Қосымша білім беру ізденімпаз жастарға шығармашылығын дамыту, олардың қабілеттерін іске асыру, қоғам өміріне бейімделу мен азаматтық сана-сезімін, жалпы мәдениетін, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру үшін жағдайлар жасауды көздейді. Балаларға қосымша білім беру, тәрбиелеу мен оқыту үрдісі – үздіксіз білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі. Мектебіміздің миссиясын жүзеге асыру мақсатында зияткер оқушының бойында салауатты өмір салтын қалыптастыру, шығармашыл, дарынды, сыни тұрғыдан ойлай алатын, жаңашыл, ізденімпаз ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген дарынды ұрпақ тәрбиелеуде үйірме жұмыстарының алатын орны ерекше. Мектебімізде бірнеше үйірмелер мен клубтар түрлі бағыттарда жұмыс жасайды. Атап айтқанда оларды шартты түрде:
Пәндік-интеллектуалдық;
Көркемөнер өнері;
Шығармашылық даму;
Техникалық-шығармашылық;
Спорттық үйірмелер деп бірнеше топтарға бөлуге болады.
Пәндік-интеллектуалдық үйірмелер оқушылардың қабілетін математика, физика, химия, биология, география пәндерімен ұштастырып, оқушыны зерттеу мен ғылымға шабыттандырады. Тілдік пәндерге бейімі бар оқушылар болса, Wikipedia, Ted x жобалары арқылы бағыт-бағдар ала отырып мақала жазу, сыни түрде ойлау, бірегей идеяларды қолдану арқылы ораторлық қабілеттерін дамыта алады.
Зияткер тұлғаны дәстүрлі халықтық және халықаралық көркемөнерге тартуда шығармашылық үйірмелердің жұмысы маңызды рөл атқарады. Түрлі халықтық билерді орындау, аспаптарда ойнау, әр тілде ән айту, драмалық көріністерді сомдау оқушының сұлулықты сезініп, жалпы эстетикалық дамуына, топта жұмыс жасай алуы мен шығармашылығының артуына мүмкіндік береді.
Үйірме жұмысының іс-тәжірибесіне көңіл аударар болсақ, көркемөнер шығармашылықты шыңдауға, өнер тілін түсінуге, ұлттық қолөнерді насихаттауға бағытталған. Шығармашылық қабілеті дамыған оқушы кез келген істе мақсатқа жетуге мүмкіндігі зор. Жасалынған өнер туындылары әртүрлі сайыстарға, көрмелерге, қайырымдылық іс-шараларға ұсынылады. Бұл жас таланттың әрі қарай қанат жаюына үлкен жол ашады.
Бүгінгі заман – бәсекелестік пен жоғарғы технологиялар заманы, яғни ғылым мен білім заманы. Сондықтан да техникалық-шығармашылық үйірмелердің мектебімізде алар орны ерекше. Бұл бағытта инженер, бағдарламалаушы мамандықтарына бейімдеуге 3D модельдеу, бағдарламалау, авиамодельдеу, робототехника үйірмелері өз үлесін қосуда. Зияткер оқушылар бос уақыттарын тиімді пайдаланып, техникалық-шығармашылық үйірмелерге үлкен қызығушылықпен қатысады.
Салауатты өмір салтын ұстану – өскелең жастардың басты қағидасы. Жастардың спортқа деген қызығушылығын ояту үшін түрлі спорттық секциялар ұйымдастырылған, шынығуға арналған жаттығу залдары мен заманауи футбол, волейбол, баскетбол алаңдары ойластырылған. Мұндағы мақсат – оқушыны салауаттылыққа, төзімділік пен табандылыққа ынталандыру.
Бүгінгі таңда мектебіміздің негізгі мақсаттарының бірі жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын мұрат тұтқан дара тұлғаларды тәрбиелеу болып табылады. Өскелең ұрпақты жаңашыл тұлға ретінде қалыптастыруда, мамандыққа қызығушылығын арттыруда, кәсіби еңбекке бағыттауда үйірме жұмыстарының маңызы зор. Себебі болашағы нұрлы елді ілгері апаратын да сауатты, білімді, дені сау, жан-жақты дамыған, егемендігіміздің туын ұстайтын – өресі биік жастар!
Умарова Анар Әшірбекқызы,
Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы
НЗМ-нің педагог- ұйымдастырушысы