Алматы қаласы, Наурызбай аудандық
№ 200 мектеп-гимназиясында
«Білікті білім жинап, кәсіп етер» атты іскерлік кездесу өтті.
Іскерлік кездесудің құрметті қонағы-
«Құрмет» орденінің иегері, Швейцарияның Женева қаласында өткен BID Халықаралық сапа байқауында «GOLD» сыйлығының және «Алтын сапа» президенттік байқауында
«Тұтыну тауарларын өндіретін үздік кәсіпорын» номинациясының иегері, Республикалық «Жомарт Жүрек» байқауында «Ерен Еріктілік» номинациясының жүлдегері,
«Bаl tekstil» кілем фабрикасының директоры Талғат Жүнісбекұлы Исхахов болды.
Талғат Жүнісбекұлы 1968 жылы 3 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Жүзімдік ауылында дүниеге келген. Мектепті бітіріп, қарулы күштер қатарында қызмет еткеннен кейін, Шымкент қаласында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі бойынша білім алып, содан кейін үш жылдай орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. 1994 жылдан бастап Алматы қаласында кәсіпкерлікпен айналыса бастаған.
“Bal Tekstil” компаниясының негізін қалаған Талғат Жүнісбекұлы, бірегей өндіріс тетігін жасап, өз ісінің хас шеберлерін құралған мықты еңбек ұжымын даярлап, білікті көшбасшы ретінде фабриканы басқарып келеді. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде, өндіріс басшысы жыл сайын республикалық ғана емес, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі жаңа марапаттар мен құрметті атақтарға ие болуда. Бүгінгі таңда еліміз бойынша 2000-нан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Кәсіпкер кездесуде өз бизнесін қалай қалыптастырғанын, іс қалай басталғанын, алғашында қандай қиындықтар болғанын, бизнесте өз мақсаттарына қалай қол жеткізгенін айтып берді. Бизнесті жолға қою барысына қажет көптеген кеңес,
ескерту мен нұсқаулар берді.
Сонымен қатар №200 мектеп-гимназиясының жас кәсіпкерлерімен де таныстық. Жоғары сынып оқушыларының кәсіпке деген ынтасы көз сүйсінтеді. Адал жолымен алғашқы табыстарын тауып үлгерген
іні-қарындастарына Талғат ағалары да өз кеңесін айтып өтті.
Балаларды ерте еңбекке араластырудың ең тиімді жолы – тәжірибе. Олар маңдайтерімен табыс тапқанда жұмыс істеудің не екенін түсінеді және ақшаның құнын біледі. Ал бұл қадамнан өтіп, өзі ақша тапқан бала ата-анасын қымбат затты сатып алуға мәжбүрлемейді. Бұдан бөлек балалар болашақ мамандығы мен жолын ертерек таңдайды әрі еңбек өтілін жастайынан бастайды.
Кездесу барысында оқушылар қызықтыратын сұрақтарын қойып, Талғат ағаларының тарапынан толыққанды жауап алды. Кездесудің оқушыларға жақсы серпін бергені анық. Ол жайында өздері былай деп сөз қозғады:
—Менің есімім-Баймахан Ақбота, осы мектептің 10-сынып оқушысымын әрі мектеп президентімін. Жалпы бүгінгі өткізілген кеш маған өте қатты ұнады. Талғат ағамыздан кәсіпкерлікке, кәсіпке байланысты көптеген мәліметтер алдық. Өзім жеке мотивация алдым десем де болады. Ағамыз біздің сұрақтарымызға да дұрыс, мардымды жауап берді. Кездесу өте жақсы өтті. Ұйымдастырылу жағы да барлығы бізге ұнады.
«Өнерді азырқанба,
Айласы көп.
Білімді азырқанба,
Пайдасы көп” — дегенді өмірлік ұрандары еткен мектеп оқушылары кеш барысында күмбірлетіп күй тартып, әуелетіп ән шырқап, мың бұралып би биледі. Өз қиялдарынан туған болашақтың мамандығын таныстырды.
Бұл кездесудің негізгі мақсаттарының бірі — мектеп оқушыларына ел мүддесі үшін адал қызмет етіп жүрген ел ағаларының өмірін үлгі ету. Сондай-ақ мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру.
Мамандық бір қарағанда жәй нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақ ол бүкіл саналы ғұмырымыздың айнасы екенін ұмытпағанымыз жөн.
Мамандық таңдау – тек оқу мен диплом алу ғана емес, бұл – өз өмір жолыңды дұрыс таңдау. Сондықтан болашаққа қадам басар кезде талапкердің де, ата-ананың да «жеті рет өлшеп, бір рет кескені» абзал.
Жоғары сынып оқушыларының болашақ мамандығын таңдауға тиісті көңіл бөліп, оларға мотивация ретінде осы кездесуді ұйымдастыруға ұйытқы болған
№200 мектеп- гимназия директоры Айнура Нұрымқызын және директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары
Роза Закирянова Әшетқызы, география пәні мұғалімі Ербол Ылясовтың еңбектерін атап өткеніміз жөн деп ойлаймын.
«BILIM AINASY»,
Алматы қаласынан,
Ақерке Амангелдіқызы