ӨТШТ технологиясын мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде қолдану – әсіресе, бала тілін дамытуда аса маңызды орын алады, оны жүйелі пайдалана білген әрбір тәрбиеші баланың санасын арттыра отыра, түсінігін кеңейтіп, сөздік қорын молайтып, ұғымын байытады. Сонымен қатар, баланың ойлау белсенділігі артады, тілдері ширап, өз бетімен жұмыс түрі дамиды, өз ойын еркін жеткізе білуге талпынысы пайда болады. Бала — біздің болашағымыз десек, сол балаға жүйелі білім беріп, ынта-ықыласын дұрыс бағыттауды, қабілет-қасиеттерін дамытуды балабақшадан бастау керектігі бәріне мәлім. Мектепке дейінгі білім беру стандарты мектепке дейінгі тәрбиемен мектепалды даярлық топтарында педагогикалық үрдісті ұйымдастыруда жаңашыл әдіс-тәсілдерді пайдалануға мүмкіндік береді. Балабақшада жаңа педагогикалық технологияларды пайдалану: оқыту мен тәрбиелеуде инновациялық ойын технологиясының элементтерін пайдалана отырып, жан-жақты, білімді, құзыретті тұлға тәрбиелеу менің жұмысымның басты және де өте маңызды мақсаты.
«Бала біздің болашағымыз, қоғамның азаматы»,-демекші, педагогикалық технологияда ең маңызды жағы — білім беру мен тәрбие жүйесінде ересектер мен балалардың қарым-қатынасы болып табылады.
Ал оның басты мақсаты — баланы жеке тұлға етіп қалыптастыру.
Қазіргі таңдағы білім беру технологиясының қатарына мыналар кіреді:
—Денсаулық сақтау технологиясы.
-Жобалы-іс шығармашылығы.
-Ізденіс-шығармашылық технологиясы.
-Қатынастық-ақпараттық технология.
-Жеке тұлғаға бағыттау технологиясы.
-Бала мен тәрбиеші портфолио технологиясы.
-Ойын технологиясы.
-Триз технологиясы
ӨТШТ — өнертапқыштық тапсырмаларды шешу теориясы. Осы технологияның басты идеясы – техникалық жүйелер «қалай болса, солай емес», нақты заңдылықтар бойынша пайда болады және дамиды.
Қазіргі таңда технологиялық ӨТШТ амалдары мен әдістері мектепке дейінгі жастағы балалардың өнертапқыштық түсінігін, шығармашылық қиялын диалектикалық ойлауын дамыту үшін балабақшаларда қолданылады. ӨТШТ-ның мақсаты – балалардың фантазиясын дамытып қана қоймай, болып жатқан үрдістерді түсіне отырып, жүйелі түрде ойлауға үйрету. Тәрбиешілерді балалардың қоршаған ортаның бірлігі мен қайшылығын түсінуге қабілетті, өздерінің ұсақ мәселерін шеше алатын шығармашылық тұлғаның қасиетін практикалық тәрбиелеу бойынша құралмен қамтамасыз ету.
Мектепке дейінгі жастағы балалар үшін ӨТШТ технологиясы – тәрбиешілерге арналған жан-жақты әдістемелік ұсынымдары бар ұжымдық ойындар мен сабақтар технологиясы. Барлық сабақтар мен ойындар баланың тақырыпты, материал мен қызмет түрін өзі таңдауын болжайды.
Шығармашылық зерттеу міндеттерімен үнемі бетпе-бет келу, ешкім әлі жауабын білмейтін міндеттермен кездесу. Ерте жастан бастап, баланы жүйелі ойлауға шығармашылық тұрғыдағы мәселелерді шешуге үйретуге болады. Балаларға шығармашылық тапсырмалар бере отырып, келесі дидактикалық қағидаларды ескеру қажет: Еркін таңдау қағидасы. Ашықтық қағидасы. Қызмет қағидасы. Кері байланыс қағидасы. Идеялық қағидасы. ӨТШТ сабағында тәрбиеші балалармен жұмыс жасауда негізгі құрал етіп, педагогикалық ізденісті таңдап алған дұрыс. Педагог балаларға дайын білім беріп қана қоймай, баланы білімді іздеуге үйретуі тиіс.
Шығармашылық өнертапқыштық тапсырмаларды шешуге оқыту бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. ӨТШТ бағдарламасы бойынша келесі жұмыс кезеңі – ертегі тапсырмаларын шешу және арнайы әдістер арқылы жаңа тапсырмаларды ойлап табу. Барлық жұмысқа балалар қызметінің алуан түрі енеді – ойын қызметі, сөйлеу, бейнелеу, аппликация, құрылымдау т.б. Соңғы кезеңде, алынған білім, түйсікке сүйене отырып, мәселелерді шешудің соны әдістерін пайдалану арқылы бала кез келген күрделі жағдайдың шешу жолын табуды үйренеді. Мұнда тәрбиеші тек бақылайды, бала өз күшімен, ақылы мен шығармашылық әлеуетіне сенеді. Жағдайлар алуан түрлі, адам қызметінің кез-келген саласынан болуы мүмкін. Балалар тәжірибелік жағдайға қойылады, онда шешімді тез қабылдау керек.
ӨТШТ технологиясы тәрбиешілер мен балаларға шығармашылық әдістері мен құралдарын таңдауды үйретеді. Ересектер мен балалар бір құралды меңгере отырып, ортақ тіл табысады, бірін-бірі түсінеді.
Балабақша жағдайында балалардың шығармашылық қабілеттерінің дамуы түрлі бағыттағы қызметті болжайды. Бұл жұмыс бала мен педагогтың бірлескен шығармашылық жұмысы мен достарымен араласуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ӨТШТ – ақылдылардың, құрастырушылардың, ізденушілердің символы, яғни балалардың қаншалықты абстрактілі ойлауын, қиялдауы мен бақылағыштығын, зейіндерін ертерек дамытудың жолы. Тапқырлық тапсырмаларды шешу теориясы арқылы мектепке дейінгі балалардың тілдік құзіреттіліктерін дамыту, арттыру жолдарын қарастыруды алға қою керек.
Қортындылай келе, ӨТШТ технологиясының ерекшелігі: ойын, тапсырмалар, жаттығулар арқылы балалардың тілдік құзыреттіліктерін жетілдіру, жұмыс барысында қолдану болып табылады.
ХАСЕНОВА Шолпан Бариевна,
Павлодар қаласы
№16 сәбилер бақшасының даярлық тобының тәрбиешісі