Home » Жаңалықтар » Өнерлі қыз, өнегелі жеңге

Өнерлі қыз, өнегелі жеңге

Кеше Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында облыстық «Өнерлі қыз, өнегелі жеңге» сайысы өтті. Орал қаласы мен 12 ауданның сайыскерлері қатысқан дәстүрлі байқауда Ақжайық ауданының намысын ту қылып келген Аружан Әділхан мен жеңгесі Арайлым Нетқалиева жүлделі бірінші орынға ие болды.

Халықтың мәдени мұрасын, ұлттық салт-сананы, қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлер мен құндылықтарға негізделген отбасы мәртебесін нығайтуды мақсат еткен сайысты Батыс Қазақстан облысы білім беру басқармасының «Өркен» косымша білім беру орталығы ұйымдастырды. Сайыс үш бөлімде өтті. Алдымен қатысушылар «Татулықтың паш етеміз үлгісін» кезеңі бойынша өздерін, жанұядағы берекелі дәстүрді таныстырса, «Сырласайық жеңеше» кезеңінде жеңге мен қайын сіңлі арасындағы салт-дәстүр, қоғамдағы мәселелер туралы сырласып, әдемі көрініс көрсетті. Ерке қыздың тәтті қылығы мен жеңгенің сабырлылық пен ұстамдылыққа шақыруы сахнада өзара үйлесім тапты. Отбасындағы татулық, дастархан әдебі, ибалылық жөнінде тағылымды ойлар айтылды. Наурыз мерекесімен тұспа-тұс өткен шарада сырлас жандар бірге әндетіп, күй де шертті. Мың бұрала билегендер де табылды.

Сырлы жеңге, ару қыз орындаған көңіл толқытқан шығармаларды ой елегінен өткізген қазылар жүлделі бірінші орынға ақжайықтық Аружан Әділхан мен жеңгесі Арайлым Нетқалиеваны лайық деп таныса, екінші орын Бөрлі ауданынан келген Рената Тәжиева мен жеңгесі Арайлым Мұқатоваға, казталовтық Жансая Мақсотова мен жеңгесі Айнұр Сұлтановаға берілді. Ұпайлары тең түскен Балжан Маратова мен жеңгесі Райхан Рахимова (Бөкей ордасы ауданы), Бану-Сара Нағым мен жеңгесі Жанар Ерғалиева (Жаңақала ауданы), Тұрсынай Досмаева мен жеңгесі Райхан Ташенова (Сырым ауданы), Сабрина Кужиева мен жеңгесі Назгүл Кужиева (Шыңғырлау ауданы) үшінші орынға ие болды.

– Байқау үш жыл бұрын қолға алынды. Мақсатымыз – қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын одан әрі жалғастыру. Жеңге мен қыздың арасында жақсы қарым-қатынас, басқа адамға айтылмайтын жақсы сырластық болған. Осы ата дәстүрімізді ұл-қыздарымыз келесі ұрпаққа жеткізуі керек. Бүгінгі шарада қайын сіңлі мен жеңгенің жарасымын қатысушыларымыз жақсы көрсетті. Лайым осы үйлесімділік басқаларға үлгі болсын деген тілегіміз бар,  – дейді облыстық білім беру басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева.

Эльмира НҰҒМАНОВА,
Орал қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.