Home » Мақалалар » ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУДАН ЖАҒЫМДЫ ТӘЖІРИБЕ АЛУЫМЫЗ КЕРЕК

ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУДАН ЖАҒЫМДЫ ТӘЖІРИБЕ АЛУЫМЫЗ КЕРЕК

Хохоо Ардагер,
бастауыш сынып мұғалімі,
Алматы қаласы,
«№174 мектеп-гимназия» КММ

Коронавирус пандемиясының әлемдік деңгейде белең алуы қоғам алдына көптеген жаңа шешуі қиын мәселелер алып келді. Қазақстандық білім беру жүйесіне де  осы бір сынаққа толы уақытта әлемнің басқа елдері сияқты  қысқа мерзім ішінде қашықтан оқыту форматына көшуге тура келді. Отандық қана емес, әлемдік  білім беру жүйесі үлкен, түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Білім берудің мұндай жаңа түріне, еліміздің барлық мектептерімен қатар, біздің мектеп те шұғыл кірісіп кетті. Әрине, бастапқыда, бәрімізге таңсық бұл жаңалыққа үрке қарағанымызбен, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл процесті тек қана сынақ емес, үлкен мүмкіндік деп атады.

Карантинге байланысты орын алған білім берудің бұл жаңа түрі баланың негізінен өз бетімен білім алуына жол ашып отыр. Бұрын оқушылар жаңа тақырыпты сыныпта барлығы бірге отырып түсініп, соған байланысты барлық тапсырмаларды, ұстаздардың тікелей қадағалауымен, бірлесе орындап, қажетті білім алып отырған болса, бүгінгі таңда сол жұмыстардың барлығын бала өз бетімен немесе ата-анасының көмегімен атқарып отыр.

Осыған дейін оқушылар компьютер мен смартфондарды негізінен тек ойын ойнау үшін немесе бейнефильмдер көру үшін қолданса, енді олар онымен мұғалімнің берген тапсырмаларын орындап, білім алуға болатындығына көз жеткізді. Бұл мәселеге бұрын мұншалықты ерекше мән берілмеген, бірақ ол -қашықтан білім берудің негізгі де ажырамас бір бөлігі. Балалар цифрлық технологияларды қолдануға, ата-аналардан гөрі тез бейімделеді. Біздің қазіргі мақсатымыз — тек балаларға оны саналы түрде білім алу үшін дұрыс қолдануға бағыт беру.

Қашықтан оқыту форматы ұстаздардан осыған дейін офлайн оқыту кезінде қолданып жүрген білім беру әдістерін жаңа әдістермен толықтыруды талап етіп отыр. Сондықтан да мұғалімдер, өте аз уақыт аралығында оқыту процесін бұрын соңды болмаған, тіпті тәжірибеден де өтпеген жаңа жағдайда, үздіксіз, жалғастырып қана қоймай, сонымен қатар жатпай-тұрмай ізденіп, өздерінің де әдістемелік қоржындарын толықтырумен айналысып жатыр.

Қазіргі таңда ұстаздар оқушыларға сабақты түсіндіруге негізінен «Balapan»  телеарнасы мен «Bilimland» онлайн-мектебі жасаған дайын бейнероликтерді ұсынып, қажет болған жағдайда, оны толықтыруда. Сонымен қатар, қиын тақырыптарға сыныбымыздың осыған дейін алған білімдеріне негіздеп өзіміз арнайы бейнероликтер түсіреміз. Кей жағдайда тапсырманы түсінбеген жалғыз оқушы үшін де арнайы бейнесабақ түсіру қажеттілігі туындайды. Тақырыпты әрі жеңіл, әрі жылдам ұқтыру үшін түрлі тиімді жаңа тәсілдермен қатар, бұрыннан қолданылып жүрген әдістерді біріктіре пайдаланып жатырмыз.

Қашықтан оқыту барысындағы кері байланыс жасау жұмысы білім беру процесінің негізгі де маңызды бөлігіне айналып отыр. Балалардың тақырыпты қалай түсінгендігін қадағалау мұғалім мен бала арасындағы дәнекер, яғни мессенджерлер арқылы жүзеге асырылатындықтан, сыныптағы дәстүрлі оқыту барысында (тілдесу мен әрекеттесу кезінде) қиындық туғызбайтын кейбір мәселелер онлайн режимінде қолайсыздық танытуда. Бұл жағдай әр балаға жеке-жеке көңіл бөлуді қажет етеді.

