Home » Мақалалар » ӨРЛЕУДІҢ ӨЗГЕРМЕЛІ ӘЛЕМДЕГІ ӨЗЕКТІ ІСТЕРІ

ӨРЛЕУДІҢ ӨЗГЕРМЕЛІ ӘЛЕМДЕГІ ӨЗЕКТІ ІСТЕРІ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында мемлекетіміздің дамуының аса өзекті сауалдарына толықтай жауап берген. Бұл маңызды құжатта Елбасы Төртінші өнеркәсіптік революцияның мүлде жаңа жағдайында Қазақстанды жаңғыртудың нақты бағдарламасын ұсынған, Қазақстан халқын болашақтағы әлемдік құрылымның іргелі түрде өзгеруіне, орын алуы ықтимал барлық қатерлер мен қауіптерге жан-жақты дайын болуға шақырған. Өйткені, жаңа технологиялардың адамзат баласы өміріне кеңінен енуі Жер шарындағы экономикалық ұстанымды, адамдардың өмір сүру салтын, жұмыс күші нарығын түбегейлі түрде өзгертеді. Жолдау осыған дейін қабылданған «2025 жылға дейін Қазақстан Республикасын дамытудың стратегиялық жоспары» және «Қазақстан – 2050 стратегиясының» орындалу тетіктерін байыта түсері сөзсіз.

Жолдауда Елбасы еліміздің әлемдегі дамыған озық елдерінің қатарына ену үшін аса қажетті 10 міндетті атап өтті. Бұл міндеттердің барлығы да қазақстан қоғамының экономикалық, саяси, әлеуметтік және рухани жақтарының өзекті бағыттарын қамтиды. Ел экономикасын жедел түрде индустрияландыру мен цифрландыру, инновациялық технологияларды ендіру, IT саласын және инжирингтік қызмет түрлерін жетілдіру, «жасыл» экономикаға көшу және баламалы энергия көздерін кеңінен пайдалану мәселелері күн тәртібінде тұр.

Жолдаудың бір ерекшелігі – мұнда білім саласының барлық сатылары бойынша нақты міндеттер айқындалған. Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет екеніне басты назар аударылып, адам капиталын дамыту стратегиялық тұрғыдан маңызды міндет екені атап көрсетілген. Қазіргі таңда адами капитал қоғамның потенциалын айқындайтын шешуші факторлардың бірі болып табылады.

Осы жерде әлемде өз дамуы барысында білім саласында тиімді реформалар жүргізіп, солардың нақты жемісін көріп отырған мемлекеттер аз емес екенін айта кеткен жөн. Мысалы, Сингапур, Малайзия, Финляндия, Норвегия, Германия, Ұлыбритания секілді дамыған елдер заман талабына, халықтың сұранысына, тарихи қалыптасқан ұлттық дәстүрге сәйкестендіріп, әр оқушының қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған оқыту бағдарламалары арқылы білім беруде. Яғни, адам капиталын дамытуға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруда.

Жолдауда орта білім саласына қатысты «Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады. Бұл — мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады» — деп көрсетілген.

«Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» акционерлік қоғамында, оның барлық филиалдарында 2016 жылдан бастап жаңартылған мазмұнға көшуге арналған курстар кеңінен өткізілуде. «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында бұл курстарда 2016 жылы 2168 тыңдаушы, 2017 жылы 3125 тыңдаушы біліктіліктерін арттырса, 2018 жылы 2872 тыңдаушының біліктілігін арттыру жоспарланған.

Жаңартылған мазмұнға көшуге арналған курстар бағдарламалары негізінде оқушылар қоғамда өмір сүруге; алған білімдерін өмірде қолдана алуға, яғни, функционалдық сауаттылыққа; әртүрлі мәдениет өкілдерімен жұмыс жасай алуға, идеялар мен көзқарастарды бөлісуге; өз бетінше әрекет етіп, шешім қабылдауға; азаматтық құндылықтарды қалыптастыруға; сыни тұрғыдан ойлай алуға; ғылыми-зерттеушілік және жобалау жұмыстарын кешенді бағдарламалар негізінде жүргізе алуға үйренеді және дағдыланады.

Жолдауда «Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек. Бұл – жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты» — делінген.

«Өрлеу» БАҰО» акционерлік қоғамында, оның барлық филиалдарында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтеріне, инклюзивті білім беруді дамыту бағытында арнайы коррекциялық интернаттық ұйымдар тәрбиешілеріне, педагог-психологтерге, «Жалпы адамзаттық құндылықтар» бағдарламасы бойынша «Өзін-өзі тану» педагогтеріне, әлеуметтік педагогтерге, работотехниканы дамытуға және «Өлкетану» пәні бойынша жаңа білім беру бағдарламалары жасалынып, еліміздің ұстаздары біліктілік арттыру курстарында жаңа мазмұн негізінде жаңа технологияларды табысты игеруде. Сонымен қатар, аралас оқытуға негізделген біліктілікті арттырудың мүлде жаңа бағыттағы Blended learning курстары ұйымдастырылып, педагогтер өз жұмыс орындарында еңбек ете жүріп, «Өрлеудің» білім порталында ілінген контенттер арқылы қашықтықтан біліктілік арттыру курстарынан өтуде.

Дана халқымызда «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» — деген қанатты сөз бар. Қазіргі Төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде еліміздің білім беру жүйесі деңгейін Әлемдік стандарттарға сәйкестендіру міндеті замана талабынан туындап отыр. Отандық білім беру жүйесі ең алдымен жаңа технологияларды батыл қолданатын, еңбек өнімділігін тұрақты арттыратын, үздік Әлемдік стандарттар негізінде жұмыс жасайтын мамандар даярлауға басты назар аударуы қажет. Ол мамандар өз кезегінде қоғамның сұранысына сәйкес мөлшерде даярлануы қажет.

«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұжымы Жолдауды Қазақстанның түпкі дамуының бағдары, елімізді жаңа дәуірге бастайтын стратегиялық жоспар деп қабылдады.

Елдің экономикалық және ғылыми-техникалық дамуы, бәсекеге қабілеттілігі, ұлт болашағы, адам капиталының деңгейі мен мемлекеттің қауіпсіздігі сол елдің білім беру жүйесінің дамуы мен білім сапасына тікелей байланысты, ұстаздың білімі мен білігіне байланысты. Ұстаздың қоғамдағы орны жайлы кезінде қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын мұғалімдікі»- деген еді. Жолдауда мұғалімнің мамандығының мәртебесін жоғарылату мақсатында ұстаздардың еңбекақысын айтарлықтай көтеру міндеті қойылған.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл», — дейді дана халқымыз. Ендеше, тұғыры биік тәуелсіз Отанымыздың дамып, Әлемдік өркениеттің төрінен өзіне лайықты орнын ойып алуы жолында жұмыла еңбек етейік!

 

 

Бауыржан Елеусінов,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы,
Қызылорда облысы,
бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры, профессор

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.