Наурыздың шуақты мерекелерінің қарсаңында Астана қаласындағы Халықаралық Бакалавриат пен физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде BookStart жобасы орын алды.
Ата-аналар мен балалар арасындағы тығыз қарым-қатынасты кітап оқу іс-әрекеті арқылы қалыптастыру, отбасылардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын ояту, ерте жастан кітап пен оқырман арасында байланыс орнату мақсатында ұйымдастырылған жоба аясында мектеп оқушылары Астана қ. «Аналар үйіне» барып келді.
Мекемеде тәрбиеленіп жатқан сәбилерге және олардың аналарына 100-ге жуық кітап және ойыншықтар табысталды.
Осыдан алдын 2 ай көлемінде Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектеп оқушылары әлеуметтік жоба аясында қайырымдылық жәрмеңкелерін ұйымдастырды. Нәтижесінде жиналған қаражатқа кішкентай бүлдіршіндірге арналған дамытушы кітаптар мен ойыншықтар сатып алынды.
Жалпы BookStart жобасын ең алғаш рет 1992 жылы Англиядағы Бирмингэм университетінің профессорлары Barry Wade және Maggie Moore бастаған болатын. Бүгінгі таңда жоба көптеген мемлекеттерде ауқымды түрде жүзеге асырылып жатыр.