Атам заманда қолға үйретіліп, адамзат баласының жан серігіне айналған жылқы түлігі – қазақ халқының ең қасиетті, ең қадірлі малы және тектіліктің бірден бір нышаны. «Жылқы мінезді» деген теңеу де қазаққа ғана тән. Бұлай өзінің жаратылысына жылқыдан ұқсастық іздеу – тек қазақта ғана бар қасиет, әрі бұл – қазақтың осы түлікке деген аса жоғарғы құрметінің белгісі. Расында да жылқы үлкен қасиетке ие. Басқасын айтпағанда жылқының құлыны дүниеге келген алғашқы сәттерінде-ақ тәлтіректеп орнынан тұра бастайды да, артынша құлдыраңдап шауып жүреді. Және өте сүйкімді болады, көрген жанның қалт тұра қалып, жалт бұрылып қарамай өтуі мүмкін емес.
Осылайша алғаш құрылған сәтінен бастап-ақ елді елең еткізіп, жұртты өзіне жалт қаратқан жылқы мінездес «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының бабы да, бағы да келісіп нағыз тұлпарға айналған шағына бүгінде куә болып отырмыз.
«Өрлеу» еліміздің білім жүйесіне тың серпін алып келді. Біздің филиал тренерлерінің өткізген алғашқы ІІІ (базалық) деңгейлік курстары есімде. Тренер Ақбілек Жұмабаеваның курс өткізген аудиториясы біздің жұмыс кабинетіміздің қасында болды. Курсқа келген педагогтердің басында «Тәйт!» десең, қаша жөнелгелі тұрған үркек қоян кейпінде көздері жыпылықтап, тосырқай қарап тұрған сәттері… Артынша дуылдап бірінің білмегенін бірі толықтырып, аудиторияны қызу пікірталас алаңына айналдырғаны… Айналасы бірер аптаның ішінде жүріс-тұрыстарына дейін өзгеріп, жаңа кейіпке енуі… Бәрі-бәрі де көз алдымызда өтті. Курс соңында олар маған ауыздығын қарш-қарш шайнап, тұяғымен жер тарпып, аламан бәйгеге түскелі тыпыршып тұрған тұлпар тәрізді әсер қалдырып еді…
Ия, олар біліктілік арттырудың деңгейлік оқу курстарынан өткен педагогтердің алғашқы легі болатын. Олар әріптестерін, шәкірттерін елең еткізіп, мектепке мүлдем жаңа леп алып барды. Жаңаөзен қаласының №3 орта мектебінің орыс сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, деңгейлік бағдарламалар курсынан өтіп, ІІІ деңгей сертификатын алған педагог Салтанат Оразованың сол кезеңдерде берген сұхбатында айтқан мына бір әңгімесі ойға оралып отыр: «Мен 7-8-сынып оқушыларына сабақ беремін. Бұл жастағы балалардың мінездерінің құбылмалы, аумалы-төкпелі болатыны белгілі ғой. Дегенмен, сабақтарымда қолданып жүрген жаңа әдіс-тәсілдерді балалар жақсы қабылдады, қызығушылықтары жоғары. Жақында қалалық семинарда Сочи олимпиадасымен байланыстырып, «Спорт» деген тақырыпта ашық сабақ өткіздім. Түрлі-түсті қағаздан «Алтын», «Күміс», «Қола» медальдар дайындадым. Балалар өздері ізденіп, ойланып, бір-біріне көмектесіп, сабаққа бәрі де белсенділікпен қатысты, Отанымыздың көк туын көкте желбіретуге тырысты.
Рас, күн сайын сабақты түрлендіріп өткізудің өзіндік қиындығы бар. Бірақ сабағың жақсы өтіп, балалар белсенді қатысып, нәтижеге жетіп жатсаң, шаршағаныңның бәрін ұмытып кетесің. Кейде тақырыпқа байланысты оқушылар топтарының атын өздері тауып қояды. Менің мүлдем ойыма келмеген аттарды атағанда, олардың тапқырлықтарына таң қалып, еріксіз таңдай қағамын. Бұрын мұғалімдік мамандықты қызықсыз, бірсарынды көруші едім. «Өрлеуде» өткен курс бәрін өзгертіп жіберді. Ойыма небір идеялар келіп жатады. Мамандығыма деген құрметім артты, әр сабаққа зор құлшыныспен келемін».
Бұл бір педагогтің ғана пікірі емес, осы жылдар ішінде біздің филиалға келіп, біліктіліктерін арттырған мыңдаған педагогтердің ой-пікірлері де осыған саяды.
