Жалпы педофилия еліміздің барлық аумағында өршіп тұр. Көптеген елдер педофилдермен күресудің әртүрлі тәсілдерін қолданады. Мысалы, Америкада педофил тұратын ауданның барлық тұрғындарына ол адамның мекенжайы, қайда жұмыс жасайтыны, кімдермен араласатыны толық айтылады. Тұрғындар ол адамды таниды. Германияда педофилдерге хирургиялық кастрация жасайды. Қытайда кінәсі дәлелденсе өлім жазасына кеседі. Мұсылман елдерінде ондай адамдарға өлім жазасы кесіледі немесе таспен атып өлтіреді. Салыстыра қарасақ өлім жазасын қолданатын елдерде педофилизм көрсеткіші бізбен салыстырғанда өте төмен. Өлім жазасы оларды бұндай қылмысқа барудан тоқтатады. Бұны мойындауымыз керек.
Педофилдер өз құрбандығын таңдағанда мына ерекшеліктерге басымдық береді:
1. Құрбандық әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған (жалғызбасты әйелдердің балалары, тұрмысы нашар отбасы және т.б.);
2. Құрбандық әке-шеше тарапынан аз қамқорлық көреді (әке-шешелері балаға аз көңіл бөледі);
3. Әке-шешесі араққа салынған немесе нашақор;
4. Достықты өзінен үлкен адамдардан іздейтін балалар;
5. Басқа ересек адамның отбасында бірге тұруы және т.б.
Балалар педофилизм құрбаны болып қалмау үшін оларды үнемі бақылауда ұстау керек. Әке-шешеден басқа адамдардың сол балаларды ерекше жақсы көріп, әртүрлі сыйлықтар мен тәттілер сыйлауына мүмкіндік бермеу керек. Педофилдер өз сыйлықтарын сыйлау және ерекше жақсы көру сияқты жалған әрекеттерімен құрбандықтарының сеніміне кіреді. Сол арқылы өзінің арам ойын жүзеге асырады. Көп жағдайда балалар болып жатқан жыныстық қысымның салдарын түсіне бермейді. Олар жылдар бойы сондай әрекеттің құрбаны болып, кейін ол түсінген кезде бәрі кеш болады да, жабулы қазан жабулы күйінде қалады. Сондықтан балалардың мінез-құлқындағы өзгерістерді байқасаңыз, соның себебін бірден анықтауға тырысыңыз.
Мен үнемі айтып жүретін тағы бір мәселе, жас отау көтерген шаңырақтарда ажырасудың көбеюі. Ажырасқан жас келіншек бір немесе екі баламен басқа ер адамға тұрмысқа тағы да шығады. Көптеген ер адамдар өз кіндігінен шықпаған балаларға жаны ашымайды. Тек келіншегінің көңілі үшін ғана ол ойларын сыртқа шығара бермейді. Ал өсіп келе жатқан қыз бала үнемі көз алдында жүрген соң әйтеуір бір күні ол еркектің ойын бұзады. Қолайлы сәтті пайдаланып өзінің арам ойын жүзеге асырады. Бұл кезде бірнәрсе өзгерту сіз үшін кеш болады. Сондықтан өзің жақсы көріп үйленген адамыңмен мүмкіндігі келгенше бірге тұруға, ажыраспауға тырысу керек. Тағы бір шындық әкесіз тәрбиеленген балалар есейіп ержеткеннен кейін семья құруда қиыншылықтарға көп кездеседі. Толық семьяда өскен адам мен толық емес семьяда өскен адамдардың отбасын құрудағы статистикасында көбірек ажырасулар толық емес семьяда өскен адамдарда жиі болады. Сондықтан жастар тек өзін ғана ойламай, өзінің өмірге әкелген ұрпағының да дұрыс адам болып қалыптасуына мүмкіндік жасау үшін өмір сүру керек. Мүмкін менің пікіріммен келіспейтін адамдар бар шығар. Бірақ өмір шындығы солай.
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы,
Психологиялық орталығының жетекшісі, PhD Сақтағанов Балабек