Home » Білім және тұлға » Өнерлі қыз, өнегелі ұстаз

Өнерлі қыз, өнегелі ұстаз

Көрнекті тұлға Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» деген екен. Балабақша тәрбиешілері – қай кезеңде болсын ертеңгі елім деп еңірейтін нағыз ұрпақты тәрбиелеушілер. Бұл жолда үлкен ізденіс пен парасат қажет. Тәрбиешінің әр күні жаңалық ашумен, ертеңгі азаматты қалыптастырудағы жауапкершілікпен ұштасып жатады. Тәуелсіз елдің жас ұрпағын лайықты түрде тәрбиелеп жүрген тәрбиешілердің бірі – менің әріптесім, Павлодар қаласының №6 Сәбилер бақшасының тәрбиешісі Эльмира Ризадина. Эльмира Рымбекқызы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Айыр ауылында 1987 жылы дүниеге келген. Эльмира Рымбекқызы – жоғарғы білімді, екінші санатты ізденімпаз өнерлі де өнегелі ұстаз. Оқу-тәрбие үрдісін, білім мазмұнын жаңартумен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдерін тиімді пайдалану мақсатында алдына жан салмайтын Эльмира Рымбекқызы өзінің білімділігімен көптеген жетістіктерге жетті. Сөзімнің дәлелі ретінде әріптесімнің бірқатар жетістіктерін жазуды жөн көрдім.

Павлодар облысының білім беру саласын дамытуға қосқан зор үлесі, Инновациялық технологияларды қолданудың тиімді жолдары, Ахметов оқулары және тағы да басқа аймақаралық, республикалық семинарларға қатысып, сертификаттарға ие болды. Соның ішінде республикалық «Білім айнасы» газетінің сертификаты да бар. Эльмира — «2012 жылдың үздік тәрбиешісі» сайысының бас жүлдегері. Оның өнерпаздық қыры жеке бір төбе. Балабақшамыздағы мерекелік іс-шаралар, ертеңгіліктер Эльмирасыз өтпейді. Ертегілердегі кез келген кейіпкерді сомдайтын өнерлі қыз: «болашақта тәрбиеленушілерім жақсылыққа құштар, талантты, талғампаз болып, «бұлақтың көзін» ашып, биік белестерден көрініп жатса, өзімді ең бақытты тәрбиеші-ұстазбын деп білемін», — дейді Эльмира Рымбекқызы.

 

Назгүл Қайшыбаева

№6 мектепке дейінгі

                                                                                   мекеме тәрбиешісі,

Павлодар қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.