Home » Жаңалықтар » Өскелең ұрпаққа өнеге болған Наурыз той

Өскелең ұрпаққа өнеге болған Наурыз той

Ұлыстың ұлы күні, жыл басы Наурызды тойлауды Елорданың мектеп оқушылары ерекше атап өтуде. Астана қаласы №66 мектеп-лицейінің 1 «А» сынып оқушылары ата-аналарының бастамасымен және қолдауымен, сынып жетекшісі Айгүл Таутанқызының жетекшілігімен ұлттық өнер мен дәстүрді насихаттайтын ерекше мереке ұйымдастырды.
Ұлттық тағамға толы дастарханы мен оюлы көрпесі жайылған қос ауыл қазақ үйлерін тігіп, оның ішін сән мен дәмге толтырып, өзара сайысқа түсті. Балалар мен ата-аналар Баянауыл мен Бурабай ауылдары болып өнер көрсетті. Дәстүрмен таныстырып, ұлттық ойындарға қатысып, белсенділік танытқан балалар мектеп ұстаздарының әділ бағасын алуға тырысты.
Әділ қазылар құрамында  директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары – Хабаров Мақсат Саматұлы бастаған ұстаздар, атап айтқанда: Светлана Төкенқызы, Сәуле Базылжанқызы, Феруза Әбдіуәлиқызы болды. Ал бұл дүбірлі Наурыз думанның тізгінін алты жасар қос жүргізуші – Айтолқын Байғожа мен Сұлтан Ботай ұстады.
«Наурыз – мерекем, Наурыз – берекем» атты ұлттық думан 7 сайыстан тұрды. Ақ түйенің қарны жарылған күнде қазақ халқының дастархан молдығын паш ету үшін әр ауылдың үлкені мен кішісі бірігіп, қазақша ет, наурыз көже, ірімшік пен жент сынды сан алуан ұлттық тағам түрлерімен таныстырды. Мереке болып жатқан әр ауылдың бүлдіршіндері би мен әннен шашу шашып, өнерін ортаға салды. «Сәнді шаңырақ» сайысында әр ауыл қазақ үйдің қайсысы үздік безендірілгенін дәлелдеу керек болды.
Мұнда тұскиіз, сандық, домбыра, құрақ көрпе, оюлы жастықтан бөлек, қазақ халқының өмір салтында кездесетін, тарихи жәдігерлерге толы элементтері бар дүниелердің болуы маңызды рөл атқарды. Балалар ұлттық құндылықтарды дәріптейтін жырларын оқып жатты. Олардың ішінде Алтынбек Нұралин, Жәния Өзбек, Мейіржан Зәки, Санжар Әкімжан, Ерсұлтан Таңатаров сынды  және тағы да басқа алғыр өрендер болды.
«Өнерлінің өрісі кең» деген ұранды ұстанған әр ауылдың мың бұралған жас бишілері көрерменнің қошеметіне бөленді. Тойшыл қауымды Баянауылдықтардың «Қаражорғасы» тәнті етсе, Бурабай ауылының аналары мен қыздары шырқаған ән киелі аспап домбыраға арналды.
Ал «Салт-дәстүрім – қазынам» сайысында әр ауыл бір-бір салт-дәстүр түрін көрсетіп, ол жоралғының мән-мағынасын түсіндірді. Айталық, ауыл балалары мен жас келіндері үшін, бесікке бөлеу дәстүрі қызықты болды. Сонымен қатар, тұлымды баланың шаш қою әдебі туралы да дәл осы сайыста айтылды.
Наурыз мерекесіне жоғары деңгейде дайындалған мектеп оқушыларының ұлттық киімі  көздің жауын алып, бірінен-бірі асып түсіп жатты. Сондықтан да «Ең үздік ұлттық киім» сайысы олар үшін ең қызық жүлде болды.
Бұрымды қыздар мен тұлымды ұлдардың арасынан үздік ұлттық киім номинациясын таңдау қиынға соққанымен, төрешілер  өз таңдауын жасады. Мерекелік көңіл күймен аяқталған шарада үздік оқушылар мен өнегелі ұстаздың еңбегі ескеріліп, естелік сыйлықтар таратылды. Ал өз ұрпағының келешегін ойлап, киіз үй құрудан бастап, дастарханды дәмге толтыруға дейінгі түрлі сайыстарды ұйымдастыруға зор жауапкершілікпен атсалысқан белсенді, жанашыр, ұлттық санасы биік ата-аналарға да ұстаздар қауымы өз алғыстарын білдірді.
Наурыздың игі дәстүрімен, екі ауылдың өкілдері бір-бірімен төс қағыстырып, көрісіп, Ұлыстың ұлы күнімен қызу құттықтап жатты, себебі мұндай думанда ең алдымен, достық жеңері анық еді.
Дархан көңіл, ақ ниеттің мерекесі Наурыз балалардың да, ата-аналардың да санасында ұзаққа сақталары сөзсіз. Осындай нағыз төл мерекемізді өскелең ұрпаққа насихаттау – рухани жаңғырудың айқын көрінісі болса керек.

Ақбота Бағыбаева,
Алма Сайлауқызы,
Астана

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.