Қашықтан оқытудың тағы да бір құрамдас бөлігі ол — оқу үрдісіне ата-аналардың бұрынғыдан гөрі етене араласуын талап етуі. Бастауыш сынып оқушыларына, әсіресе, қашықтан оқыту процесінде, ата-ананың қолдауы мен көмегі ауадай қажет. Осы орайда, ата-анаға қойылатын негізгі талаптардың бірі — баланың мұғаліммен қарым-қатынас жасауына арналған қолайлы жеке орын мен жағдай жасап беру.

Қашықтан ата-ана жиналыстары да ұйымдастырылуда. Жиналыста қашықтан оқыту үрдісінің ерекшеліктері айтылып, ата-аналарды оған белсене араласуға шақырдық. Оқу үрдісіне белсене араласқан ата-ана баласының нені, қалай үйреніп жатқандығына куә болып,  сонымен қатар, ұстаздардың орасан зор еңбек ететіндіктеріне көздерін жеткізді. Дегенмен де, қазіргі уақытта «ата-ана – оқушы – ұстаз» үштігінің бірлігі бұрынғыдан гөрі нығая түскендігін айта кеткен жөн. Осы үрдісті кейін офлайн оқуға қайта көшкен жағдайда да сақтап қалуымыз керек. Қашықтан оқыту әр ұстазға, оқушы мен ата-анаға үлкен тәжірибе болды. Алайда, оқушылармен бетпе-бет отырып, күнделікті оқу үрдісін мектеп қабырғасында дәстүрлі түрде жүргізуге жетпейтіні сөзсіз. Біз қашықтан оқытудан алған тәжірибемізді болашақта дамытып, оқу үрдісіне басқаша көзқараспен қарайтын боламыз.

Қашықтан оқыту, зор мүмкіндіктермен қатар, үлкен сынақ та болып тұр. Қазіргі орын алған жаңа жағдайдағы үй тапсырмасын тексеру мәселесі ұстаздарға қосымша, менің ойымша, уақытша, қиындықтар туғызуда. Олай дейтінім, жаңаша оқытуға, әлі де болса, бейімделіп үлгермеген балалар мен ата-аналар үй тапсырмасын орындау мен оны тексеруге жіберу уақытына салғырттықпен қарап, кейде тіпті түн ортасына дейін де кешеуілдету жағдайлары орын алуда. Ал бұл мәселе өз кезегінде ұстаздардың жұмыс жүктемесінің артуына да өз әсерін тигізіп отыр.

Оқушыға сапалы біліммен қатар тәрбие де берілу қажет. Сол себептен де ұстаздар қашықтан сынып жетекшілік жұмыстардын да жүрізіп жатыр. Біз балаға саналы тәрбие беріп, қоғамда өмір сүруге дайындауымыз керек. Қашықтан оқыту барысында, әлеуметтік орта болмағандықтан, дегенмен осы мәселе шешімін таба алмайды. Балалар, әдетте, бір-бірімен тікелей қарым-қатынас жасап, әрекеттесіп, бірге оқып, бірге жүріп, бірге ойнап әлеуметтік ортаға бейімделеді. Топтық, жұптық жұмыстар арқылы олардың ішінен көшбасшылар шыңдалып шығатын. Әр бала өзіне ғана тән қасиеттеріне байланысты социумда өзіндік орнын тауып бейімделіп жүретін. Соған байланысты баланың тұлғалық қасиеттерін оятып, дамытуға болады. Ал, қашықтан оқытуда, өкінішке орай, мұндай мүмкіндіктер жоқ.

Қорыта келе, айтпағым — қашықтан оқыту мен тәрбиелеуді асыра мақтау немесе, керісінше, даттау емес. Әр нәрседен сабақ алу, әр істі өз жетістігімізге пайдалана білу — бәрімізге ортақ қағида. Бұл жөнінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов өзінің бір сөзінде «Білім беру жүйесі көптеген өзгерістерге ұшырайды, біз қашықтан оқытудан көптеген жағымды тәжірибе алуымыз керек» деген болатын. Ендеше, әр нәрседен жақсыны көре білейік.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.