Жақында Екібастұз қаласындағы №11 жалпы орта білім беру мектебінің оқушылары: Ғабиден Мариям, Рахмет Толганай, Тукенова Айым Астана қаласында өткен Халықаралық «Бала шабыты» байқауына қатысып, жүлделі орындармен оралды. Ән-күй пәнінің мұғалімі әрі жетекшілері Галия Кайырбековнаның айтуынша: «Бұл байқау — Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген өнерпаздарды біріктіріп, жаңа жұлдыздардың бағын жаққан керемет жоба» болған.
Байқауға «ҚР-ның Еңбек Сіңірген Қайраткері» Марат Омаров төрағалық етті. Тукенова Айым «Жаяу» әнімен, Рахмет Толғанай «Менің қазағым» әнімен екінші дəрежелі Диплом жəне кубоктармен марапатталса, Ғабиден Мариям «Алия» әнін шырқап, Бас жүлдеге ие болып, Англияда өтетін əн байқауына жолдама алды. Енді ол қаламыздың ғана емес, еліміздің де намысын қорғайтын болады.
Мариямға Париж бен аспан асты елдеріне қазақ өнерінің құдіретін паш еткен ұлы тұлғалар – Əміре Қашаубаев пен Димаш Құдайбергеновтың жолын берсін деп тілейміз!
Мадина КАМЗИНА,
№11 ЖОББМ-нің
10 «А» сынып оқушысы,
Екібастұз қаласы