Home » Мақалалар » «№1 өнер мектебі» — өнер,  білім ордасы

«№1 өнер мектебі» — өнер,  білім ордасы

Бүгінгі таңда «Тәуелсіз ел тірегі – білімді, өнерлі,  саналы  ұрпақ десек» педагогтардың алдында тұрған өзекті мәселелер – білім, ғылым, өнерді жеткіншек ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттер мен қазақстандық патриотизм сезімдерін сіңіру. Қосымша білім беру жүйесіндегі мекемелерінің бірі —  1983 жылдан бастап негізі қаланған Астана қаласы Білім Басқармасының  «№1 өнер мектебі».

Мектепте: музыка, көркемөнер, хореография, театр  бөлімдері жұмыс істейді.

Музыка бөлімінде: фортепиано, домбыра, скрипка, қобыз, гитара, домбырамен ән айту, эстрадалық вокал сыныптары бар.

Көркемөнер бөлімінде: сурет, кескіндеме, композиция, мүсін, сәндік қолданбалы өнер және өнер тарихы сабақтары жүргізіледі.

Хореография бөлімінде: классикалық би, халық биі, ырғақты би және қазіргі заманғы би сабақтары жүргізіледі.

Театр бөлімінде актёр шеберлігі, сахна тілі, сахналық қимылдар негізі, ритмика, дауыс қою, театр тарихы, таңдау пәндері бойынша сабақтар жүргізіледі.

Мектепте сабақтар қазақ және орыс тілдерінде өткізіледі.

Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, жалпы өнерге баулу, өнер танымын кеңейту мақсатында, және оларға эстетикалық тәрбие алуына ұрпақтан – ұрпаққа асыл мұралар қалдыруға  өмірмен өзектес — өнер екендігін ұғындыру мақсатында мектепте 65 педагог  тер төгуде.

Жас ұрпақты сәулетті қоғамымыздың жан – жақты жетілген, жарасымды азаматы етіп қалыптастыру білім ордамыздың, аяулы да ардақты ұстаздарымыздың ерен еңбегі, бүкіл ғұмырлық мақсаты, шын жүректі тілегі.

«Ұстаздық – ұлы қызмет» — деп жазушы Әзілхан Нұршайықов ағамыз айтқандай мектебіміздің ұстаздары асқан жауапкершілік сезіммен оқушыларға тиянақты білім беріп, таусылмас қажыр қайрат жұмсай отырып, өсіп келе жатқан ұрпақты адалдыққа, адамгершілікке, Отанға деген сүйіспеншілікке, жоғары өнегелі қасиеттерге баулып, білім берудегі жаңа міндеттерді шығармашылықпен іске асырып келеді. Мектепте көпшілік мәдени іс-шаралар мен дәстүрлі мерекелерді атап өту және түрлі интеллектуалды жарыстар өткізу мен  отансүйгіштік, патриоттық сезімін арттыруға бағытталған байқаулар өткізу арқылы жүзеге асырылуда.

Соның бірі – мектептің оқу тәрбие жоспарына сәйкес, оқушыларға ұлттық және патриоттық тәрбие беру, өскелең ұрпағымызға үлгі етіп айтатын, ұлықты ұлымыз бен қызымызға  ұлттың  мәдениетін, салт – дәстүрін, тарихын терең меңгеруге үйрету мақсатында Білім күні, Отбасы күні, Ұстаздар күні, Тұңғыш Президент күні,  Наурыз мерекесіне және Астана күні, Ұлттық домбыра күні мерекелеріне орай  әр түрлі деңгейдегі іс-шаралар өткізілуде.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейде Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған күй кеші өткізілді. Оқушылар Құрманғазының күйлерін орындап, өз өнерлерін паш етті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағыттылған хореография бөлімі оқушылары арасында флешмоб ұйымдастырылды.

Мектебіміз алдына қойған мақсат, міндеттерін  жоспарлаумен қатар, өткен іске есеп беру мақсатында жыл сайын қорытынды концерт өткізеді. Өсіп келе жатқан ұрпақ – адамзаттың болашағы, жалғасы. Артта  қалған ұрпақ саналы болса, адам баласының жер бетінде жасауы да сан ғасырларға жалғаса береді. Білім күші құдіретті. Ол бар жерде үздіксіз даму үрдісі жүреді.

В.А. Сухомлинский оқушылардың ата – аналарымен жұмыс істеудің мазмұнына ерекше назар аударып: «Тек ата – аналармен бірге жалпы күш жігерді біріктіру арқасында мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бақытты беруі мүмкін», — дейді. Олай болса, отбасы мектеп пен бірге тәрбиелік ортаның тұтастай негізгі ықпал ету факторларын жасайды.

