Мұғалім – мектептің жүрегі, тәрбиенің тірегі. Мұғалім – мәртебелі мамандық. Дегенмен, бүгінде заманның талабына сай ұстаздар қауымы да үнемі ізденісте болып, жан-жақты жетіліп отыруы тиіс. Әйтпесе, көштен қаласың. Білім мазмұнын жаңартуда басты рөл, әрине, мұғалімге жүктеледі десек, оқыту сапасы мұғалімнің біліктілік деңгейіне тәуелді болатыны анық. Осы тұста күрделі де, игі мамандық иелеріне демеу болар, тірек бар. Ол «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамы. Осы орталықтың арқасында ілімін ілгерілетіп, тәжірибесін толықтырып, деңгейін жоғарылатқан мұғалімдер қауымы аз емес. Түрлі салмақты семинар-тренингтерге қатысып, ашық сұхбат алаңдарында пікір таластырып, саланың сан мәселелеріне де мұғалімдер өз үндерін қосуда. «Өрлеу» өрені өсіріп, өрге бастаған күшке айналды. Жалпы, елдің түкпір-түкпірінен жасы мен жасамысы да орталықтың шарапатына кенелуде.
2012 жылдан бастап біліктілікті арттырудың ұлттық жүйесі Қазақстан Республикасы педагогикалық кадрларының кәсіби дамуын ұйымдастырудың ескі мазмұнын, формалары мен әдістерін ауыстыруға, өзгертуге нұсқау алды. Білім беру жүйесінің деңгейі көбіне жаңалықтар санымен және олардың қолданылу дәрежелерімен өлшенеді. Жаңалықтар болса, білім беру жүйесін әрі қарай дамытуды басқаруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта осы бағытта қадам жасап, педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты отандық білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістерді тәжірибеге енгізуді қолға алуда. Жаңалықтарды саралау кезінде оның өзектілігі мен тиімділігі және жоғары нәтижелілігі басты өлшем ретінде алынды.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамы еліміздің жаңартылған білім мазмұнын іске асыру, өзгермелі өмір жағдайында қазақстандық мұғалімдердің үзіксіз кәсіби даму дайындығына ықпал ету, әдістемелік жұмыстардың тиімділігін қамтамасыз ету сияқты білім берудегі инновациялық процестерді жүзеге асыруға бағытталған. Аталған мақсаттар оқу барысында ғана емес, одан кейінгі кезеңде де өз жалғасын табады. Бағдарлама мазмұны бойынша біліктілік арттыру институтында оқыту аяқталғаннан кейін мектеп мұғалімінің тәжірибесіне өзгерістер енуіне байланысты оның іс-әрекетінің жаңа, маңызды кезеңінің басы – курстан кейінгі жұмыстар да қарастырылады.
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында аталған мәселе бойынша жұмыстар дұрыс жолға қойылып, бүгінгі таңда облыс аудандарының білім бөлімдерімен, оның әдістемелік кабинеттерімен серіктестігі аясында жүзеге асырылуда.
Жалпы, «Өрлеу» АҰО АҚ қызметінің басты бағыты ел аумағымен шектелу емес. Әлемдік жетекші білім ұйымдарымыен тығыз байланыс орнатып, соның жемісін өзіміздің педагогтарға ұсыну. Солай істеліп те жатыр. Қаншама мұғалім өз пәні бойынша және басқа да бағыттарда біліктілігін арттырып, салмақты сертификатты қанжығалап жатыр. Қорыта айтқанда, кәсіби білікті және бәсекелестікке бейім, шығармашылық әлеуеті жоғары мамандары тұрғанда, институт ұжымы діттеген мақсатына жетіп, қолға алған жұмысын абыроймен атқарады.
З.А. Калижанова
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды облысы
бойынша ПҚ БА институтының академиялық
бөлімінің басшысы