Бұгін, 1 наурыз күні Алматы қаласы Алатау ауданындағы № 150 балабақшада Алғыс айту күніне орай «Айналайын ақ анам» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті.
Наурыздың бірі — көктемнің алғашқы күні мен қатар «Алғыс айту» мерекесі. Аталмыш балабақшада өткен мереке де ата аналар төс қағысып амандасып, «көктемге аман есен жеткенімізге шүкір» десіп, бір-біріне ыстық ықыластарын білдіріп жатты. Мерекелік ертеңгілікте ата аналар балаларының өнерлерін сүйсіне тамашаласа, жүректері қуанышқа, жүздері нұрға толған бүлдіршіндер ата анасының алдында өнер көрсеткенді мақтан көретіндей, бірі — өлеңдерін дауыстап айтып, енді бірі — көтеріңкі көңіл күйде ән шырқады.
«Мың алғыс сізге ана, мың алғыс сізге әже» деген бүлдіршіндер ата-әжелеріне гүл шоқтарын сыйлап, жүрекжарды тілектерін жеткізді.
-Бүгін баламның маған айтқан әндерін естіп, қатты қуандым.Балаларымызды білім нәрімен сусындап жатқан балабақша ұжымына мың алғыс, -деді ата-ана.
Балабақша меңгерушісі Салтанат Әбдіжаппарова қанатының астындағы балапандарына өз ризашылығын білдірді. «Көктемнің құлпырған шағымен тұспа -тұс келген мерекемен баршаңызды құттықтаймын! Басымызға амандық тілеймін. Мақсатымыз — балапандарға осындай мерекелер арқылы тәрбие беру,- деді ол.
«Bilim Ainasy»,
Жұлдыз Елеукен,
Алматы қаласы