«Мирас болған мұра»
Осындай атаумен Алматы қаласындағы №203 жалпы білім беретін мектебінде Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына арналған шара ұйымдастырылды. Оған әйгілі суретшінің қызы Гүлдария Қастеева, Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінің шетел классикалық өнері секторының жетекшісі Ақмарал Айдымбаева және орталық музейде суреттен шеберлік сыныбын өткізіп жүрген Бибігүл Кабулова қатысты.
Мектеп ішіне атақты қыл қалам шеберінің мерейтойына орай суреті салынған. Оны «көркем еңбек» пәні мұғалімі Қуандық Карбузов бейнелеген. Мұнымен қоса оқушылардың туындылары да шағын көрме ретінде қойылған.
— Әбілхан Қастеевтің бейнесін салу ойымда жүрген еді. Бұл ойымды мектеп директорына айтып едім, о кісі бірден құптай кетті. Содан осы жерге мерейтойына орай суретші атамыздың бейнесін қарапайым бормен салып шықтым. Кеше түскі он екілерде салып бастадым, кешкі тоғыз шамасында аяқтадым. Енді Әбілхан атамыздың портретін салу оңайға соқпады. Өйткені характерін, келбетін табу үшін біраз тер төгуге тура келді, — дейді Қуандық Карбузов.
Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақынқыз Гаражаева оқушыларға Әбілхан Қастеевтің өмірі мен туындыларын кеңінен таныстыру және эстетикалық өнерді насихаттау шараның басты мақсаты екенін айтты.
— Ұлы суретші Әбілхан Қастеев атамыздың 120 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар республика көлемінде аталып өтіп жатырғаны белгілі. Оқушылардың Әбілхан атамыз жайында тереңірек білсе екен деген мақсатпен біз бүгін оның туған қызы Гүлдария апамызды шақырып отырмыз. Бұл кездесу осы отырған жас ұрпақтың есінде қалып, ертеңгі күні «Біз Әбілхан Қастеев атамыздың қызымен сұхбаттастық» деп айтып жүреді деп ойлаймын. Шақыртуымызды қабыл алып, алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге алғысым шексіз,-деді шарада алғаш болып сөз тізгінін алған мектеп директоры Расима Сұлтаналиқызы.
Шара барысында Гүлдария Қастеева әкесін былайша бейнеледі: «Біздің әкеміздей адам әрбір әулетте болса екен деп тілейтінмін. Әкем өте жақсы кісі еді. Отбасында алты ұл, үш қыз болсақ, соның ешқайсысына ұрыспайтын. Сондай жуас болатын. Анамызды тыңдамай жатсақ, анамыз әкемізге қарап «балаларыңа бірдеңе десеңші» дейтін. Сонда әкеміз жай ғана істеген әрекетеміз дұрыс емес екенін ақылмен айтатын. Біз орыс мектебінде оқыдық қой, сонда мектепте ұстаздар «әке-шешелеріңмен «сен» деп сөйлесе беріңдер» дейтін. Содан біз ата-анамызға «сен» деп кеткенбіз ғой. Бір күні шай ішіп отырғанда әкем «сендер үлкен кісілерге «сен» деп айтпаңдар, «сіз» деп сөйлеңдер ескерту жасаған еді. Әкем айтатын сөзін осылай ғана жеткізетін. Сосын ол кісі гүл өсіргенді қатты жақсы көретін. Таң атпастан тұрып, ауланы сыпырып, гүлдерге су құйып жүретін, — деп сипаттады Әбілхан Қастеевті қызы Гүлдария Қастеева.
Сондай-ақ шарада Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінің шетел классикалық өнері секторының жетекшісі Ақмарал Айдымбаева музей қорында Қастеевтің біраз туындысы сақталып тұрғанын айтып, суретші салған бірқатар суретті көрсетті.
Ал орталық музейде суреттен шеберлік сыныбын өткізіп жүрген Бибігүл Кабулова мата қиындыларынан салған туындыларын көрсетіп, суреттері республикалық, халықаралық мұражайда қойылғанын айтты.
Шарада алтыншы «А» сынып оқушылары хормен «Ұстаз ана» әнін орындаса, музыка пәнінін мұғалімі Айжан Пашенбаева «Жақсы адамдар» әнін шырқады.
«Білім айнасы»,
Алматы қаласы,
Есенжол Елекенов