. Бірлік елдіктің, ұлт болып ұйысып отырудың басты кепілі саналған. Сондықтан ел тізгінін қолына ұстаған адамдар — ақсақалдар, билер, хандар ел ішіндегі асқынған дау, ушыққан жанжалды тыйып, шешім қабылдағанда ел бірлігіне сына түспеу жағына баса көңіл бөлген.
Осындай ынтымақтастық, бірлігі жарасқан, тату қоғамда, бейбіт елде өмір сүруге балаға бастан, отбасынан, мектептен тәрбие жүргізілуі керек.
Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. «Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік» қағидасын ұстанған ұстаз ел ұрпағының саналы, білімді, адамгершілігі зор жастарды тәрбиелеуде ұлттық тәрбиені басшылыққа алады. Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, №107 лицейдің 5 «А» сынып оқушылары үшін 1Мамыр мейрамының орны ерекше. Жыл сайын атаулы мерекеде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінде ел аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын жас ұрпақтың санасына достық дәнін сеуіп, бойына достық сезім ұялатып тәрбие жұмысын жасап келемін. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында: «Этносаралық келісім – ол өміршеңдік оттегі. Біз дем алған кезде оны байқамаймыз, ол өздігінен болады – біз тек өмір сүреміз. Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды. Біздің жастарымыз жаңа, тәуелсіз елде өсіп келеді. Бүгінгі буын 90-шы жылдардағы этносаралық соғыстар мен қақтығыстарды, күйреуді көрген жоқ. Сондықтан көпшілігі Қазақстандағы тұрақтылық пен қолайлы өмірді туғаннан солай болуға тиіс сияқты қабылдайды», – деп атап айтқан болатын. Ел бірлігі — ең асыл қасиет. Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық ең алдымен өзімізге, қазақтарға керек, — деп көрегенділікпен Елбасымыз айтқандай, біз сияқты көпұлтты мемлекеттің даму болашағының бір көзі — Қазақстан халықтарының бірлігі. Ұлтаралық тұрақтылықтың арқасында бейбіт өмір сүріп отырмыз. Қаншама мектеп, аурухана, жолдар салынды, әлі де салынады. Жерімізде тұрып жатқан барлық халықтардың тілдері мен әдет-ғұрыптарына құрметпен қараймыз. Осы игі дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыруға тиіспіз. Бала тәрбиесіне немқұрайлы қарап, оған жетерлік ата-аналық махаббат пен мейірім бере алмаған отбасы қоғамға тиісінше пайда келтіре алмайды. Мұндай отбасынан отансүйгіш баланың шығуы қиын. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деп тегін айтылмаған. Отанның қадірі алыс жырақта жүргенде білінеді. Мұны шет мемлекетке шыққан отандастарымыз жақсы біледі. «Мен қазақпын» немесе «Отаным – Қазақстан» деген уақытта яки болмаса елдің байрағын, рәміздерін көргенде қуанышың қойныңа сыймайды. Отанның бар екеніне Құдайға шүкір деп айтасыз. Расында, жер бетінде отансыз, тәуелсіз жері жоқ ұлттар мен ұлыстар қаншама?! Сондықтан да жас баланың бойына ананың сүтімен, әкенің үлгісімен, ұстаздың тәрбиесімен Отанды қадірлеу, ұлттардың татулығын сақтау, береке-бірлікте өмір сүру деген асыл қасиеттерді сіңіру керек екенін ата-анамен бірге бірлесе отырып, жұмыс жасап келемін.
Бүгінгі күні ел басына қиыншылық жағдай келіп, бүкіләлемдік індет жаулаған тұста баланы қашықтан оқыту ата-анаға да әрі ауыр, әрі жауапты міндет жүгі жүктелді. Ата-ана оқу үрдісінің барысын қадағалап, тапсырмаларды орындау барысында, баласының өз бетімен ізденіп, тапсырмаларды орындау жұмыстарын бақылап, баланың тәрбие жұмысын да өзі қадағалайтын болды. Әр ата-ана баласының өмірінің болашағына, өздігінен білім алуына, рухани дамуына мұғалімнің жол көрсетуі бойынша жұмыс жасап жатыр. Мінеки, бірлік қай жерден бастау алады. Мұғалім — ата-ана бірлесе бірігіп балаға ұлттық құндылықтарды бойына сіңірсе, Отанын сүйетін, өзге ұлт өкілдерін сыйлайтын, достық қарым-қатынаста өмір сүретін нағыз азамат тәрбиеленіп шығады. «Ұстаздан – шәкірт озар» дегендей, шәкірттеріміз білімді, ақылды болғай!
«Ұлттық тағылым» деген ұғым — əр халықтың ғасырларға ұласып жатқан тəрбие үлгісі, бала тəрбиесіне қолданылатын əдіс-тəсілі, үлгі-өнегесі, сондықтан да ұлттық тəрбие деген сөздің мағынасы əлдеқайда кең. Себебі ол бүкіл ұлтқа тəн қасиеттердің бəрін қамтиды. Оған əлеуметтік, тұрмыстық, шаруашылықтық, салт-сана, əдет-ғұрып, дəстүрлер, тағы басқа ұғымдар кіреді. Жалпы ұлттық тəрбие арқылы жастарды, кейінгі буынды, патриотизмге, ұлтаралық татулыққа баулуымыз керек.