Филиал орналасқан ғимаратқа қай уақытта бас сұқсаң да, қайнаған қызу жұмыстың үстінен түсесің. Мұнда біліктілік арттыру курстарымен қатар, түрлі деңгейдегі семинарлар, дөңгелек үстелдер, конференциялар, т.б. курсаралық шаралар өтеді де жатады. Сондай шараның бірі де бірегейі Институтымыздың құрылғанына 40 жыл толуына орай өткен — «Маңғыстаудың педагогикалық тарихы: халықаралық байланысты дамыту болашағы және тәжірибесі» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция. Осы мерейтойлық датаны жоғары дәрежеде атап өтсек деп, институт директоры Индира Таумышқызы Жұмағалиева бірнеше жылдан бері айтып жүрген еді. Бәрі оңынан оралып, «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының құрылғанына 1 жыл, Маңғыстау облысына 40 жыл, Ақтау қаласына 50 жыл толған мерейлі мерекелермен біздің мерейтойымыз да тұспа-тұс келе кетпесі бар ма?!
2013 жылдың алтыншы желтоқсаны күні өткен бұл шара терең мазмұндылығымен бірге тағылымдық мәнімен де, ерекше сән-салтанатымен де есте қалды. Несін айтасыз, «Көрген де арманда, көрмеген де арманда» деп айта қаларлықтай шара болды.
Қыс әлі қаһарына міне қоймаған шақ. Ерке қыздың мінезіндей құбылып тұратын табиғат тосын мінез көрсетпесе екен деген тілегіміз қабыл болып, күн тып-тынық болды. Конференцияның бірінші бөлімінде 4 секция бойынша институттың деңгейлік бағдарламалар орталығының басшысы Ж.Н. Нығметтің жетекшілік етуімен «Біліктілікті арттыру жүйесінің жаңа форматы: беталыстары және келешектегі даму жолдары» тақырыбында шеберлік сыныбы, институттың академиялық бөлімінің басшысы Ж.Д. Дүйішқызының жетекшілігімен «ХХІ ғасырдағы педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру: дәстүрлі әдістер және инновация» атты дискуссия, институттың жаратылыстану-ғылыми (гуманитарлық) пәндерді оқытудың инновациялық технологиялары мен әдістері кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к. А.Б.Қабылованың жетекшілігімен «Маңғыстаудың педагогикалық кеңістігі: тарихи аспект (беталыстары, проблемалары, келешегі). Өңірлік оқулықтардың компоненттерін көрсету және ұсыну» атты семинар-көрме, институттың деңгейлік бағдарламалар орталығының қызметкері З.Әбішеваның жетекшілігімен «Үздік қазақстандық және халықаралық тәжірибелердің негізінде біліктілікті арттыру мазмұнын модернизациялау» тақырыбында тренинг-семинар ұйымдастырылып, бұл шараларға Ақмола, Павлодар, Жамбыл, Атырау, Алматы облыстарынан келген конференция қонақтары, сондай-ақ облысымыздың аудан, қалаларынан ІІІ деңгейлі білім сатысы оқуларынан өткен педагогтар және институт қызметкерлері қатысты.
Конференцияның пленарлық отырысы Маңғыстау облысының білім саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагер ұстаздар, институт қызметкерлері, облыстың білім беру ұйымдарының басшылары және ұстаздардың қатысуымен Каспий теңізі жағалауындағы «Caspian Riviera Grand Palace» қонақ үй кешенінде өтті.
Бейнебір Каспийдің асау толқындары ертегілер елінен жағаға әкеліп орната салғандай ғажайып «Caspian Riviera Grand Palace» сән-салтанатымен өткен-кеткенді өзіне еріксіз арбап алады. Ақ балтырын теңіздің бұйра толқындары шайып жатқан ару Ақтаудың көркіне көрік қосқан бұл керемет кешеннің ашылғанына көп уақыт өте қоймаған кез. Сыртынан тамсанып, «Шіркін, ішін бір аралап көрер ме еді!» деп, армандап жүрген көптің бірі едім. Алдымнан жарқ етіп ғажайыптар әлемі ашылды. Асықпай, көзімді тойдырып қарап алуға уақыт тығыз. Институт атқарған көп игілікті істің бірі — «Маңғыстау мұғалімдері» энциклопедиясының тұсаукесері өтетін залды іздеп, конференцияға жиналған ығы-жығы халықтың арасымен зулап келемін. Әріптесім Айгүл Иманәлиеваның жөн сілтеуімен лифтіге барып, лифт қызметкеріне 6-қабатқа баратынымды айттым. Ойымда ештеңе жоқ, жоғарыға көтерілемін ғой деп тұрсам, лифт төмен қарай зулай жөнелді. Сөйтіп, қонақ үйдің 6-қабатына түстім. Қабырғалары түгел әйнекпен қапталған залда өзіңді аквариумның ішінде жүргендей сезінеді екенсің. Әйнектің ар жағынан теңізде жүзіп жүрген балықтар бізге, «акваримда жүргендерге» үңіліп қарап өтіп жатқандай әсер етті.