Сондықтанда педагогикалық әрекетте мектептің жалпы міндеттерінің көлемінің кеңдігіне қарамастан ата – аналармен жұмыстың маңызы ерекше. Мұғалім – мектептің айнасы, бәйтерегі. Мұғалім еңбегінің әлеуметтік мәніне, елдің мәдени өміріндегі белсенді рөліне кезінде қазақ зиялылары көп көңіл бөлген. Ахмет Байтұрсынұлы «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді, басқа кемшілігі болса, мұғалімнің жақсылығы жабады, білдірмейді” – деген болатын. Мұғалім білім нәрін себуші, мұғалім жақсы білімді болса, білген білімін алдында отырған шәкірттеріне үйрете білсе, ол мектептен бала көбірек білім алып шығады. Мектеп ұстаздары осы ұстанымды назарға ала отырып, жыл сайын өз біліктілік дәрежелерін арттырып, үнемі жаңашылдыққа ізденіс үстінде.

Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз.

Әр шаңырақтың үміт күткен ұл-қыздары ұстаздардың білімдеріне жүгініп, сеніп келеді. Ел ертеңі болып табылатын ұландардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда ұстаздардың үлестері орасан мол. Осындай нәтижелі еңбектің арқасында мектеп оқушыларының жетістіктері ұшан теңіз, олар әртүрлі  қалалық, республикалық және  әлемдік байқауларға қатысып, жүлделерге ие болуда.

Қазақстан бүгінде ұлттар мен ұлыстар мекендеген достық пен туысқандықтың, ынтымақ пен ырыстың ордасы. Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықтар достығы бірлік пен татулық орныққан елдің жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан болуы керектігін ұлы міндет етіп қойды.

Қазақстан Республикасын мекен еткен 130 дан астам ұлт өкілі күні бүгінге дейін ынтымақтастыққа, бір үйдің баласындай тату-тәтті жарасымды тіршілік кешіп келеді. Жүзі басқа болғаны мен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды, сондай-ақ қазақ халқының қарапайымдылығы, қонақжайлылығы, бауырмалдылығы үшін ерекше бағалайды, бастысы-өздері қоныс тепкен Қазақстан жерінің барлық ұланымен ауыз бірлікте, туыс болуды көздейді. Осы орайда, жыл сайын дәстүрлі түрде жалпы білім беру мекемелері арасында өзге ұлт өкілдері балаларының арасында қазақтың ұлттық домбырасын насихаттау арқылы өнерлерін дамыту мақсатында «Домбыра-дастан» атты қалалық домбырашылар байқауы  өткізіледі.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру және қазақтың ұлттық өнерін дәріптеу, тарихын білу мақсатында 2018 жылдың 27 қараша күні «Абыз – домбыра…» V қалалық күйшілер мен ән-термешілер байқауы өткізілді. Байқауда елорда мектептерінен 64 оқушы қатысып, бақтарын сынады.

Жуырда Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Тарих өткелдері» атты мектебіміздің 35 жылдық мерейтойы жоғары дәрежеде өткізілді. Бұл өнер мектебінің отыз бес жылдық тарихының өзіндік қорытындысы, онда музыкалық, хореографиялық, театр бөлімдерінің оқушылары өнер көрсетіп, жас суретшілердің бейнелеу жұмыстарының көрмесі ұсынылды.

Мерейтойлық концерт «Тарих өткелдері», «Арман», «Рухани жаңғыру» атты үш бөлімді қамтыды.

Жас музыканттар, театралдар, бишілер мен суретшілер құрметті қонақтар алдында үлкен жауапкершілікті сезініп, өнер мектебіндегі өздерінің таланттары және қабілеттерін көрсетті.

Мектепте әр түрлі байқаулар, іс – шаралар өткізу барысында оқушыларымыз өздерінің шығармашылық мүмкіндіктерін ашуға,  дарынды балаларды анықтап оларға қолдау көрсетуге, ашылмай жүрген өнерлерін көрермендер назарына ұсынып, жеңіске жетулеріне үлкен жол ашады деген сенімдеміз.

Бүгінгі қосымша білім беру жүйесінің мақсаты тек мектептен тыс білім, білік дағдыларын меңгерту ғана емес, өзін-өзі дамытуға ұмтылатын, ақылды да алғыр, әр түрлі салада  өнердің өрендерін, ақпарат көздерін өз бетімен қорытып қолдануға қабілетті, абзал адам  тәрбиелеу болып табылады. Қоғамға білімдар, алдыңғы қатарлы тұлғалар керек. Әрбір оқушының ой-өрісі кең, танымдық қабілеті жоғары, шығармашыл, дарынды тұлға болуы мектептегі, я болмаса мектептен тыс ұйымдардағы мұғалімдерге ғана емес, отбасындағы тәрбиеге, ата-ананың жауапкершілігіне де үлкен сын. Сонда ғана мемлекеттің басқа дамыған елдермен терезесі теңеліп, мәртебесі артады.

Олай болса, осы білім ордасының жаңа буын ұрпақтарын тәрбиелеу және оларға қосымша білім беру саласында атқаратын еңбектері мен жетер жетістіктері, бағындырар белестері әлі алда.

Алтынбаева Эльмира Бөкенбайқызы,
Астана қаласы, «№1 өнер мектебі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.