Home » Білім және заң » Педагогтерді марапаттау жүйесі өзгереді

Педагогтерді марапаттау жүйесі өзгереді

Білім және ғылым министрлігі педагогтерді ведомстволық наградаларымен марапаттау жүйесіне өзгерістер енгізбек. Ол үшін арнайы  бұйрық дайындалған. Бұл жайлы өзінің Әлеуметтік желідегі парақшасында сала басшысы Асхат Аймағамбетов жазды.

Оның айтуынша, бұл министрлік тарапынан ұсынылатын дипломдарға, грамоталарға, төсбелгілер мен алғыс хаттарға қатысты мәселе. Себебі, мүғалімдер арасында аталған марапаттарды берудің объективтілігіне қатысты сұрақтар туындапты.  Осыған байланысты барлық күмәнді жою үшін Министрлік жанынан жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына педагогтер, оқу ісінің меңгерушілері, мектеп директорлары, әдіскерлер кірген. Ұсыныстарды да дәл осы  жұмыс тобы әзірлепті.

Асхат Аймағамбетов бұл құжаттың осыған дейін қолданыста болған бұйрықтан айырмашылығы айтарлықтай көп дейді. Мәселен, онда мынадай жаңа талаптар бар:

– жұмыс көрсеткіштерінің нақты тізбесі көрсетіледі;

– көрсеткіштер маңыздылығына қарай әртүрлі балмен бағаланады, бәсекелестік болуы үшін марапат көп балл жинаған адамға беріледі;

– көтермелеудің жаңа түрлері енгізіледі (деңгей бойынша білім беру ісінің үздігіне Құрмет грамотасы);

– марапаттау реттілікпен беріледі (бірден ең жоғары марапат берілмейді, реттілік сақталуы тиіс);

– марапат алатын тұлғалар бойынша ақпарат цифрландырылуы, есепке алынуы және ашықтық қамтамасыз етілуі тиіс.

Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, осылайша марапаттарды тағайындау тәртібі нақты ретке келтірілген. Ал, мұның барлығы марапатқа үміткерлерді әділ және ашық іріктеуге,  педагогтер мен ғалымдарды объективті әрі ашық марапаттау тәртібін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді екен.

«Үміткерлердің жұмыс ерекшелігін ескере отырып, олардың қандай да бір марапатқа ие болу мүмкіндігін теңестіру үшін біз мектепке дейінгі, бастауыш,  орта, орта білімнен кейінгі білім беру, ТжКБ педагогтерін, ЖОО оқытушылары мен ғылыми қызметкерлерді саралау бойынша шешім қабылдадық. Осылайша, мұғалімдердің немесе ғалымдардың әр жеке санатында бәсекелестік болады», — дейді министр.

Бұйрыққа сәйкес, енді  жыл сайын министрліктің бастамасымен  педагогтер мен ғылыми қызметкерлердің белгілі бір тобы марапатталады. Бұл ретте басшылық міндеттерін атқаратын азаматтар саны (директорлар, меңгерушілер және т.б.) 20 пайыздан аспауы тиіс.

Марапаттау рәсімдері «Тәуелсіздік күні», «Білім күні», «Мұғалімдер күні», «Ғылым қызметкерлері күні» мерекелеріне орайластырылады.

Сондай-ақ, жұмыс тобының ұсынысымен  25 жылдан астам уақыт бойы ұстаздық еткен педагогтер  «Мамандығына адалдығы үшін» төсбелгісімен марапатталмақ. Ширек ғасыр жұмыс істеген сала мамандары  бұл марапатты  алу үшін ешқандай құжат тапсырмайды.

«Марапаттарды алудың нақты жүйелігі енгізіледі. Әр марапаттың Жеке сәйкестендіру коды болады. Ол 12 саннан құралады және марапаттау жылын, мереке күнін, марапатталған адам жұмыс істейтін саланы, көтермелеу түрін және реттік нөмірін көрсететін бес бөлімнен тұрады. Енді барлық марапатталушылар бойынша министрдің бұйрығы шығады. Ол бұйрық міндетті түрде Көтермелеудің бірыңғай электронды есебінде сақталып, министрліктің интернет-ресурсында жарияланады», — деді Асхат Аймағамбетов.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.