Тұсаукесер «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры И.Т. Жұмағалиеваның құттықтау сөзімен басталып, «Маңғыстау мұғалімдері» энциклопедиясының электрондық нұсқасының таныстырылымы болды. Сондай-ақ, институттың құрылтайшылығымен №1 саны шыққан «Маңғыстау әдіскері» журналының да тұсаукесер рәсімі өтті.
«Болар істің басына, Жақсы келер қасына» демекші, алқалы жиынға көп жылдар бойы Маңғыстау облысының білім саласында мұғалім, облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтының директоры, облыстық білім басқармасының бастығы қызметтерінде болған ардагер ұстаз Ө.О. Озғанбаев, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Инновация және қоғаммен байланыс департаментінің директоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор А.М.Татенов, Тольятти қаласындағы Коммерция және құқық институты филиалының директоры, Ақтау қалалық білім беру әдістемелік үйлестіру орталығының бұрынғы басшысы, білім саласының ардагері А.О. Огнев, Білім беру жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру республикалық институтының педагогика және инклюзивті білім беру кафедрасының профессоры, педагогикалық ғылымдардың докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі К.Н.Сариева, 1990 жылдары облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында кабинет меңгерушісі қызметін атқарған ардагер ұстаз А.Б. Кельджанова, Ресей Федерациясы білім және мәдениет фондының директоры О.П.Корсун, «Өрлеу» БАҰО» акционерлік қоғамының Алматы қаласы бойынша филиалының мониторинг бөлімінің басшысы С.Т. Сәбит, «Өрлеу» БАҰО» акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалының деңгейлік бағдарламалар орталығы тренері Ұ.М.Смайлова, «Өрлеу» БАҰО» акционерлік қоғамының Павлодар облысы бойынша филиалының деңгейлік бағдарламалар орталығы тренері А.Р.Жүнісова, Атырау қаласы, №20 орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Каленова, «Өрлеу» БАҰО» акционерлік қоғамының Атырау облысы бойынша филиалының аға оқытушысы Н.Даулетова, «Өрлеу» БАҰО» акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалының оқытушысы Ж.С.Хайрушева, Маңғыстау облысының білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Е.К.Өмірзақ, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының директоры Қ.Қ.Боранбаева, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің қызметкері Н.С.Храмова арнайы келіп қатысты.
Шара аясында институт қызметкерлері Қ.Ы.Ванов пен М.С.Ордабаевтың біліктілік арттыру ордасының 40 жылдық мерейтойына арнап шығарған «Әдіскерлер ордасы» әнінің тұсауы кесілді. Облыстың ән-саз пәні мұғалімдерінен құралған хордың орындауында шырқалған, институтымыздың әнұранындай болған ән жүрегіміздің түбіне терең бойлап, төбе құйқамызды шымырлатты.
Конференцияда облысымыздың білім саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру саласында атқарылған ұзақ жылғы жемісті еңбек сараланды. Өткеннің өнегелі істерінен қанаттанып, біз, филиал қызметкерлері, сол сәт алға үлкен құлшыныспен қадам басқан едік. Осылайша құрылғанына 1 жыл ғана болған «Өрлеу БАҰО» акционерлік қоғамының зор қолдауының арқасында жоғары дәрежеде өткен, кең ауқымды шара алдағы жұмысымызға үлкен серпін берген еді.
«Тұлпар болар құлынды шабысынан танырсың» дегендей, құрылған күнінен бастап-ақ аяқ алысы нық болған «Өрлеу БАҰО» акционерлік қоғамы бүгінде жетістіктерге толы 5 жылды үлкен абыроймен жүріп өтті, үнемі аламан бәйгенің алдында, көш басында болды. Алдағы уақытта да осы биігің аласармасын! Өрлей бер, «Өрлеуім»!
Роза ЖҮСІПОВА,
«Өрлеу БАҰО» АҚ филиалы
Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ
Қоғаммен байланыс және баспа жұмыстары
жөніндегі бөлімінің бас маманы