«Бала тілі – бал», «Өнерлі бала өрге жүзер», «Адам болатын бала алысқа қарайды».. Айта берсек, бала туралы мақал-мәтелдер көптің қасы. Ата-бабамыз бұндай сөздерді бекер айтпағандығын да байқап жатамыз. Бала дарынды, өнерлі, талантты және жан-жақты болса, оған да таңқалмасқа болмас. Сондай жас таланттардың бірі – Ақтөбе қаласының кішкентай ғана тұрғыны, Қадіржан Шамшырақ Русланқызы туралы әңгіме қозғайтын боламыз.
Өзі 5 жаста, өзі әнді де айтады, би билейді, мәнерлеп өлең оқиды, одан қалды жергілікті телеарнада балаларға арналған бағдарламада тележүргізуші болып та жүр. Таңқаларлық па?! Әрине! Анасы Ақмаржан Оразқызының айтуы бойынша, 2 жасында тілі шыға бастаған Шамшырақ ән айтуға құмар болыпты. Естіген әнін бірден жаттап алады, көргеніне қызығушылық танытып, білмегенін сұрап алатын әдетін байқаған анасы баламен жұмыс жасауға толықтай беріледі. А.Құнанбайұлы, Ы.Алтынсарин, М.Мақатаевтың шығармаларымен де таныстырған. Көлемі үлкен өлеңдерді де бірден жаттап алады.
«Балаға көбірек көңіл бөліп, бойындағы дарынды дамытуға көп еңбек пен уақыт керек» — деген анасы көп ұзамай кішкентай Шамшырақты «Театр, театр, театр…» атты өнер студиясының вокал үйірмесіне тапсырады. Бір ай бойы вокалдан сабақ алып жүрген Шамшырақ Астана қаласында өткен «Сиқырлы микрофон» атты халықаралық ән фестивалінде басты жүлде 1-орынды иеленеді. Бір айдағы көрсеткен нәтижесі – осы. Тамаша! «Ән айту нағашы атасынан дарыған өнер» — дейді анасы. Өнер студиясының жетекшісі Бақытгүл Бақытжанқызының айтуы бойынша, «Өнерлі бүлдіршініміз – өте жауапты, нағыз талант, конкурстарға дайындық барысында материалдарды өзі таңдап ұстаздармен ақылдасатыны да бар…».
Мектеп табалдырығын әлі аттай қоймаған бүлдіршініміз сәл-сәл әріптерді де танып келеді, онымен қоса ағылшын тілін де меңгере бастапты. Иә, бұл балақайымыз осындай қабілеттерімен көзге түспей қоймасы айдан анық. Адамдармен тез тіл табысады, ақкөңіл, өзі қазақилыққа құмар екен. Десе де адамдарды ұлтына бөлуге болмайтынын өзі де айтып өтті. Мінекей, ойын еркін жеткізе біледі осылай. Телетүсірілім барысында да камера алдында өзін еркін ұстап, өз ісінің шебері, нағыз тележүргізушідей көрсетеді. Тіпті кей-кездері түсірілім ұзақ уақытқа созылған кезде «шаршадым» деген сөзді мүлдем айтпайтын көрінеді.
Өзінен кіші биші сіңлісі бар екен, бос уақытында би қимылдарын бірге қайталап, арасында үйретіп қояды. Өнерлі Шамшырақтың ерекше арманы да бар. Ол – елбасымен кездесу. Ендеше, арманың орындалсын дейміз! Қазіргі таңда бүлдіршініміз жуық арада өткелі жатқан конкурсқа қарқынды дайындық жүргізіп жатыр. Конкурс би билеу, мәнерлеп оқу, ән айту номинациялары бойынша Шымкент қаласында өтеді. Шамшыраққа тек сәттілік тілейміз!
Шырағың сөнбесін, өнерлі балақай!
Жәнібек Қуаныш
Білім айнасы
Ақтөбе қаласы